Аймақтар • 16 Мамыр, 2017

Биыл Ақтөбе облысында 641 мың гектар жерге егін егіледі

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданындағы бірқатар шаруа қожалығына барып көктемгі егіс науқанымен танысты, ауданның ауыл шаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Биыл Ақтөбе облысында 641 мың гектар жерге егін егіледі

Биыл Ақтөбе облысында 641 мың гектар жерге егін егу жоспарланған. Егіс алқаптары 2016 жылмен салыстырғанда 74,2 мың гектарға ұлғаятын болады. Дәнді-дақылдар егуге 383,9 гектар жер белгіленген. Ауа райы қолайлы болған жағдайда 480 мың тонна астық жиналады деп болжануда.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында егін егу жұмыстары белсенді жүруде. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша өңірдегі ауыл шаруашылық құрылымдары көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін сапалы тұқымдық материалдармен, техникамен және жанармаймен толықтай қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, ҚР АШМ бөлген 8,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны Ақтөбеге толық мөлшерде жеткізілді.

Айта кету керек, ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірдегі егін егу жұмыстары кешеуілдеп басталды. Алайда, Қарғалы ауданының шаруалары мамыр айының аяғына дейін бұл жұмысты аяқтап үлгеретіндіктеріне сенімді. Облыс әкімінің аудандағы ірі шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесуі кезінде сондай-ақ, егістікке сапасы екінші санаттан төмен емес тұқым себілетіндігі айтылды.

"Ең бастысы – егіс салу мерзімін созбау, қазір сіздер бар күштеріңіз бен қорларыңызды көктемгі егін егу науқанын уақытында аяқтау үшін жұмсауларыңыз керек. Тұқымның сапалы болуы – өнімді мол алудың кепілі. Бұл мәселе талай айтылды. Ендігі жауапкершілік аудан әкімінен сұралады. Азық-түлік қауіпсіздігін жүзеге асыруда негізгі күш ауыл ауыл шаруашылығына түседі. Сондықтан біз егіс алқаптарын ұлғайтып, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз. Шаруа қожалықтары топырақ құнарлылығын сақтай отырып, тыңайтқыштарды пайдалану, алқап өнімділігін арттыру, техниканы жаңғырту жұмыстарымен де шұғылдануы тиіс. Қазіргі кезде осы шаруалардың барлығына мемлекеттік қолдау тетіктері енгізілді, мәселе – соларды тиімді пайдалануда", деп атап көрсетті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев сонымен қатар, көп салалы шаруашылықтардың дамуы үшін мүмкіндіктері мол екендігін айтып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндердің егіншілікпен қатар, мал шаруашылығымен де айналысулары қажет екендігін айтты. Аудан басшылығына жұмыс істеп тұрған ауылшаруашылық кооперативтерінің тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығының осы өңір үшін дәстүрлі емес түрін дамыту шараларын қабылдау тапсырылды.

Кездесу барысында пайдаланылмаған суармалы жерлерді игеру мәселесі көтерілді. Биыл облыстағы суармалы жерлер алаңын 3,2 мың гектардан 21,5 мың гектарға дейін кеңейту жоспарлануда.

"Суармалы жерлер Қарғалы ауданында көп. Өкінішке қарай, олардың жалпы аумағының 33%-ы ғана айналымда. Біз азық-түлікті көп беруге мүмкіндігі бар суармалы жерлер алаңын барынша кеңейтіп, малды жем-шөппен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын құруымыз керек. Жалпы, облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда сіздерде ауылшаруашылығын жүргізу үшін жағдай жақсы. Егер барлық әлеует пайдаланылса, Қарғалы ауданы жалпы Ақтөбе аумағын негізгі ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етер еді", деді облыс әкімі.

Кездесуді қорытындылаған Бердібек Сапарбаев оған қатысушылардың барлығын, соның ішінде аудан басшылығын «Туған жерге тағзым» акциясына қатысып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктердің баспанамен қамтылуына қолғабыс етуге шақырды.

 

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы сондай-ақ, Қарғалы ауданының бірнеше елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысымен, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрлысымен танысты. Соның ішінде, облыс әкімі Ш.Қалдаяқов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның қызметімен танысып, мекеме басшылығына жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.