Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді».
Мемлекеттік ту – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздерінің бірі. Сондықтан да ту елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарады. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Еліміздің туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы 1:2 болып келеді.
Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Мысалы, аспан түстес көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді. Жалпы, геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан, еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген.
Еліміздің мемлекеттік рәміздерінде күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтап тұр. Ал қыран бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің күш-қуатын, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысын көрсетеді.
Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.
Мемлекеттік елтаңба да – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.
Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Мемлекеттік елтаңбамыз дөңгелек нысанды болып келеді. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы. Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғары бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ, «Қазақстан» деген жазу алтын түстес.
Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланысты.
Ал қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Себебі, бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпэтносты халқының қуатты және өркендеген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен бірге, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.
Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сондай-ақ, ол жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан, молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады. Елтаңбадағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын білдіреді. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық екенін айғақтайды.
Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.
Мемлекеттік әнұран (гимн) да – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие маңызды дыбыстық рәміз саналады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің Мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Қазақстанның музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге Мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Сөйтіп, Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа Мемлекеттік әнұранын бекітті.
* * *
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін бүкіл әлемге жария етуші және мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың асқақ рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Бүгінде ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері саясат пен экономика, қауіпсіздік пен қорғаныс салаларымен емес, ол ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттың нышандарымен де тығыз байланысты.
Деректерге сүйенетін болсақ, рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы символ-тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың таңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасып жатқанын көруге болады. Қазіргі кезде Қазақстанның мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап береді. Осы іспен айналысатын сарапшы-мамандар мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген елдің негізін құрайтын тұжырымдамасы – ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс дегенді айтады.
Рәміздер бойынша елімізді тануға, оны бүкіл әлем жұртшылығына танытуға болады. Өйткені, оларда халқымыздың бастан кешкен тарихы, арғы-бергі мәдениеті жатыр. Сол себептен де рәміздерге деген құрмет отансүйгіштік сезімнің бастау көзі болмақ. Мемлекеттік рәміздерді ресми түрде қолданудың тәртібі ел Конституциясында белгіленген. Міне, бұл мемлекеттік рәміздердің мәртебесі жоғары екенін көрсетеді.
Тарихи мәліметтер мен деректер мемлекеттік рәміздерді дайындау аса ыждағаттылықпен қолға алынғанын көрсетеді. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша құрылып, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ерік Асанбаев жетекшілік еткен Мемлекеттік кеңестің талқылауына Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған екен.
Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздері бүкіл әлемге кеңінен танылды. Қазақстанды осы рәміздеріміз арқылы халықаралық қоғамдастық толық мойындады. Аспанкөк түсті туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының алдында және Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері мен өкілдіктері орналасқан ғимараттарда желбіреп тұр. Әлемдік спорт жарыстарында еліміздің Олимпиада чемпиондары Әнұранымызды шырқап, Туымызды биіктерден көрсетіп жүр. Міне, бұл – тәуелсіздігіміздің, дербестігіміздің жарқын көрінісі, нақты мысалы.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»