17 Мамыр, 2017

Әскерін алып кетемін деп еді...

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақын күндері Пентагон АҚШ президенті Дональд Трампқа өз­де­рі тарапы­­нан дайын­далған Ау­ған­­стан­­ға қатысты жаңа стратегия­сын ұсын­бақ. Стратегияда «Ислам мемлеке­тін» (Қазақстан­да тыйым салынған) талқандау және «Талибан» қозғалысының шабуыл­дарын тоқ­та­ту үшін Ауғанстанға америка­лық­тардың қосымша әскери континген­тін жіберу көзделген.

Әскерін алып кетемін деп еді...

Соғыс қимылдарын көз алдыңа елестететін әскери мақсаттағы мұндай стратегия жайдан-жай әзірленбейді. Оның түп негізінде көпшілікке белгісіз мүдделер қақтығысы мен мүдделер бәсекелестігі жатады. Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсердің сөзіне қарағанда, Д.Трамп генералдардан исламшылармен күресудің іс-жоспарын ұсынуды сұраған. «Ол өз командасы мүшелерінен алға қойған мақсатқа жету үшін қазіргі қауіп-қатерді тәртіпке келтірудің стратегия­сын жасау қажеттігін талап етті», − дейді Ш. Спайсер осы мәселе жөнінде.

АҚШ президенті Д.Трамп өт­кен жылғы президенттік сайлау нау­қаны кезінде Ауғанстан проблемалары­на байланысты басқаша пікір біл­дір­ген еді. Ол АҚШ әскерлерінің Ауған­станнан кететін уақыты жет­кенін, АҚШ Ауғанстанға жыл са­йын он­даған миллиард доллар қаржы шы­ғын­дап жатқанын айтқан болатын. «Мені Ауғанстаннан бұрын өз елім қы­зықтырады, − деген еді сонда ол. – Бұл елде біз мектептер мен жолдар сала­мыз. Оларды жарып жібереді, қай­­та сала­мыз, тағы жарып тастайды. Бәрінен бұрын сол соғыстан өз үй­леріне оралған жастарға қиын. Өйт­кені, олар өмірден өз орнын таба алмай, әуреге түседі. Қанеки, біздер Ауғанстанды емес, АҚШ-ты қалпына келтірейік».

Дональд Трамп президенттікке кандидат болмай тұрған 2013 жылы ауған проблемасын шешудің жолын ұсынған еді. Сондықтан да Кабул билігі оның президент болып сайлануын және оның шешімін асыға күтті. Бірақ, АҚШ-тың жаңа басшысының ұйғарымы жоғары­дағыдай болды. Егер Ауғанстанға қатысты стратегияны Ақ үй басшы­лығы мақұлдаса, онсыз да ондаған жылдар бойы оқ пен оттың арасында өмір сүріп келе жатқан бейбіт тұрғындарға қиын соғатыны анық. Өйткені, арнайы жіберілген америкалық әскерилер де, «Ислам мемлекеті» мен «Талибанның» содырлары да ауған жерінде қарап жатпайтыны белгілі.

Бұл жерде мәселе АҚШ-тың Ауған­стан­ға қанша әскер жөнелтетінінде  және олар­дың қандай операцияларға қатысатынында болып отыр. Кейбір ақпараттар бойынша, Ауғанстанға жіберілетін әскерилердің саны 5 мың адамды құрайды. Қазіргі кезде бұл елде АҚШ-тың 8,5 мың, НАТО-ның 4,5 мың әскериі бар. Олар бірлесіп, ауғанстандықтардың ғана емес, бірқатар елдердің де «бас ауруына» айналған «Ислам мемлекеті» мен «Талибан» қозғалысының күштеріне қарсы аяусыз күрес жүргізбек.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде Ауғанстан армиясы ұрыс қимылда­рында біраз қиындықтарды басынан кешіруде. Мысалы, өткен жылы олар жараланғандарды қоспағанда, 6,8 мыңдай адамынан айырылған. Көктем келіп, ауа райы жылына салысымен үкімет әскер­лері мен талибтер арасында қарулы соғыс қыза түсетіні бар. Оның қыза түсуі есірткі саудасына тікелей байланысты. Бұл үрдіс жылда қайталанады. Жақында, яғни 7 мамырда Құндыз провинциясындағы Калай-зал уезіне бақылау орнату толықтай талибтерге көшті. Құндыз провинция­сы губернаторының баспасөз хатшысы М.Акбаридің мәлімдеуінше, олар бірнеше бағыт бойынша шабуыл жасаған. Сарбаздар мен полицейлер барынша қарсылық көрсетсе де, көмек – күшті күтпестен шегінуге мәжбүр бол­ған.

Жалпы, «Ислам мемлекеті» де­ген­­­ді түбірі­нен құртпай, біраз ел­ге ты­ныш­тық орнамайтыны анық.  Бұл мәселе Пентагон басшысы Д.Мэт­тис­тің Дания астанасы – Копенга­генде «Ислам мемлекетіне» қарсы соғы­сып жатқан 14 елдің әскери басшы­лары­мен кездесуінде де сөз болды. Кездесу қорытындысы бо­йын­ша өткен бас­пасөз мәслихатында Д.Мэт­тис Ауған­станда өздерінің «ай­тар­лық­тай те­геу­рінді қарсыласпен бетпе-бет ке­ліп отырғанын» жасыр­май, ашық мәлімдеді. Соған қарағанда, Ауған­станға қосымша әскер жіберілетін күн алыс емес сияқты.