Оның ішінде дәнді дақылдар 2,9 миллион гектар алқапты құраса, майлы дақылдар көлемі – 712,2 мың гектар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметтерге қарағанда, астық өндірісін әртараптандыруға баса маңыз беріліп, майлы дақылдар 200 мың, бұршақ тұқымдас дақылдар 53 мың гектарға көбейген. Биыл қант қызылшасы да өсіріледі. Қажетті 65 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз етілген.
Астық танаптарын аралап шыққан аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жауапты науқанды өз деңгейінде атқаруға барлық жағдайдың жасалғанын, су тасқыны ешқандай кедергі келтірмейтінін атап көрсетті.
«Көкөністерді көбірек өсіруге баса көңіл бөліп отырмыз. Оңтүстік жақтардан тасымалдамай, өз мүмкіндігімізді тиімді пайдалануымыз керек. Азық-түліктің жеткілікті қорын қалыптастыру айрықша бақылауда тұр. Ол үшін агроөнеркәсіп саласын дамытудың тұжырымдамасын жасауға тапсырма берілді. Рентабельді дақылдар өсірумен шұғылдануға бетбұрыс жасайтын боламыз», деді Құмар Іргебайұлы.
Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарына 30 мыңға жуық ауыл шаруашылық техникалары жұмылдырылып, қырдағы қарбалас кең өріс алған. Шалғайдағы Уәлиханов ауданы мемлекеттік қолдаудың арқасында жылда бітік астық өсіріп келеді. Биылғы құлшыныстары тіпті жоғары. Алқаптарда ылғал сақтау, топырақты өңдеу шаралары тыңғылықты жүргізіліп, енді 265 мың гектар жерге дән сіңіруге қызу кірісіп кеткен. Сол сияқты Қызылжар ауданының аграршылары заманауи технологияларды өндіріске енгізу, техникаларды жаңарту есебінен мол өнім негізін қалап жүр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша майлы дақылдар көлемі жөнінен төртінші орынға табан тіресе, биыл алға біртабан жылжығаны байқалады. Ал майлы дақылдар ішінде рапс, зығыр, күнбағысқа едәуір басымдық берілген.
«Биыл 198 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастыру жоспарланған. Майлы дақылдар үш мың гектарға ұлғайтылды. «Зенченко және К» командиттік серіктестігі алғаш рет қазақстандық жаңа элиталы сорттар өсіру тәжірибесін енгізбекші. «Есіл» несиелік серіктестік құрамына енетін шаруашылықтарға минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер, жанар-жағармай материалдарын сатып алуға жеңілдіктер қарстырылған. 32 қатысушыға 519 миллион теңге несие берілді», дейді Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өмірбай Омаров.
Синоптиктердің болжауынша көктемнің соңғы айы құбылмалы болатын түрі бар. Осыны ескерген солтүстікқазақстандық аграршылардың бар күш-жігері мен жинақталған мол тәжірибесі алқаптарға дән сіңіру жұмыстарын өз мерзімінде аяқтап шығуға бағытталған.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»