18 Мамыр, 2017

Нағашы мен жиен

943 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

немесе ширек ғасыр бірге жүрсе де бірін бірі білмеген туыстар жайлы бір үзік сыр.

Нағашы мен жиен

Ұзақ уақыт бойы қуғын-сүргінде болып, шартарапты аралап алған білімі еш кәдесіне жарамаған әкемнің елге келгеннен кейін де айы оңынан туа қоймаған. Бастан өткерген мұң-нала текке кетсін бе, алпысыншы жылдарға қарай жіңішке аурудан көз жұмды. Ендігі бар сүйенеріміз анамыз боп қалды. Анамыз Ақыш қажырлы адам еді, әйтсе де бізді жеткеріп, қатарға қосу оған да оңай болған жоқ. Бірақ сыр бермей, бәріміздің білім алуымызға барынша жағдай жасады.
Балалары өсіп, тынысы кеңіген тұста Жамбыл Жабаевтың 120 жылдығы болады екен деген хабарға ол елең ете қалды. Қажып жүрген уақытта сен де менің бір баламсың деп, бауырына басып, мейір-қайырын төккен тәтесінің сол мерейтойына баруға аңсары ауғаны сонша, бала құсап күн санауға көшкен. Сонымен, күткен уақыт та келіп жетті. Қасына құдағиы Керім апа мен қызы Айшаханды ертіп, ол жолға шықты.
Бұл кезде менің Алматыда оқып жүрген кезім. Сондықтан, апамның бұл тойдан алған ләззатты сәттерін дәл уақ­т­ысында ести алғаным жоқ. Алайда, ауыл­ға барған кезімде анама қойған алғашқы сұрағым да осы болды.
– Апа, төркініңе барып, көңілің бір жайланып қайтты ма? Әкеңіздің тойын көрдіңіз бе? – дедім мен.
Апамның бұл бала шағынан кейін туған ауылына алғаш баруы ғой. Алған әсері ұшан-теңіз тәрізді. Бірінен кейін бірін әңгімелеп жатыр. Жамбыл тәтесінің жамбасы тиген жерге барғанын, тойдан көрген қызығын, тіпті әке-шешесінің көзін көрген адамдарды да кездестіргенін айтып тауыса алар емес. Бұл бұл ма, қызықтың бәрі алда екен. Қалаға қайтар кезде апам тоқтатып алды да, қиыла тұрып, маған бір өтініш айтты.
– Балам, үлкен қалада жүрсің ғой. Маған бір адамның дерегі керек болып тұр... деп сөз аяғын күмілжи бітірген ол сәл ойланып тұрды да: – Менің әкем Тілеу­жанның бауыры Тілендіден бір тұқым қалыпты. Соны іздестіріп көрші, – деді.
Елеңдеп тұрған жас кезіміз ғой. Шы­ным­ды айтсам, оның бұл сөзіне мән бер­мегенім сонша, былай шыға ұмытып та үлгердім.
 Ауылға қайта барғанымда анам өз өтінішінің хабарын күтіп жүргенін айтты. Сонда ғана мен өткендегі сөзді есіме түсірдім. 
– Е, үлкен қаладан біреуді табу оңай емес шығар. Айтпақшы, жұрттан сұрас­тырған кезде оны екейдің ішінде Бота­ғарадан тараған деуді ұмытпа, – деді ол.
 Нағашы жұртымды ешуақытта көрмеген, олардың жылуын сезінбей өскендіктен бе екен, маған сол сәт апамның бұл өтініші мүлдем құлаққа кірмейтін, бос сөз сияқты көрінген. Ұят-ай, сол сәт өзімнің ешкімді ешқайдан іздей қоймайтынымды айқын сезіне тұрып, тағы да жарайды дегендей рай таныттым. Тіпті, былай шыққан соң да апамның бұл тілегі тым оғаш нәрсе сияқты көрінгені сонша, «Құдай-ау, екейдің ішінде Ботағара деген атасынан тарайтын Тілендіден бір тұқым қалыпты. Соны іздеп жүрмін», деп кімге айтамын  деп күйінемін өз-өзімнен. Әрине, мен анамның нендей сөзі болса да жерге тастаған емеспін. Бірақ мына тілегі... 
– Апа, сонда Тілендіден қалған бір тұқым деген кім? Оны сізге кім айтты? – дедім мезі болған мен.
– Әй, кім дейтіндей... Ол сенің нағашың. Өткенде Жамбыл тәтемнің тойына барғанда естідім... Мені осы қалпыммен аспаннан түсе қалды деп пе едің. Менің де ата-анам болған. Ер­те қайтып кетсе де, оларды білетін бір­лі-жарым адамдар әлі де бар екен. Солар Тіленді көкемнен бір тұқымның қал­ғанын, оның Алматыда тұратынын айтты. Ол да Атабай көкем сияқты, өнерге жақын адам көрінеді. Ал ондай адамды табу­ға болады ғой, – деп қосып қойды. 
Уақыт зырлап өте берді. Менің жауабымда да еш өзгеріс жоқ. Осылайша еренсіздік танытып жүргеніме апам бірде кәдімгідей өкпелеп те қалды.
Тоқсаныншы жылдардың басында апамды да қайтпас сапарға шығарып салдық. Одан әрі қарай өзім қызмет істей­тін «Егемен Қазақстан» газеті Астанаға көшіп, біз де сол қалаға қоныс аудардық. Сондай күндердің бірінде үйде Жамбыл Жабаевтың немересі Әлімқұл ақын ағаның қонақ болғаны бар.
Үйге келген кезде оның көзі бірден төрдегі анамның суретіне түсті.
– Әу, айналайын, мұнда әпкем отыр ғой, – деген ол бейнебір тірі адаммен жүздесіп тұрғандай, ол кісімен де аман­дасып жатыр.
– Сіз ол кісіні танитын ба едіңіз? – дедім мен анамның төркін жұртынан жырақта өскенін еске алып.
– Е, неге танымаймын. Жас кезінде көргенім бар. Оның үстіне Жәкем әкесі Тілеужанды жиі айтып отыратын. «Әттең, қол қысқа болып, Тілекемнің жалғызын да алысқа қаңғыртып жібердік-ау. Әкесі жарықтық өмірінің ұзаққа бармасын сезді ме, қызының жайына алаңдап, егер олай-бұлай болып жатсам, осы балама бас-көз бол», деп аманаттап отырушы еді. Аруақ ризалығы үшін сол баланы іздеп тапсам деп едім, оған мына көкдолы заман еш мұрша бермеді. Құдайдың құдіреті, сол бала мені өз аяғымен іздеп келгенде, мұндай қуанбаған шығармын. Бойжетіп, күйеуге де шығыпты. Ері мына Қастектегі Солты болыстың баласы екен. Әкесі оны көп жыл сырт елде оқытқанын да естігенмін. Сол оқығаны үшін әрі байдың баласы болған соң қуғынға түсіп, қырғыз еліне келгенде біздің қызды жолықтырыпты. Өшкенім жанғандай қуанып, екеуін де бауырыма бастым. Әттең, бұл қызығым да ұзаққа бармады. Олар амалсыз бой тасалап, басқа бір жерге көшіп кетті. Сөйтіп, тағы да қызымнан көз жазып қалдым, – деп Жәкең бізге жиі-жиі айтып отыратын. Әпкемнің өзін бала кезімде сол үйден көргенмін. Ол кезде жас едім ғой, мән-жайды білмеген екенмін. Кейіннен Жәкемнің аузынан естідім, – деді ол.
– Иә, апам сыртта өсіп, нағашыларым­мен біз де араласа алмадық. Тіпті, сізден басқа ешқайсысын да танымайды екен­мін, – дедім оның бұл сөзінен кейін.
– Әй, сен қызға әпкем айтқан шығар. Сенің ең жақын нағашың күні кешеге де­йін өзіңмен бір қалада тұрды ғой. Сол кісі­ге неге бармадың? Жоқ әлде... Оның кім екенін білесің бе? – деп тақымдаған Әлім­құл ағаның бетіне таңдана қарап қал­ғаным есімде. 
– Ол кім? – деген сөз­дің де аузымнан қалай шыққанын аңғармай қалыппын.
– Е, мен сені біледі екен деп жүрсем... Ол өзіміздің Нұрғиса ғой. – Қапелімде Нұрғиса деген кім еді деп өзім тани­тын жұртты ойша шолып өткенімше, «Ой, сен оны білесің. Нұрғиса Тілен­диевті айтамын», – деді ол. 
Осы сәт апамның «Тілен­діден бір тұқым қалып­ты. Соны іздеші» деген сөзі сарт етіп ойыма оралды. 
– Өй, мына қыз қайтеді өзі. Мен мұны біледі екен деп жүрсем. Айдан түскендей аңқиып отырғанын қарашы... Бері қара, сенің шешеңнің әкесі Тілеужан үш ағайынды. Тілеужан, Тіленді, Тұманшы. Олар екейдің Ботағарасынан тарайды, – деп ұзын-сонар әңгімеге кіріскен Әлімқұл ағаның сөзін де тыңдайтын халде емеспін.Ұят-ай, апам сонда мен ойлағандай құлаққа кірмейтін өтініш айтпаған екен-ау. Егер сол кезде ден қо­йып іздесем, Тілендіден қалған бір тұқым­ның Нұрғиса ағамыз екенін мен біл­ме­сем де, қол созым жерде тұрған Жам­был ата ауылының адамдарының бірі болмаса, бірі айтар еді ғой деймін өзіме өзім.
...Бір еске сала кететін жайт, Алматыға келгеннен кейін Нұрғиса ағамен де көп ұзамай-ақ танысқан екенмін. Тіпті, апам Тілендіден бір тұқым қалыпты, соны іздеші деген кезде де, кейін ойласам, мен онымен танысып та үлгерген екенмін.
Ол кезде өнер адамдары «Кино үйінде» жиі-жиі бас қосатын. Жұрт ол жерге бірде экраннан көрсетуге рұқсаты жоқ фильмдерді тамашалауға барса, енді бірде атаулы даталарда әртүрлі ойын-сауық кештері өтетін. Әлі есімде, жаңа жылдық кешке арналған салтанатқа мен де барғанмын. Баруын барсам да, бөтен ортаға кірігіп кете алмай, бір шетте тұр едім, қасыма салып ұрып Нұрғиса аға келді. Ол кісіні кім білмейді. Мен де сәлемдесудің ишарасын жасап, орнымнан тұрмақ едім, ол мені әй-шайға қаратпай, ортаға сүйрелей жөнелді. Музыка ойнап тұрған. Алайда, ешкім билей қоймаған. Дүйім жұрттың алдына шығып билеу, менің де ойымда жоқ еді. Сондықтан шығар, кібіртектеп, аяғым жүрер емес. Оның үстіне вальс ырғағымен үйіріле жөнелуге де жоқпын. Содан амал жоқ, сөлбірейіп Нұрғиса ағаның ыңғайын бағуға мәжбүрмін. Би аяқталар тұста ол кісі шыдамады. Одағай дауыспен «Өй, мына қыз менімен билегеніне ұялып тұр ғой», деген ол шалт қимылмен тағы да қолымнан жетектеп, шеттеу бір тұсқа келіп тоқтады. 
– Өй, түріңе бо­ла­йын. Сен несіне қысыласың? Мен ағаң­мын. Өткен­де Сейдахмет («Ленин­шіл жас» газетінің бас редакторы С.Бер­діқұловты айта­ды) айтқан. Сен мына Жамбыл ауданы­ның қызы екенсің ғой. Демек, сен м­енің қарындасым­сың. «Секең өзі бір жай­раңдаған, мі­незі ашық бала» деп еді... Ой, түріңе болайын... Біздің ауылдың қыздары шетінен «с характером» келуші еді...», деп қарқылдай күліп алды. Осы ортада өзімді қолайсыз сезініп тұрға­нымды ол кісіге қалай айтайын, «ұял­ған тек тұрмас дегендей, «Аға, мен кіш­кене сырқаттанып», деп едім, «Е, бәсе, сүмірейіп тұрғаның сол екен ғой. Қане, мен сенің сол ауруыңды жазып жібе­рейін», деді де топқа қарап айғай салды.
– Әй, Абдолла қайдасың? Бері кел. 
Сәлден кейін көп ортасынан сыты­лып, арықша келген мұртты кісі қасымызға келді.
– Бұл Абдолла Қарсақбаев деген ағаң, – деп оны маған таныстырып өтті де, – ал мына қыз «Лениншіл жаста» жұмыс істейді. Айтпақшы, сенің атың кім еді?
– Атым Жұмагүл, – дедім мен. Сол-ақ екен, әңгімеге әлгінде танысқан Абдолла деген кісі араласты. 
– Е, Жұмагүл Солтиева деген сен екенсің ғой. Көбіне өнер тақырыбына жазасың. Газеттен оқып жүрмін, – деді ол. Өзі биязы сөйлейтін адам екен. Сені сырттай білемін деген соң ба, әлде өзін әдепті ұстағаны үшін бе, оған ішім жылып қалды.
– Әй, Абдолла, сен тұрма. Аққайнар әкел. Мына қыз сенің де қарындасың. Өзі ауырып тұр екен. Басын жазып берейік, – деді Нұрекең әлгі кісіге қарап. Бұл жолы да дауысы өктемдеу шықты.
«Ту, мына кісіге қайдан тап болдым екен» деп іштей налып тұрған мен басын жазып берейік деген сөзге кәдімгідей шам­данып-ақ қалдым. Басын жазып бер­гені несі?! Мені бір ішкіш деп тұр ма бұл?!
– Жоқ, мен аққайнар ішпеймін. Жалпы, ішімдік атаулыны татып көрген емеспін, – дедім іштегі қайнай бастаған ашуымды барынша тежеп. Менің бұл сөзіме ол пысқырған да жоқ.
– Ішпесең, ішесің, – деді ол нық дауыспен.
– Жә, қарындасым, қорықпа. Бұл мына ағаңның саған деген құрметі ғой. Өзі ешкімге бүйтіп жалбақтамайтын адам. Сен қарындасы болған соң, бірге отырып, жақсылап танысқысы келген шығар. Қысылма, қалқам. Бұл ағаңның жүрегі алтын, – деді лезде бір аққайнар мен шоколад тақтасын қолтығына қыса жанымызға келген Абдолла аға. Оның сөзінен кейін мен де сабама түстім.
Шеттеу тұрған үстелдің біріне жай­ғас­қан соң да тыныштық болмады. Екеуі­не сәлем берген жұрт әңгімені өрбі­тер емес. Сол сәтті пайдаланып кетіп қал­сам деп мен отырмын. Әне, қасы­мыз­ға тағы біреу таянды. Шамасы, Нұре­кең­мен ара­лас-құраласы бар адам ғой деймін, өзімсіне сөйлей келді.
– Ой, Нұраға, сіз мұнда екенсіз ғой, – деп біздің қасымызға отыра кетпек болып ыңғайланған ол бір сәт маған барлай қарап алды да: «Нұраға, у вас вкус хороший», – деп еді, ағамыздың тала­ғ­ы тарс кетті. Орнынан ұшып тұрды да: «Әй, сен не оттап тұрсың? Бұл – менің қарындасым. Кәне, құрт көзіңді бұл жерден!», деп айғай салғаны аздай, әлгі кісі отырмақ болған орындықты жұлып алып, оны лақтырып жіберді. Орындыққа отыра кетпек болған ол болса, қапелімде шалқасынан түсті.
– Жә, қой енді. Байқаймын, мына бала да асығыс сияқты. Жолын бөгемейік. Өзі «Лениншіл жаста» істейді екен. Қарындасыңды әлі талай көресің, – деп Абдолла аға басу айтып еді, әлгінде ғана жарылардай болып шатынап тұрған Нұрғиса ағам кенет жайылып сала берді.
– Қап... Мына жер тура жындыхана ғой. Онда жүр. Мына қызды шығарып салып, екеуміз бір оңаша жерге барайық, – деп орнынан тұрды.
Бірер күн өткен соң әлдеқандай шаруа жайымен Сейдахмет аға шақырған. Бөлім жұмысы жайлы екеуара әңгі­мені талқы­лап жатқанда ол кісіге біреу телефон шалды.
– Е, одан шығады, шығады. Онымен дастарқанда бір шай ішім уақыт қана тыныш отыруға болады. Одан кейін не істейтінін өзге түгіл, оның өзі де біл­мейді, – деп ар жағындағы кісінің сөзін күле тыңдаған ол телефон тұтқасын орны­­на қойған соң да, әлгі әңгіменің әсері­­нен айыға алмады. Ара-арасында «әй, Нұр­ғиса-ай, тентек-ау, тентек», деп көзі­­нен жас аққанша күлген.
– Нұрғиса ағай бір қызық кісі екен ғой. – Сол сәт аузымнан осы сөздің қалай шыққанын өзім де аңғармай қалдым. Алайда, Сейдағаң менің бұл сөзіме аса мән бермеді. Мен сонысына іштей қуанып қалдым. Өйткені, басшымыз ешкімнің өз алдында көстеңдеп сөйлеуіне жол бермейтін.
– Шіркін, Нұрғиса деген хас талант қой. Мінезді де құдай соған сай үйіп-төгіп бере салған. Өзін кейде игере ал­май қалады. Тіпті, сол тентектігі өзіне жа­ра­сады да. Оны тіпті басқаша елес­тету де мүмкін емес. Сол мінезін ел де көтереді. Орнында басқа біреу болса, оны баяғыда-ақ сотқа сүйреп немесе жындыханаға жаптырып та тастар ма еді, – деп әлі де әлгіндегі әңгімені ұмыта алмай отыр. Басшымызды не айтса да дөп сөйлейтіні, сөздің парқын білетіні үшін жұрттың бәрі құрмет тұтатын. Өзіміз де бұл қасиетіне күнделікті өмірде куә болып, еріксіз тәнті болатын едік. Сондықтан да шығар, Сейдағаңның сүйсіне айтқан әлгі сөзінен кейін өзіме салған беттен ұнай қой­ма­ған Нұрғиса ағама мен де іштей кешірім жасап үлгердім.
Бұдан кейін де Нұрғиса ағамен жүз­десудің сан рет сәті түсті. Бірде ол: «Ой, Алтынбайым!» – деп мейірлене маңдайымнан сүйіп, жікжапар болса, енді бірде «Әй, иттің күшігі, сен неге хабарсыз кеттің? Байқа, құлағыңды кесіп аламын», деп тасыр қылығымен таң қалдыратын. Ол-ол ма, енді бірде телефон соғып: «Сен қыз не қарап жүрсің? Ана Кано бауырың қу тізесін құшақтап, өлетін болды ғой. Соған кәне, қатын тауып бер», деп әлек салатын. Бұл жерде әлек салды деп жайдан-жай айтып отырғаным жоқ. Телефонмен хабарласқаны аз болғандай, көрген сайын «Әй, қыз, саған Каноға қатын тап дегенім қайда?» деп жағамнан алардай жармаса кет­кен кездері де аз емес. Кано деп отырғаны кинорежиссер Қаныбек Қасымбеков. Ол көпке дейін бойдақ болып жүрді ғой. Нұрғиса ағамыздың қабырғасына сол қатты батқан сияқты.
Бірде тіпті көше бойында кездей­соқ жолығып қалған газет авторымен сөйлесіп келе жатқанымды көріп: «Әй, сен неге жапалақша жарбиып менің қарындасымның қасында жүрсің? Ал­ды­мен артыңа қара», деп әлгі кісінің жаға­сына жармасып ұятқа қалдырғаны да, бар. Оның бұл мінезіне бірте-бірте көз де, көңіл де үйрене бастаған. Әйтсе де, кейіннен өмірінің соңына қарай оны басқа бір қырынан көргенімді қалай ұмытамын. Бірде кенже қызым Әйгерімді менің қасымнан көріп, оны бауырына басып өбектеп тұрған ағам маған айғай салғанда шошып кет­кенім де есімде. Сөйтсем, ол Әйгерімнің саусақтарының салалы екеніне көзі түсіпті.
– Әй, қыз, сен мына баланы маған неге әкелмей жүрсің? Құдай-ау, бұл туабітті домбырашы ғой. Саусағын қарашы, – деп оның қолын ұстаған күйі маған бұрылды да: «Өзі музыкалық мектепте оқи ма?», – деді. 
Әйгерім менен бұрын «жоқ» дегендей басын шайқады. Тоқсаныншы жылдардың іші ғой. Күнделікті күнкөрістің өзі қиын кезең. Сол қиындықпен арпалысып жүріп, оның саусағына кім мән берген.
– Қап, мына саусақ фортепьяноға да келіп тұр. Әлемді дүр сілкіндірер бір музыкантты сен құрттың ғой, құрттың, – деп бір қыжыртып өткен ол бірер сәттен кейін: «Әлі де кеш емес. Маған әкел. Бұл баламен енді өзім жұмыс істеймін», деді. Алайда, Нұрғисадай тума таланттан дәріс алуды қызымның маңдайына жазбаған екен. Көп ұзамай ол дүниеден өтті. Әйтсе де оның көрегендігіне тағы да бір қайран болдым. Әйгерім Алматының шағын ауданындағы №13 мектептің төртінші сыныбында оқып жүрген. Сол мектепте оқушылардың домбыра ор­кестрі бар екен. Қызым сол оркестрге қаты­сып, домбыра тартуды үйренгісі келе­тінін айтып, қыңқылдап қоймады. Біз болсақ, күні бойы жұмыстамыз. Әй­­герім үйде жалғыз. Бала ғой, есікті ашып, арлы-берлі жүргенде бір пәлеге тап болып қала ма деп қорқасың. Тіпті бол­­ма­­ғасын, оған рұқсат беруге тура келген.
Арада айға жуық уақыт өтті. Әй­герім­нің мектебінде ата-аналардың жал­пы жиналысы өтетін болып, сол жиын­­ға барғанмын. Сол кезде мектептегі дом­быра­­шылар оркестрі өнер көрсетті. Өз көзі­ме өзім сене алар емеспін. Жиыр­ма шақ­ты оқушыдан құралған оркестрдің алдын­­дағы жеке орындықта домбырасын құшақ­тап менің қызым отыр. Олар сол күні ата-аналар алдында бірнеше күй тартып берді. Концерттен кейін домбыра ор­кестрі­нің жетекшісімен де жолығысып қал­дық. Ол Нұрекең қайтыс болғаннан кейін «Отырар» ансамбліне жетекшілік ет­кен бас дирижер Бегендіковтің інісі екен.
– Әйгерім домбыраны жаңа үйрене бастады ғой. Оны неге жеке солист етіп алдыңыз? – дедім оған.
– Әйгерімнің жаңа үйреніп жүргені рас. Бірақ құлшынысы сондай, осы қысқа мерзімде-ақ он бес шақты күйді тәп-тәуір меңгеріп алды. Ең бастысы, басқалардай емес, музыканы жүрекпен түйсінеді. Бұған тездетіп домбыра әперіңіз. Үйде қолын жаттықтыруы керек, – деді ол. Осы сәт мен қызымның осыншама қыс­қа мерзімде бірқатар күйді үйреніп алға­нынан гөрі, Нұрғиса ағаның балаң қыз­дың бойындағы қабілетті жазбай таны­ғанына қайран қалдым.
Ал Нұрғиса ағаның мені кәдімгідей іш тартып, жақын адамдай жанасуы әлдебір тылсым күш арқылы қан жақындығын сезінуі ме, жоқ әлде ол кісінің барша жұрт­қа деген адами сезімі ме, ол жағын әлі күнге дейін білмеймін. Бар білеті­нім, кейіннен, яғни Әлімқұл ағаның сөзі­нен кейін байқап қарасам, анам мен Нұр­ғи­са­н­ың түр-түсі де бір-біріне қатты ұқ­сайды екен. Рас, анам қазақы тәрбие ал­ған әйел адам ғой, дәл Нұрекеңдей қай­дан болсын. Әйтсе де екеуінің мінез-құл­­қында ұқсастық та аз емес сияқты. Анам да күлбілтелемей кімнің болса да бетіне тура айтатын, шектен шығып бара жатса, кімді болса да бір-ақ ауыз сөзімен ауыздықтай алатын адам еді. Әттең, көзі тірі кезінде екеуі жүздесіп бір мауқын басқанда ғой.
Енді бәрі де кеш. Бірақ өз ортасынан жырақта өсіп, туған-туысын аңсаған анамның бір тілегіне жүрдім-бардым қарағаным үшін өзім бүгінде қатты өкінемін. Иә, көңілде бір өкініш қалды.

Жұмагүл СОЛТЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері