Мәдениет • 26 Маусым, 2024

Балаларға арналған қазақ тіліндегі фильмдер көбейеді

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балаларға арналған қазақ тіліндегі фильмдер көбейеді

Фото: Ашық дереккөз

«Мемлекет басшысының кинематография саласын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет «Кинематография туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, кино саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігін әзірлеп жатыр. Енгізіліп жатқан түзетулердің қатарында отбасылық көруге арналған қазақ тіліндегі балаларға арналған анимациялық  фильмдердің санын көбейту туралы нормалар бар. Тиісті заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатыр», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр Үкіметтің қаулысымен бекітілген Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясатының тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын хабарлады. Ол отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 2022 жылғы деңгейден 2030 жылы 35%-ға дейін ұлғайтуды көздейді (2023 жылы 18%, 2024 жылы 21%, 2025 жылы 25%, 2026 жылы 28%, 2027 жылы 30%, 2028 жылы 32%, 2029 жылы 35%).

«Анимациялық фильмдерді шығару «Кинематография туралы» заң негізінде реттеледі. Яғни, бұл заңда анимация өнерінің құрылымы кеңінен қарастырылған», деп нақтылады Олжас Бектенов.