Медицина • 22 Мамыр, 2017

Діни экстремизммен күрес – дінді ұстанушылармен күрес емес

289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында Пар­­­ламент Мә­жі­лі­сі­нің көшпелі отырысы өт­кізілді. Мәжілістің Ха­лықаралық іс­тер, қорғаныс жә­не қауіп­сіздік коми­те­ті бас­тамашы бол­ған бас­қосуда «Терро­ризм мен діни экстре­мизм­нің про­филак­тикасын және олар­дың алдын алуды кү­шейту мәселелері, сон­­дай-ақ, осы сала­даға заңнаманы же­тіл­­діру жөніндегі ша­ралар туралы» мәсе­ле талқы­ланды. Оты­­рыс­ты аш­қан атал­ған коми­тет төрағасы Мәулен Әшім­баев алғашқы сөз­ді Парламент Мә­жі­лі­сінің Төрағасы Нұр­лан Нығматулинге берді.

Діни экстремизммен күрес – дінді ұстанушылармен күрес емес

Спикер бабалардан бас­тау алған тыныштықты сақтау мен татулықты тереңдету ісі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да басты мұраты екенін атап көрсетті. Өйткені, ел қауіпсіздігі – қашан да тұрақты дамудың кепілі. Оны қамтамасыз ету үшін елімізде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданып, осы мәселеге байланысты заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Әрі терроризммен күрес жөнінде арнайы комиссиялар құрылды. Өкінішке қарай, өткен жылы елімізде, соның ішінде Ақтөбе қаласында террорлық әрекет орын алды. Бұл бәріміз үшін сабақ болды, деді Нұрлан Зайроллаұлы. 
Елбасының биылғы Қа­зақ­стан халқына Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керектігін тапсырды. Ақтөбедегі Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысы бүгінгі күннің өзекті және маңызды мәселесі – діни экстремизм мен терроризмге арналуының бас­ты мәні осында. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: бүгінгі күні терроризм қапері халықаралық қауіпсіздік жөніндегі түсінігімізді түбірімен өзгерткенін, терроризм шекара мен елдерге, бай мен кедейге бөлінбейтінін мәлімдегені белгілі. Соңғы жылдары ел Парламенті терроризм және экстремизммен күресу үшін оның құқықтық негізін құру жолында бірқатар жұмыстар атқарды. Сонымен бірге, бұл шаралар ел азаматтарының діни құқықтары мен ар-ождан бостандықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс. Яғни, діни экстремизммен күрес дінді ұстанушылармен күрес емес екенін түсінген жөн. 
Дегенмен, қазіргі күні діни экстремизмді ауыздықтау үшін оның жаңа үлгілері мен тәсілдерін іске асыру қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі күні интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер кейбір қазақстандықтарды шет елдердегі террорлық актілерге тартудың басты бір тетігіне айналған. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей бұл ретте деструктивті күштерді қар­жы­ландыратындарға және шетелдік террористік ұйым­дармен байланыс жасай­тындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады. Ақтөбедегі Парламенттің көшпелі мәжілісі осы мәселенің мән-жайын талқыға салуымен де маңызды болмақ. 
Отырыста террорлық әрекеттерге қарсы іс-қимыл жасайтын комиссиялардың қызметіне жаңа мазмұн беру қажеттілігі айтылды. Сондықтан, осы тектес өңірлік комиссиялардың жай-күйіне ерекше мән беру керектігі көрсетілді. Мұндай көзқарас, біріншіден, жергілікті жерде профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жолға қоюға септігін тигізбек. 
Спикер осы тұста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы жылдары Ақтөбе облысында «Халық қауіпсізідігін қамтамасыз ету» атты ауқымды жоба қолға алынғанын атап өтті. Соған сәйкес, өңірде білікті дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, теологтар, кәсіпкерлер, имамдар және құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеді. Олардың жұмыс ауқымы облыс орталығы мен бес ауданды қамтыды. Ал тұрғындар санына шаққанда 145 мыңға таяды. Бұл дерек әрбір алтыншы ақтөбелік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты шараларға қатысқанын көрсетеді. Ең бас­тысы, жоба аясында бизнес-ортаны дамытуға әлеуметтік мәселелер мен тұрғындарды жұмысқа орналастыруға баса көңіл бөлінді. 
Қаралған тағы бір мәселе – тұрғындар арасындағы діни сауаттылықтың жай-күйі мен экстремизм мен терроризмге қатысты алдын алу жұмыстарына кең жол ашылғаны. Әрі оны жүйелі негізге қоя білу қажеттілігі айтылды. Бұған азаматтық қоғам өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар тиісті ықпал жасай алатындары айтылды. Бұл ретте, Мемлекет басшысының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық ма­қа­ласы жолбастаушы болмақ.  
Парламенттің көшпелі отырысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тал­қыланып отырған көкейкесті мәселелерге орай өзінің нақты ұсыныстары мен ой-пікірін білдірді. Атап айтқанда, біріншіден, өңір басшысы отырысқа қатысушылардың назарын салафизмге ресми түрде тыйым салу қажеттілігіне аударды. Екіншіден, Бердібек Мәшбекұлы діни әдебиеттердің жай-жапсарына қатысты түсінбестік туғызып жүрген жайттарды бір ізге түсіруді, оның таралымын бақылауды ұсынды. Үшіншіден, ол дүниеге келген сәбилердің екпе жасаудан бас тартып жүрген ата-аналарымен жүргізілетін жұмыстарының жеткіліксіздігіне тоқ­талып өтті. Қазіргі кезде тиісті мемлекеттік мекемелер оны мұқият қадағалау ісіне баса назар аударуы тиіс. 
Отырысты жүргізіп отырған комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев өңір басшысы құнды ұсыныстар айтқанын, бұл басқосудың қорытынды есебіне енетінін жеткізді. Бұған қосарымыз, өңір басшысының теологтарды жергілікті жерде әзірлеу жөніндегі тағы бір ойлы да құнды ұсынысын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлының тарапынан да қолдау тапты. 
Көшпелі отырыста баяндама жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары Нұрғали Білісбеков елімізде экстремизмге қарсы күрестің алдын алу шараларын реттейтін 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманың ерекшелігіне тоқталды. Бұл қатерді тек бір ғана күштік құрылымдар арқылы ауыздықтау мүмкін емес. Ең алдымен, терроризмге қарсы іс-шараларға әлеуметтік, тәрбиелік және адамгершілік сипат берілсе, бұл іс солғұрлым нәтижелі болмақ. Бұл мәселеде терроризмге қарсы өңірлік комиссияларға үлкен жауапкершілік жүктеледі, дей келе, Н.Білісбеков Ақтөбедегі осындай комиссия қызметін үлгі ретінде алға тартты. 
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев дін саласын реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жөніндегі жоба әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл заңдық құжаттар радикалдық идеология мен деструктивті күштерге қатаң тосқауыл қоюды көздейді, деді ол. Сонымен бірге, ведомство басшысы республикамызда бұған дейін қабылданған балалар құқықтары туралы заңға тиісті өзгерістер енгізу керектігіне екпін түсірді. Сондай-ақ, шет ­елдерде білім алатындардың тәртібін реттеу жөнінде де бірқатар мәселелер шешіліп жатқанын айтты. 
Бұдан соң Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов пен Парламент Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Жанат Жарасов талқыланып отырған мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. 
Көшпелі отырысты Парламент Мә­жі­лісінің Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­тулин қорытындылап, оған қатысқандардың сындарлы ой-пікірлері мен ұсыныстары үшін ризашылығын жеткізді. Әрі тал­қыланған мәселелердің діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын күшейтуге қатысты жаңа заң жобасын әзірлеуге негіз болатынын атап көрсетті. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20