27 Тамыз, 2011

Өңір мәдениетінің асқақ бейнесі

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ата-баба дәстүрін дәріптеп, мә­де­ни мұра­сын құрметтеген халық үшін республикалық «Мәдени мұра» журналының алар орны айрықша, мән-маңызы ерекше. Дүниежүзі елдерімен иық тіресе дамып, қанатын кеңге сермеген еңселі еліміз әлемге тек қана экономикалық-саяси салада жеткен жетістіктерімен ғана емес, сон­дай-ақ мәдени-рухани құнды­лық­тары арқылы танылуда деп мақта­ныш­пен жар салуға болады. Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының үй­лес­тіруімен 2003 жылдан бастап ба­сыла бастаған журнал бү­гінгі күні өз оқырмандарының жүрегіне жол тау­ып, олардың рухани қажеттіліктерін өтеу­де. «Мәдени мұра» журналының тара­лымы үш мың данадан асып, Қазақстанда ғана емес, сонымен қа­тар шетелдерге де тарай­тынына қуаныштымыз. Міне, халқымыздың рухани өмі­рінің ай­насына айналған журналдың бір саны Ер­тістің Павлодар өңірінің мәдениет саласын­дағы өміршең бастамалар мен қол жеткізген жемісті жетістіктері туралы сыр шертті. Жур­­налдың тұсаукесері Павлодар об­лысының мәдени өміріне тың серпіліс іспетті. Достық үйінде орын алған айтулы шара облысы­мыз­дағы мәдени-рухани саласының өрісін ке­ңейтуге аянбай еңбектеніп жүрген зиялы қауым, ақын-жазушылар, мә­де­ниет қызмет­кер­лерінің басын біріктірді. Тұсаукесер ш­а­ра­сына Астанадан ат терлетіп келген жур­налдың бас редакторы, жазушы Дүкенбай Досжан, ҚР Парламенті Сенатының депу­та­ты Ғарифолла Есім, сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, елі­міздің еңбек сі­ңір­ген әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Шахимардан Әбілев қатысты. Жиналған қауым басылым­ның Павлодар облысының арнайы саны төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбітіп, журналдың редак­циялық ал­қасына шексіз ризашылықтарын білдіріп жатты. Журнал беттерінде қазыналы да қасиетті өлкенің бай мәдени мұ­ра­сын паш ететін құнды материалдар топтастырылған. Облыс орталы­ғын­да­ғы мұражайлар мен театрлар, ха­лықтық шығармашылық орталық­та­ры мен өнер иелерінің өнегелі өмі­рі... Осының бар­лығы «Мәдени мұ­ра» журналының облысы­мызға ар­нал­ған шығарылымында жарасымды көрініс тапқан. Еліміздің ин­дус­трия­лық-эко­номикалық саласында белді орын алатын өңіріміз мәдени мұра­ларымызды сақтау, олар­ды жаңғырту бойынша атқарылған тың өзгеріс­тер­мен де танылатын болды. Журнал мұқабасындағы халқымыздың дана перзенті, ойшыл ақыны, философы, алты Алашқа Мәшһүр есімімен та­нылған М.Көпейұлының құрметіне бой көтерген кесенені көргенде шат­танып, марқайып қалатынымыз шын­дық. Журналдың алғашқы беттерінде орын алған Павлодар об­лы­сының әкімі Бақытжан Са­ғынтаев­тың «Жасампаздық жылдарының жемісі» атты мақаласында ел Тәу­елсіздігінің жи­ырма жылында Ер­тіс­тің Павлодар өңірін­дегі түрлі салада орын алған тарихи оқиға­лардан хабардар етеді. Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығымен қабылданған «Мә­­дени мұ­ра» бағдарламасы аясында облы­сымызда маңызды жобалар мен бағ­дарламалар жүзеге асырылуда. Ата-баба мен келер ұрпақ арасын­да­ғы са­б­ақтастықты нығайту жолында ат­қа­рылған игі жұмыстар баршы­лық. Бұл туралы С.Торайғыров ат­ын­дағы Павлодар мемлекеттік уни­верситетінің ректоры, экономика ғы­лымдарының докторы, профессор Ерлан Арынның «Мәдени мұра­мыз­дың жаңғыруы – баянды болашаққа жарқын жол» ат­ты мақаласында ай­тылады. Павлодар облысы – ұлттық өнер мен тәр­биені даралайтын тау тұлға­ларды тудырған қасиетті мекен. Жыр дүлдүлі Иса Байзақов, күміс көмей әнші Майра Шамсутдинова, ақын, композитор, публицист – Жаяу Мұ­са, есімі әлемдік деңгейде бағалан­ған академик Қаныш Сәтбаевтың халық мәдениеті мен ғылымына қос­қан қомақты үлесі, сіңірген еңбегі де журнал беттерінен орын алған. Жур­налда сонымен қатар Павлодар об­лы­сының рухани азық ордалары бо­лып та­бы­латын қос театр – Ж.Ай­мауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры және А.Чехов атын­да­ғы орыс драма театры, «Шаңырақ» халық-шығармашылық және ойын-сауық ор­та­лығы, музейлер туралы кең әңгімеленеді. Ал тарихтың сазды шежіресін жинақтаған Н.Шафердің коллекциясында 27 мыңнан астам күй­табақ бар екені жұртшылыққа таныс па? Атақты павлодарлық тура­лы «Звучащая летопись истории» атты мақаладан білуге болады. Қазақ халқының ұлттық өнерін, салты мен дәстүрін ұрпақ бойына сі­ңіріп, ұлт өмірімен біте қайнасқан ру­ха­ниятының бастауы тым тереңде жат­­­қаны анық. Тамырын тереңнен тарт­­қан асыл мұрамыздың Павлодар өңі­рін­де тиесілі бір бөлігі оқырман қау­ым көңілінен шығатынына сенім мол. Ақмарал ЕСІМХАНОВА, Павлодар.