Театр • 20 Мамыр, 2017

«Қорғансыздың күні» сахнаға қалай шықты?

1187 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тіршіліктің адамзатпен бірге жасасып келе жатқан күрделі сұрақтарына жауап іздеуде кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің қорғансыздар тақырыбын да әбден жеріне жеткізе қаузағаны белгілі. Ол қорғансыз жандардың бейнесін  қашап жасаған қаламгер. «Жетім» әңгімесіндегі жетім бала Қасым, «Оқыған азаматтағы» Мақсұттың кемпір шешесі, «Абай жолындағы»  Иіс кемпір, Дәркембай шал, «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза боп жалғаса береді. Бұл қапелімде есімізге түскендері ғана. Ал осы тақырыпты бүгінгі біздің ой иелері қай қырынан көрсетіп, өнер тіліне қалай көшіріп жүр? ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтің жазушы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты әңгімесінің негізінде сахналаған «Қорғансыздың күні» драмасының премьерасын тамашалаған соң төмендегі жазбаға ерік бердік. Өйткені бұл шығарма тұңғыш рет қойылып отыр. Әрі қорғансыз жандар тақырыбы қай қоғамда да өзекті. Шынында біз үшін кімдер қорғансыз?

«Қорғансыздың күні» сахнаға қалай шықты?

Драманың премьерасы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтті. «Қорғансыздың күні» әңгімесін жақсы білеміз. Жазушының әңгімесінде уылжыған жас, арманшыл бойжеткен Ғазиза, оның соқыр шешесі мен кәрі әжесінің және көз байланған уақытта үйге кеп ойындағы арамза әрекетін жүзеге асыратын зинақор  болыс Ақан мен жағымпаз, қу Қалтайдың бейнесі ғана бар. Айналасынан көрген қорлығы, жалғыз ұлдан айрылудың азабы, басқа да оқиғалар әңгімеде қарт әженің аузымен баяндалады. Осы әңгімені жаңаша зерделеген режиссер Әлімбек Оразбеков инсценировкасында бірқатар өзгерістер жасалыпты.

Режиссер «Қорғансыздың күніндегі» қарт әженің аузымен баяндалған оқиғаны тұтасымен сахнаға алып шыққан. Режиссердің қосқан тағы бір жаңалығы – қораға ұя салған қарлығаштар. Бүгінгі заманның өнерінде символдың мәні жоғары. Біз қазір көп дүниені символ арқылы көрсетуге құштармыз. Қарлығаш бұл жерде сенімнің символы. Арманшыл, аңғал Ғазизаның қораға ұя салған қарлығашты көргендегі шаттанысы оның жан-дүниесіндегі тазалықтың, адамдарға деген сенімінің белгісі. Әкесі мен қос шешесіне қатар еркелеп жүрген албырт Ғазиза сахнаға осы бейнесімен шықты. Бірақ көңілімізге бір қона қоймаған нәрсе – жас қыздың психологиялық портретінің әлсіздігі. Мұндағы кейіпкер белгілі бір дәрежеде ауытқушылыққа ұшыраған адам сияқты әсер берді. Жөнсіз сөздер айтады, көп күледі, орынсыз әрекеттер жасайды. Ал жазушының классикалық әңгімесіндегі Ғазиза әкесі мен інісінің қазасын көрген, жүрегі шайлыққан, қабағын кірбің басқан, жанары мұңға толы саналы бойжеткен болатын.

Жарық пен қараңғыны, яғни, ізгілік пен зұлымдықты бас кейіпкерлер  ретінде сахнаға алып шығу режиссер тапқырлығының көрінісі. Қос жігіт бүкіл оқиғаларға араласып отырады. Олардың әрқайсысы өмір туралы өз ойларын айтыса жүріп жеткізеді.  Әсіресе әзәзіл бейнесіндегі қараңғылықтың рөлі өте сәтті шыққан.  Драмада оқиғалар тез ауысып отырады. Динамиканың жоғарылығы, табиғаттың қаталдығын, кедейдің жамау-жасқау тіршілігін, адамдарға тән қасиеттерді бейнелеуде символдың молдығы байқалады. Кейіпкерлердің әрекеті, сөзі, мимикасы бәрі тылсым бір үндермен астасып сахналанған. Яғни, адамдарды өз сана-сезімі билемесе, жасырын әзәзіл күштер  басқарады деген философияға ырық берілген сыңайлы.

Заңғар жазушының жазбасы күні батқан, шіріп тозығы жеткен феодалдық қоғамның тұрмыс-тіршілігінен, сол қоғамдағы адамдардың психологиясынан хабар беретін әңгіме. Күштінің әлсізді жеңуі табиғи заңдылық ретінде көркем тілмен әдіптелген. Кейіпкерлердің бәрінің образы тамаша ашылған. «Қорғансыздың күні» драмасында да сәтті образдар бар. Қызығы, мұнда қарау, дүниеқоңыз Дүйсен мен оның әйелі, қонақ боп келіп қызды қорлау туралы болысқа ой айтқан жағымпаз Қалтайдың жексұрын бейнелері әсерлі. Бірақ, байқауымызша, режиссер бейнелерді ашуды мақсат етпеген сыңайлы. Адамдарды мәңгі толғандыратын ізгілік пен зұлымдықтың тартысында зұлымдықтың жеңуінің себебін адамдардағы тобырлық қасиетпен байланыстыруға күш салған. Сахнаға көп кейіпкерлер шықты. Бірақ олар бірі көзін жұмса екіншісі де жұмады, бірі айқайласа екіншісі айқайлайды, оған үшіншісі қосылады. Олар біресе жанды кейіпкерге, біресе символға айнала жүріп, түрлі оқиғалар барысында адами мейірім, махаббаты кем қуыс кеуде тіршілік иелері екенін ғана көрсетті. Режиссер қорғансыздар тақырыбын ашуда байдың кедейден не әлдінің әлсізден көрген қорлығын  сахналаған жоқ. Кеудесінде жарығы бар адамдардың тобырдан қорлық көріп, қорғансызға айналатынын не өлім құшатынын бейнеледі.

Сахнаның алакөлеңкелігі, кейде тұтастай қараңғылығы, бас кейіпкер жарық-жігіттің қолындағы шырақты анда-санда ғана тұтатып жүгіріп жүруі, қорғансыз бейшаралардың ит-өмірі, қыздың төгілген абыройы, соңында қорлыққа шыдай алмай ажал құшуы – бұның бәрі қараңғының жарықты жеңуі болса да, режиссер тарапынан ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі тартысын бейнелейтін символ драманың шешуші сәтіне қойылған. Бұл да болса үнемі қараңғылық жеңеді екен ғой деген ойдан арашалаудың бір тәсілі болса керек. Жалпы, драмада жоғарыда айтқанымыздай динамика жоғары, символ көп, композициясы шымыр.

Айта кетейік, қойылымды Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының артистері сахналады. Ал, драманың қоюшы суретшісі – Шынар Елембаева.

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»