Аймақтар • 22 Мамыр, 2017

Өңірде Елбасы тапсырмасы тиімді жүзеге асуда

161 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, әуелі еліміздегі ең ірі жел электр стансасының жұмысын көрді. Қордай ауданында қолға алынған бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаржыландырылып отыр.

Өңірде Елбасы тапсырмасы  тиімді жүзеге асуда

Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге Германияда жасалған энергетикалық қондырғылардың жұмысымен де таныс­ты. Мұндай жел турбиналарының биіктігі 60 метр болса, салмағы 180 тоннаға дейін же­теді. Өз сөзінде Мұхтар Абрарұлы баламалы энергетиканы қолданудың нәтижесінде облыста «жасыл экономиканы» дамыту бойынша аймақта алдыңғы орыннан көрінуге мүмкіндік мол екенін атап өтті. 
Сондай-ақ, аудандағы жергілікті фер­мер­лермен де кездескен партия Төр­ағасының бірінші орынбасары бұдан кейін Меркі ауданындағы «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінде болды. Аталған кәсіпорын – 70-тен астам сүт өнімдерін өндіретін өңірдегі іргелі шаруашылық. Зауыттың тағы бір ерекшелігі, бүгінде 40 шаруа қожалығын біріктіріп, тың бастамаларды қолға алып отыр. Осындай сәтті бастаманың нәтижесінде өндіріс орнында өнімділік қуаты, тұтынушылар базасы, жұмысшылар саны және жалақы көлемі артқан.
– Елбасы тапсырмасымен жыл сайын ауыл шаруашылығын қолдауға мил­лиард­таған қаржы бөлінуде. Оларды тиімді пай­далану үшін ұсақ шаруашылықтар ірі коопе­ративке бірігуі керек. «Меркі ірімшік зауыты» осындай 40-тан астам шаруа­шылықтың басын қосады. Міне, бұл Елбасы тапсырмасы тиімді жүзеге асуының нақты көрінісі, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед. Мемлекет басшысының Жамбыл облысына қашанда айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Соның нәтижесінде, халықаралық маңы­зы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуро­па» көлік дәлізінің 500 шақырымға жуығы осы облыстан өткенін, өңірді газдандыру мақсатында «Амангелді» газ кен орнын­дағы өндіріс көлемінің артқанын және ин­дустриялық-инновациялық даму мемле­кеттік бағдарламасының екінші бесжыл­дығы аясында облыста 500 миллиард теңгеден астам қаржыға 35 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бұдан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өңірдегі жұмыс сапары Тараз қаласында жалғасты. Партия Төрағасының бірінші орынбасары шаһардағы «Арай» тұрғын алабындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бас жоспарға сәйкес, бұл кешенде 19 көп пәтерлі үй салу көзделуде. Пәтерлер «Бәйтерек Деве­лопмент» акционерлік қоғамы және «Тұр­ғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы саты­латын болады. Сондай-ақ, коммунал­ды тұрғын үй қорында пәтер кезегінде тұр­ғандарға да аталған кешеннен баспана алуға толықтай мүмкіндік бар. 
Айта кетейік, облыста алғаш рет құ­рылыс жұмыстарының көлемі 103 миллиард теңгеден асып, салынған инвестиция көлемі 32 пайызға артып отыр. Аталған саланың мұншалықты серпін алуы «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасының басталуымен тікелей байланысты. Мұхтар Абрарұлы өз сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы партия өкілдерінің қатаң бақылауында болатынын айтты. «Сондықтан, нұр­отан­дықтар бөлінген қаржының тиімді әрі толық жұмсалуын, үйлердің барлық техно­ло­гиялық талаптарға сай салынуын және пәтерлердің тұрғындарға уақтылы берілуін ұдайы назарда ұстауы тиіс», деді. 
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қа­тысуымен партияның облыстық активімен кездесуі өтті. Кездесуде Мұхтар Абрарұлы Елбасы ұсынған экономикалық және сая­си реформалардың мәні мен маңызын халыққа түсіндіру жөнінде партия облыстық филиа­лына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, негізгі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда нұротандықтардың рөлі қандай болу керектігіне де тоқталды. 
Сапар аясында Мұхтар Құл-Мұхаммед М-Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессорлық-оқы­ту­шылар құ­ра­мымен және студенттермен кездесті. Шара барысында Мұхтар Аб­рарұлы Президенттің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған басым бағыттар жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, Елба­сы­ның аталған мақаласы әрбір жас қазақ­стан­дықтың басты құжаты болуы тиіс екенін және Мемлекет басшысының Тәуелсіз Қазақстанды жарқын болашаққа жеткізу жолында жастарға ерекше сенім артып отырғанын атап көрсетті.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы