Қазақ тарихы мен мәдениетінің, әні мен жырының да үлкен құйқалы қыртысы осы сырлы сұлулықтармен, ел иесі, жер киесімен астасып жатыр. «Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Қырық сегіз жыл хан болған Көкшетауда» деп неге жырлайды дейсіз жырау бабаларымыз. Бүкіл қазақ үшін ортақ кие қонған, қасиет орнаған жер екенін айтып тұр ғой. Осы ақиқатты ақиық ақын Мағжаннан асырып айту қиын-ау. Ертеде Абылайға қоныс болған Бурабайды «Алаштың кебесіндей ізгі жай» деп тебіренуі тегін емес-ау, зарлық сәуегейдің! «Арқада Бурабайға жер жетпесе, Алашта Кенекеме ер жетпейді» деп тағы бір қияға тартып толғайды толағай Мағжан. Иә, Абылай мен Кенесарыны айтқанда қазақтың елдігі, тәуелсіздігі жолындағы қаһармандық күрестің де бір бесігі Көкшетау болғандығын жүрекке түймеске, сол үшін де жер науанына басыңды имеске болар ма?
Ал енді бұдан әрі Қанай бидің, Орынбай ақынның, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың есімдерін атасақ, даналық сөздерін толғап, толқынды әндерін айтсақ – Көкшетау қасиеттері, өзіндік даралығы толыға түседі, елі мен жерінің шоқтығы биіктей түседі. Толассыз мойындалған ән мен жырдың бесігі де Көкшетау, салдар мен серілер елі, тектілік пен дегдарлық белі Көкшетау. Елбасы айтып өткендей, аңыздармен аяланып, тарих сырын шертуге келгенде де Көкшетау-Бурабай өңірі күмбірлеп қоя береді. «Халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер» де осында. Қасиетті рухани құндылықтар да, киелі жерлер де жетерлік.
Шын мәнінде де, жер атауларының төркініне үңілер болсақ, тарихтың қатпарлы шежіресіне жолығамыз. Бурабай аңыздарының, әпсана әңгімелерінің, ондағы жер атауларының бірсыпырасы Абылай хан есімімен байланысты. Сабалақ-Әбілмансұрдың басына бақ қонып, қалмақтармен қырғын соғыстағы жекпе-жекте Шарыш дәудің басын қаққан ерлігімен алты алашқа мәшһүр болып, орта жүздің сұлтаны ретінде Көкшетауға келуінің өзі бір тарих. Осы арада тарих сахнасына тағы бір алып тұлға – «Ту баста Абылайды хан көтерген Қамқоры қарауылдың Қанай шешен» шығады. Қанай баба әуелі осы күнгі Қараүңгір көлінің жағасында түс көріп, қалғып кеткенде қолына қонған алып қара бүркіт арқылы басқа бақ қонарын, елге құт ораларын, қазаққа Абылайдай аруақты хан келерін ақылгөйлікпен болжап біледі. Әбілмәмбет ханның ықыласын, Шақшақ Жәнібектің батасын, орта жүзді билесін деген Төле бидің разылығын алып Абылайдай сұңқарды Ұлытауда ақ киізге көтертіп, көкторғын Көкшетауға бастап әкелген де би Қанай. Көкбай ақынның «Сабалақ» атты қисса-дастанынан осындай сырға қанығамыз. Сөйтіп, «Етегі кербез Көкше, шомбал тасы, Қарағай қалың жыныс, көлдің басы. Аумағы атшаптырым алаңқайға орнады Абылайдың ақ ордасы. Басына Бурабайдың орда қонған, Хан жайлау Қызылағаш ол да болған. Қанайдың түсіндегі қара бүркіт, Қыдырлы Абылай боп самғады арман. Ақ Орда мәлім болып тігілгені, Ақ туы Абылайдың желбіреді. Құрмалдық болайық деп хан жолына, Есілдей ақты құлдап ел тілегі. Аспаннан ай сәулесі жалт үзілді, Алламыз жарылқады халқымызды. Жайнатып жасауымен түсірген шақ Атығай-қарауылдан алты қызды».
Иә, «Қанай-Абылай» атты дастанымызда біз де осылай жырлағанбыз. Осылай болған. Хан ордасын Бурабайға салтанаттап қондырудың билігі би Қанайда болған. Көкшеге хан қондырудың сердебесі де бір ғажап. Ақ шаңқан хан ауылын тігіп тастаған. Желіге мама бие байлатқызған, қотанға қоралы қой айдатқызған. Қара үйде қара саба күрпілдетіп, қызметке төлеңгітін сайлатқызған. Көкшеге хан Абылайдың құты солай қонып, елдің беті ерлікке еңсерілген. Көкше мен Түркістанның арасында көлбеп Абылайдың қара жолы тартылған (Шіркін-ай, Абылайдың осы жолының маршруты анықталса ғой деген арман-тілек те бар-ау. Осы бағытта жұмыс істеуге бейілді тарихшы ғалымдарымыздың құлағына алтын сырға). Осылайша, көмекей Бұқар жырауша қайырғанда, қазағына қайырусыз жылқы бақтырған, қалыңсыз жар құштырған, қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, Шоқанша пайымдағанда, ерлік пен серіліктің дәрпін асырып, даңқын өрлеткен Абылай заманы орнаған-ды. Ол заманда халық Абылай аспас асу жоқ деп білген. Аңыз осылай дейді. Ақиқаты да солай болған.
Хан әскері Оқжетпестің етегіндегі қазіргі Абылай алаңында сап түзеген. «Бұл табиғи қамалды, – деп жазады келіссөзге жіберілген патша офицері, – Абылай жаудан қорғану үшін пайдаланды. Ол кезде жау әдетте жазда ғана шабуылдаған және барлық жаз айларында хан ордасы орман ішіндегі, Оқжетпес шыңының жанындағы алаңда болған. Шыңның үстінде шабуыл оқыстан болмауы үшін күндіз де, түнде де бақылаушы күзет қойылған. Қазақтар алаңды Абылай алаңы атап кеткен». Бұл мағлұматты Сәбит Мұқанов өзінің «Аққан жұлдыз» романында келтіреді.
Сонымен бірге, Бурабайды айнала қонған Атығайдың Бағыс атасы шеттен келген елшілерді қарсы алып күтіп, тамақтандырып, хан алдына апарып, шығарып салу қызметінде болыпты, яғни мәмілегерлік рәсімдерді атқаруға көмектесіпті. Хан ордасына, Бурабайдың ішіне бейсауат ешкім енбеген. Негізгі ставкадан бөлек, хан ауылдарының өзі Бурабайдың сыртындағы Ханның Қызылағашын қыстаған. Бұл жерлерден Хан жайлауы да алыс емес. Осы арадағы Фрунзе ауылының тәуелсіздіктен кейін Абылай хан атын алуы да сондықтан.
Абылай алаңынан бүйірлеп кететін жалғыз аяқ жолмен Көкшенің биігіне қарай бет алсақ, алдымыздан шебер табиғаттың құдіретімен құйылып түскендей, әйтпесе әдейі қашап жасалғандай арқалы тақты көреміз. Бұл ғажап тас Хан тағы деп аталады. Көзі тірісінде «Көркіңнен айналайын, Көкшетауым» альбом-кітабын құрастырып әрі негізгі авторы болған аяулы жазушы ағамыз Естай Мырзахметов Хан тағы тасына байланысты ел аузындағы бір әңгімені былай өрбітеді: «Қыс өтіп, көктем туғанда Абылай Қызылағаштың қойнауындағы қыстауынан көшіп, осы алаңқайда көктеуде отырар еді. Сонда ол азанғы жұпар ауада, кешкі жанға жайлы жібек самалда ордадан шығып, осы тасқа келіп демалып, табиғат тамашасына тұшынып отыруды айнымас дағдысы еткен емес пе. Содан табиғат шебер жасаған бұл тас орындық Хан тағы атанған. Киелі орынға айналған. Әдейілеп тамашалауға барған мұсылман баласы ақтық байлайды».
Ұлылы-кішілі жорықтарға шығар алдында Орда қондырған Бурабайына хан Абылай қалың әскерін сауын айтып жинап отырғанын байқаймыз. Тағы да, Шоқанды сүзіп оқыған, ел аузындағы тарихты ыждағаттап терген Мағжанға жүгінсек: «Күндердің бір күнінде хан Абылай Қалмаққа – (ойына алды) – ойран салмақ. Ханынан: «Аттан!» деген сөз шыққан соң, Ордаға батыр, билер келді аңдап». Осылай өңшең бөрі Бурабайға жиналыпты дейді. Бұл атақты Шаңды жорыққа шығатын жолы. «Көкшенің бауырында өңшең көкжал Күңіреніп күтіп жатты күндер талай» деп рухтана суреттейді Мағжан. Ел қорғаны батыр, билерді жинап, бауырында Абылайдай данасы тұңғиық ойға батқан, тәмам алаш Қызылағаштағы хан ордасында Меккедей тәуеп қылған Бурабайдың қасиет-киесінің құдіреттілігі, бүкіл қазақ үшін қастерлі мекен екендігі осыдан-ақ көрініс тапқандай.
Міне, осы Бурабайдың өзінің қалай пайда болғандығы, Бурабай деп қалай аталғандығы туралы аңыздар, жырлар не сан. Әртүрлі желіде баяндалса да бәрінің түпқазық мазмұны – бір. Көкшенің тауы мен орман-көлін бір ерекше жаратылған ақ бура мекен еткен екен дейді. Оны жұрт жердің киесіне балайды, елдің қыдыр-құты деп санайды. Ақбура жасанған жауды, жақындаған жаманшылықты жасқап ел қориды. Сол үшін де ол мекен еткен атырапты Бурабай деп, су ішетін күміс көлді Бурабай көлі деп атап кетіпті. Жылдар өткенде қасиетті ақбура өзіне өшіккен қаныпезер қарақшының қанды оғынан мерт болып, құбылаға басын бере шөгіп, үлкен тауға айналады. Көкшенің көгілдір таулар шоғырының бір сілемі осы Бурабай. Көкшетаудың бір баламасы да, атырап пен ауданға берілген ат та – Бурабай. Жыр арқауы, сыр пернесі де – Бурабай. Бурабай-Көкшені жырлап, әнге қосқандар көшін Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Сәкен Сейфуллин, Еркеш Ибраһим, Кәкімбек Салықов, Қадыр Мырза-Әлі сынды ардагер ардақтыларымыз бастаған.
Иә, Мағжан ақын айтса айтқандай, Бурабай – Арқаның аралы, жер еркесі. Бурабайдың алтын шарадай аясында анадайдан бауырымдап Бөлектау, мына жағынан найза қия Оқжетпес асқақтайды. Осылардың ортасында мөлдіреп дөп-дөңгелек айға ұқсаған Бурабай көлін көзге қалай әсем елестетеді десеңізші Мағжан?! Адамша көлденеңдеп көлбеп жатқан Жекебатыр ше? Саңлақ ақын Сәкен де осы туған жер тамашаларын «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп тұрып, шіркін-ай, келістіре суреттеген ғой. Сәкен дастаны Бурабайдың сан аңызын тірілтеді, оның жырлауында өткен күндердің суретті шежіресі мен ертегісі сілекей ағызып, тау мен күн еркелесіп сүйіскендей болады. Иә, Көкшетау ғажабы осындай. «Болыпты баяғыда Жеке батыр, Тау бағып жатады екен тігіп шатыр. Бір күні қарауылда қалғып кетіп, Сол батыр бүгінгіше ұйықтап жатыр. Сол батыр осы күні бір үлкен тау, Көз жұмған көкке қарап сыры үлкен тау... Батырдың қырыққа таяу келген жасы, Денесі биік жота, таудай басы. Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды, Киюлі баста жатыр дулығасы». Көкшетауды Отан қылып жүрген ақбас бура, «Басына атсаң-дағы оғың жетпес, иіліп ешбір тауға тәжім етпес» Оқжетпес, қалмақтың тұтқын қызының жұмбағы айтылған құзтас Жұмбақтас жайлы аңыздарды Сәкен ақынның шырайландырып айтуы қандай! Адақ батырға тамсандырып, қалмақтың текті сұлуына сүйсіндіріп, Бурабай аңыздарының әдемі әлеміне жетелеп кіргізіп жібермей ме?
Айтқандай, осы саңлақ Сәкен 1927 жылы Оқжетпестің етегінде киіз үй тіктіріп, қымыз ішіп жатқан ғой. Үкілі Ыбырайды алдырып, екі жақсы мәжілісті қыздырып, Көкшенің кеудесінде ән-жырды әуелеткен. «Арқаның асау туған ардагері, Кім сүймес, кім жырламас Көкше, сені. Суың бал, қойының ырыс, шөбің шүйгін, Дүниеде бағаң қымбат сен бір сері» деп «Гәкку», «Қалдырғанымен» қоса тау-тасты жаңғырықтырған үкілі баба аты Бурабайдың ен ішінде бұл күнде Ыбырай соқпағы болып қалғанына мың шүкір.
Сауда керуендері Хан ордасына Ақылбай асуы арқылы келген. Бұл жерден бүкіл Бурабай алақандағыдай көрінеді. Ақылбай өмірде болған адам, Абылайдың замандасы, атығай руының батыр, бағлан, ықпалды кісісі. Халыққа да, ханға да жақсылық, шарапаты мол болған. Содан да болар, осы асумен бірге Бурабайдың іргесіндегі бұрынғы Дорофеевка қазір Ақылбай ауылы деп аталады.
Әйгілі балуан Шолақ та Бурабай аңыздарының бел ортасынан ойып тұрып орын алады. Әйтпегенде ше?! Осы қасиетті өлкенің аса дарынды, өнерпаз тумасы. Станица атаманының қызы Настасья екеуінің арасындағы махаббат тарихы Көкшенің тау-тасына қашалып жазылғандай халық жадында сақталған. Ол жайлы өзінің «Балуан Шолақ» романында Сәбит Мұқанов та, соның желісімен «Жаужүрек» драмасында Дулат Исабеков ағамыз да жазды. Балуан мен Настасья арасындағы махаббат хикаясы сол спектакль арқылы қазір әлемге мәлім. Ал Балуанның қызды алып қашып дәурен сүрген Бурабай қойнауындағы жерлер бұл күнде Махаббат үңгірі, Настасья тауы деп аталады. Бұл туралы өлкетанушы, гидрогеолог ғалым Айтқажы Қазбеков те өзінің Бурабайға арналған қомақты кітабында мол мағлұмат берген.
Бурабай-Көкше туралы әңгімеде Кенесары хан туралы айтпау мүмкін бе?! Себебі, бұл ең әуелі көкжал Кенесарының Көкшесі. «Көкшем менің сағынар хан Кенені, Елін, жерін аруағы жебеді. Айтар Көкше: перзентім деп ең ұлы Кекілік тауда ұшып түскен жебені». Біз де осылай деп жырлаппыз. Хан Кене Бурабайда туған. Осында ерлікті қуған. Бурабай ішіндегі үңгірді жақсы көріп, шерге батқан кездерінде саялап, ой тұңғиығына бойлаған. Осы үңгірді халық кейін Кенесары үңгірі деп атап кеткен. Сол үңгірдің аузындағы тақтадан ұлы Мағжанның мына бір шумағын оқисыз:
Сол түні сонау үңгір тау ішінде,
Қабағын қарс жазып Кене ойлайды.
Қамалған қазағына жол таппаққа,
Жүрегін тілім-тілім тіле ойлайды.
Иә, осы үңгірде Кенекем елім деп күңіренген еді. Оқжетпестің қиясына қадам басқан еді. Хан Кененің қасиетті үңгірі, Кенесары төбесі бұл күнде халқының қастерлі орындарының бірі. Осы арадан Кенесары ауылы да алыс емес.
Бурабайдың жер атауларында аңыз толғап, ақиқатты желбіреткен баба тарихының бір парасы осындай. Иә, Көкшетаудың ұмытпайық иесін, Бурабайдың қастерлейік киесін!
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»