Қазақстан • 17 Мамыр, 2017

Сайын даладай Сайын аға

438 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Менің екі ақсақалым бар еді, бірі – Алатау баурайында, бірі – Анапа қаласында. Алатау бөктерінде, Қарғалы кентінде тұрған Сайын ақсақал бұл дүниенің базарынан қайтқалы қырық күн болыпты. Қара теңіз жағасында, Анапа қаласында тұратын Анатолий ақсақал «жетімсіреп» (өз сөзі) қалғалы да сонша күн болған екен. Өзі де, сөзі де, түр-тұлғасы да сайын даладай мол пішілген Сайын аға әріптестерінің де әкелеріндей көретін асқары еді. Бұл қос қария – қатар қартайған қаламдас дос, баспасөздегі томағамды сыпырған тәлімгер ұстаздарым болды.

Сайын даладай Сайын аға

...2002 жыл. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­теті журналистика факультетінің 2-курс студентіміз. Бірінші курста беттетпеген біраз редакциялар­дан қалғанын бетке ұстап тағы «жортуылға» шықтық. Қазақ газет­тері босағасы қақырап сөгіліп жат­қан, қабырғалары дүние жүзі­нің жаңадан сызылған саяси картасындай ала-құла, тозығы жеткен ғимараттарда ілдәлдалап оқыр­ма­нына жетіп жатқан кез болатын. Осы басылымдардың біріне жұмысқа тұру – бізге биік арман. Сондай сарсылған сенделістен келе жатқан күндердің бірінде «Олимпиа­лық даярлау орталығы», «Sport&ks» газетінің редакциясы» деген тақтайшаны байқап қалдым. Дереу басқышпен жоғары көтерілдім. Жабық екен. Көңілге түйіп алған соң ертеңіне тағы келдім. Бас редактор Несіп Жүнісбаев аз-кем сұрақтан соң жетектеп жапсарлас бөлмеге келді. Төрде – алпамсадай ақсары жүзді аға. Қапталында – бурыл шашы бұйраланған егде орыс. Төрде түйісіп тұрған осы екі үстелге жеткенше тағы біраз адам бар екен. Бірі шұқшиып жазу жазып, бірі бет оқып отыр. Автоқалам әлі аттан түспеген кез. Бір келіншек сатырлатып жалғыз компьютерді сабалайды.

– Сайын Тұрсынов деген ағаңды танитын боларсың? – деді сымдай тартылып, сыпадай болып тұрған Нес-аға.

Басымды шайқадым. Бас редактор да бас шайқады. Алпамсадай аға күлімсіреді. Күлгенде көздері сәл сы­ғы­р­айғанымен ерекше жылы ұшырайды екен. Бір мейірімділік еседі.

– Мына қара баланы өзіңізге тапсырдым, жақсылап жұмсарсыз, тәрбиелерсіз, – деді де қаққан қазықтай қаздиған Нес-ағамыз жылдам басып шығып кетті.

Осы редакция журналисти­кадағы тұсауымды кесті. 2003 жылды қарсы алатын Жаңа жыл түнінде студент-журналист аузынан буы бұрқырап Алматының жаңа алаңында тұрды. Жаңажылдық марафонды жазбақ. Жазу үшін бірге жүгіру керек. Түнгі сағат 12-ге 10 минут қалғанда Республика алаңынан Орталық стадионға дейін жүгіретін марафоншылар қатарында дүрмекке қосылып кеттім. Сәтбаев көшесімен құлдилай бере-ақ өкпем өшті. Политехқа жете бере қалып қойдым. Не керек, стадионға жеткенімде марапаттау сәті де аяқталып қалыпты. Десе де, ертеңінде газетте репортажымыз таныстыру суретімен бірге шықты. Сол сәттен бастап қос ақсақалдың алдында құлдыраңдап еркеледім де жүрдім. Қос тілде шығатын газеттің бас редакторының орынбасарлары, қазақ редакциясына жауапты – Сайын Тұрсынов, орыс редакциясына жауапты – Анатолий Пятибратов екен.

Сайын аға өте қарапайым, мі­незге бай, бекзат адам болып шық­ты. Репортаж, сұхбат, суреттеме деген дүниелерді қалай жазуды, тіп­ті тақырып қоюды, редакциялау­ды үйретті. Әңгімешіл. Кеңк-кеңк күлгенде айналасына нұр шашатын аурасы ғажап. Тұстастары Жай­саң­бек Молдағалиевтар туралы айт­қанда, жетпісінші жыл­дар­дың жай­ма-шуақ жазына барып қайт­қан­дай әсер аламын. 1959 жылы ашыл­­ған «Спорт» газетінде табан аудармай 40 жылдан аса еңбек етіп келе жатқанын (барлығы 50 жыл жұ­мыс істеді) естігенде ерекше орнықтылығы мен шыдамдылығына таңғала­мын. Кеңес дәуірі кезінде ең ірі ти­ражбен таралған газеттің (360 мың!) тілшісі ретінде КСРО картасынан көзді жұмып көрсеткен кез келген нүктеге барған. Спортты жазып қана қоймай, спортпен шұғылданған да. Әйгілі Әбдісалан Нұрмахановпен бірге жаттыққан ІІ разрядты бокс­шы. Альпідегі Монблан шыңы­на шыққан тұңғыш қазақ. 5 мың метр биіктікте үсігеннен қалған қолындағы дақтарға қараймын. Мақтан сүймейтін ағамыз шешіле қоймайды. Шың басына бірге көтерілген француз сұлуының жылдар өткенде Еуропадан альпинист күртешесін сыйға салып жібергенін ғана айтқан-ды.

Лермонтов театрының жанын­дағы кеңестік архитектурамен салынған кең үйінде жары Роза Кәрім­қызы екеуінің кенжесін­дей аунап-қунап қайтамын. Тіпті, қонышымнан қар саулап жүрге­німде қысқы бәтеңкеге дейін алып беріп, қамқорлық көрсетеді. Екі қарт журналист жаяу жүрудің, бассейнге жүзудің шебері. Қаржы қолбайлау болған жылдарда редакция қызметкерлеріне бассейнге, жаттығу залдарына, демалыс үйлеріне тегін абоненттік карта алып беруге септігін тигізгені де Сайын ақсақалды барлығы сый­лай­тынының бір көрсеткіші сияқты. Анатолий аға «Самалда» тұратын да, екеуі біраз жерге дейін жаяу жүріп баратын. Әңгімелері таусылмайды. Әсіресе, Анатолий ағаның аузына тыным болсашы. Сайын аға сөзуар досынан еш запы болмаушы еді. Езу тартып қойып, екілене айтар әңгімесін тыңдай бере­тін. Біздің балаң әңгімелерімізге де балаша мәз бола құлақ қоятын. Сосын асықпай ақылын айтар еді. Редакцияға Сұлтанғали Қаратаев, Рабат Жәнібеков сияқты қарт комментаторлар келеді. Олармен де емен-жарқын сөйлеседі. Мінезі шәлкем-шалыс қызметкерлермен де тіл табысады. Қысқасы, редак­цияның барлық қызметкері, сырттағы авторларына дейін сыйлады, құрметтеді, төбелеріне көтереді. Содан да болар, зейнетке шықса да біраз жылдар редакция жүгін көтерісті. Шәкірттерін мақтан тұтатын. «Біздің Бейсенжан» (Бейсен Құранбек), «Біздің Аман­жан» (Амангелді Сейітханов), «Біздің қыз» (Бибігүл Жексенбай) деп әрқайсысын аузынан тас­тамай айтады, әр шәкіртінің көріне бастағанына, өрлей бастағанына рия­сыз қуанады.

Оқу бітірген соң біраз жылдар Сайын ағаны жоғалтып алғаным, шынын айтқанда «жоғалып кеткенім» рас. Ал Анатолий ағамыз Ресейдің Краснодар өлкесін­дегі көрікті курорт Анапаға, ұлы Сергейдің қолына көшті. Әлеу­меттік желіден мені тауып алып, хат жазған да сол тынымсыз ағамыз. Сол кісінің қозғауымен үш жыл бұрын Сайын ағамды арнайы іздеп бардым. Алматының іргесіндегі Қарғалы кентінде туып-өскен үйіне қайта оралыпты. Бау-бақшасы бар. Оны скайппен орыс досына аралатып көрсетеді. Кәдуілгі мамыражай тіршілік кешіп жатыр екен. Айтпақшы, осы үйдің жартысы атақты классик Ғабит Мүсіреповтің гаражының кірпішінен қаланған. Бұл да бір қызық хикая. Ғабеңнің гаражын Сайын аға сатып алып, бұзуға жіберер кезде әр кірпішін аялап үйіне алып келген. Сол баяғы сұңғақ қалпын сақтағанымен, осы жылдар ішінде ашаң жүзінде қамырық ізі пайда болыпты. Үлкен ұлы Өзбекстанда елші болып еңбек ететінін мақтан қылатын. Бауыр еті баласынан айырылған, жүрегіне қаяу түскен, артында қалған немерелерімен көңіл жұбатып отырған сәті екен...

Тағы біраз уақыт өткенде қызым дүниеге келіп, шілдеханаға үй ішімен шақырдым. Таудай болып төрімізде отырды. Қызыма батасын берді. Екі ай бұрын хабар­ласқанымда «Әй, Қара бала, сен жоғалып кеттің ғой, қызым қалай?» деп жөн сұрады. Алматыға барғанда арнайы соғатынымды айтып жатырмын. Көңілімді бір сағыныш кернеді. Соңғы сөйлесуіміз екен. Қандай қамсызбыз десеңізші! Көңілде айтылмаған көп сөз қалды... Ал Анатолий аға Анапада жатса да әріптес-досын түсінде көреді. Ақжүрек ақсақалдың жүрегі, көңілі – Алматыда! Сексеннің сең­гіріне сергек келген Сайын аға­мыз әлі ұзақ жасайтын сияқты көр­гені­міз рас. Енді санамыздағы жылы естеліктермен ғана қалдық. Бірақ бұл ерекше мейірімге толы естеліктер!

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»

Редакциядан: 1959 жылдың 1 қаңтарынан бастап шыға бастаған «Спорт» газетіне жарты ғасыр ғұмырын арнаған қазақ спорт журналистикасының ақсақалы Сайын Тұрсыновтың дүниеден өткеніне 40 күн толуына байланысты марқұмның туған-туыстарына көңіл айта отырып, осы естелік-эссені ұсынып отырмыз.