Ол алғашқы кездері Ново-Псковск жеріндегі аэродром қызметінің 466-батальоны құрамында түрлі міндеттер атқарады. Яғни, ұшақтарға жанармай құю, көлемі үлкен жылжымалы шам мен фашистерге қарсы стратегиялық қаруларды күтіп ұстау қызметін ұйымдастыру ісіне де Анна Васильевна ер азаматтарша атсалысады.
Кейіннен, 1943 жылға қарай А.Павлова 16-шы Әуе армиясына аэродромдық қызмет көрсетуші 319-батальонға ауысады. Бұл жерде де ол әскери тапсырмадан оралған ұшақтардың пулеметін шешіп алып, тазалап, ауыстырып, оның лентасын оқ-дәрімен толтыру ісімен тынымсыз айналысады. Тіпті, ұшақ аккумуляторларын тоқ көзімен қуаттандыру жұмыстары де осы А.Павлованың міндетіне кірген екен. Қан майдандағы қара жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқара жүріп, Анна Васильевна «Морзе» әліпбиінің негізін оқып, үйренеді де көп кешікпей байланысшы міндетін атқаруға кіріседі.
Дон, Сталинград, Беларусь майдандарының бел ортасында болған Анна Васильевна Польшаны азат етіп, Берлинді алу кезіндегі қан қасапқа да қатысады. Жастық ғұмырының біраз бөлігін оқ пен оттың ортасында өткізген. Анна Васильевна, тіпті, Рейхстаг қабырғасына есімін өз қолымен қырнап жазған қыздардың бірі екен. Ол майданда көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», т.б. медальдармен марапатталған.
Жаны жайсаң бойжеткен қандай қиын кезеңдер болса да үнемі жайдары жүретін. Оның мұндай мінезінің ұшқынын қаруластары оның өлең жазуға құштарлығымен байланыстыратын. Өйткені, сұрапыл соғыс жылдарындағы бір сәттік демалыс кезінде сарбаздар сырнай тартып, ән салып, би билейтін. Осындайда Анна Васильевна қарап қалмай, жүрек қылын шертетін нәзік иірімдерге толы өлеңдері мен қоса, отты өлеңдерін де оқып, жауынгерлердің жігерін жанитын. Отанға деген сүйіспеншілігін осылайша өлең жолдарына сиғызған қыз, Ұлы Жеңістің жақындауына өзіндік үлесін қосқаны сөзсіз.
Бейбіт заман орнаған кейінгі жылдарда Анна Васильевна коммунистік партия қатарына қабылданып, елі үшін аянбай еңбек етті. Солай десек те, оның өмірі «В бой идут одни старики» деп аталатын көркем фильммен астасып кеткендей әсер қалдырады. Себебі, соғыс жылдарындағы ұшқыштардың өмірі мен ерлігін баяндайтын бұл кинодағы оқиға желісі кейіпкеріміздің көзбен көріп, бастан өткерген оқиғалары еді.
«Менің өмір жолым осы киномен өрілгендей. Оны әр көрген сайын көзге жас алмау мүмкін емес. Сол жылдарда менің жастық жалыным мен бал-бұл жайнаған балғын күндерім қалды. Бұл кинотуынды маған сонысымен де қымбат», – дейді А.Павлова.
Анна Васильевна тың игеру жылдарында біздің елімізге келіп, тұрақтап қалды. Пошта байланыс бөлімінде зейнеткерлік жасқа дейін жұмыс істеген ол бүгінде сөзі нық, қимылы ширақ қарт майдангерлер қатарында.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА