Мерейлі мереке қарсаңында қарағандылық қайсар қыздың бірқатар жетістіктерін жұртқа паш етіп, әскери сарбазды соңынан еріп келе жатқан болашақ жас жеткіншектерге үлгі етуді жөн көрдік.
Жалпы, Толқын Бәкіжанова жайлы әңгіме қозғамас бұрын қолына қару ұстап, әскерде қызмет ететін қыз-келіншектер жайлы аз-кем айта кеткен жөн. Оңай шаруа болса, екінің бірі, егіздің сыңары осы мамандықты меңгере қояр еді. Ең алдымен, аталған ауыр жолды таңдаған әйел затында мінез болу керек шығар. Қайтпас қайсарлық, өшпес өжеттілік сарбаз сұлуларға ең асыл қару болса құп. Бұл тұрғыдан алғанда, Толқын − топырағы текті, сүйегі асыл, тәрбиелі отбасынан шыққан үлгілі ортаның қызы. Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тумасы болғандықтан, оның тектілігі тамырында, қазақылығы қанында деп білеміз. Ол, сондай-ақ, мерген. Мерген болғанда да кіл сұрмергендер жиналған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің екі ірі сайысында нысана көздеуде бас жүлдені бермеген иеленген екі дүркін чемпион. Бұл – жиыр-
ма тоғыз жастағы Толқын Бәкіжанова үшін толайым табыс, жақсы жетістік екені сөзсіз.
Мамандығына адал мерген қыз 2007-2011 жылдары аралығында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қаржыгер мамандығын алып шыққан. Отбасындағы ортаншы қызды анасы басында дәрігер болса деп армандапты. Дегенмен, бала кезде оянған әскери сарбаз болу қиялы бәрібір осы жолға жетелеп алып келді.
−Алғашқы кездері бұрын маған таныс емес әскери тәртіпке үйрену қиындау болды, – дейді біздің кейіпкеріміз. – Себебі, армияның тәртібі өзгеше. Ал тәртіпсіз әскер болмайды. Мысалы, он жыл бұрынғы жауынгер мен қазіргі жауынгердің арасының өзінде айырмашылық бар. Бірақ, қазіргі әскерилердің жауынгерлік әлеуеті едәуір жоғары. Өйткені, жоспарлы түрде өткізілетін жыл сайынғы жауынгерлік даярлыққа арналған оқу-жаттығулар үлкен кәсіби деңгейде өтуде және заманауи әскери технологияларды меңгеруде. Білім әдістемесі және әскери технологиялар өзгерген сайын жауынгер біліміне талаптар жоғарылайды, – дейді Т. Бәкіжанова.
Жалпы, патриоттық тәрбие дегеніміз тек Отанға деген жалаң сүйіспеншіліктен тұрмаса керек. Бұл отбасындағы үлгі-өнеге мен мектептен басталатын мінсіз қызметке де байланысты екені сөзсіз. Біздің сұлу сарбазымыз да осы сөзімізді қуаттай түседі.
Әскерде тек қара күш емес, біліктілік керек. Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген жоқ па еді, әскери әйелдер де еліміз Қарулы Күштерінің көптеген саласында қызмет етіп, ер-азаматтардан еш қалыспай, оқу-жаттығуларында алдыңғы қатарда жүр. Оның үстіне, әскерде сен әйелсің, сен еркексің деп бөлмейді. Бәрі қару ұстаған Отан қорғаушылар. Толқын Бәкіжанова солардың бірі.
Толқынға иығыңдағы жұлдызың мен биігіңдегі жұлдызың қатар жарқырасын демекпіз.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»