19 Мамыр, 2017

Ел мен ер

590 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қай заманда болсын туған елі үшін толарсақтан саз кешіп, етікпенен су кешіп, желдің өтінде, жау жақ бетінде жүрер ерен тұлға, біртуар перзенттердің жөні де, жолы да бөлек. Бұл қазақта ел қамын жеп еңіреген Едіге сынды не сан ерлер өткен. Оларды «Есіл ерім!Асыл азаматым!» деп асқақтатады. «Ел бағына туған ер» деп әспеттейді. Ер деп, азамат деп жаяу борасын, жай жөпшеңділерге айтылмайды. Шын мәніндегі ер деген атаққа ілігу ілуде біреудің қолынан келмек.

Ел мен ер

Ер елден шығады, халықтың қалың ортасынан топ жарады. Ел болмаса – ер қайда?!  «Ел болса ер туғызбай тұра ал­майды, Ер туып жоқ елді бар қыла ал­май­ды» деп жырлаған қазақ жырының қайы­ру бермес құлан жүйрігі Иса Байзақов айт­қан ақиқатқа жүгінбеске әддіміз және жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, ермен салыс­­­тырғанда елдің бәсі әманда биік. Ел жолына еркек тоқты құрбандық, ал ер жолы­­на бүкіл ел ешқашан құрбандыққа шалын­­байды. Мұны ата-бабаларымыз­дың шежі­релі тарихынан байқап біліп келе­міз. Демек, ел ерге емес, ер елге қызмет етеді. Бағ­зының бағзы замандарынан бері солай болып келе жатқан бұлжымас қағида осы. 
Қызметін Отанына, туған еліне қыл­маса, ер де жоқ, ерлік те жоқ. Әзелден ел алдындағы еңбегін бұлдау, міндетсіну – ерге жат. Ер қызметі риясыз. Ер болудың үл­гісіндей Бауыржан Момышұлы – Бау­кеңнің «Отан үшін отқа түс  – күймейсің» деуі сондықтан. Сонау көктүрік заманынан тартып айтсақ ерен Күлтегіннен бастап соңғы көкжал ханымыз Кенесарыға дейінгі заңғар бабаларымызды былай қойғанда, бертінгі жаңа замандағы Алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел мен Жанша, Жүсіпбек пен Мағ­жан, Сұлтанмахмұттың қазағына, хал­қы­­на қызмет қылудан, еңбек сіңіруден басқа мұрат-мақсаты әсте болған емес. Ел мен ер арасындағы осыншалықты үздік мүдделестікті, ел жолына өмірін сарп етудің, барлық жігер-қайрат пен білімін жан-тәнімен елге арнаудың мұншалықты теңдессіз үлгісін күллі әлем тарихынан кездестіру қиын. Халқым дегенде қарс айырылған жүректерде алаулаған арман-мұраттың асылдығы мен жасындығы сонша, олар «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», сөйтіп бодандық пен надандық шырмауындағы елге жақсылық-шарапаттың рахман нұрлы жарығын төгуді көксеумен өтті, осы азапты жолда өртеніп жанып кетті, аманатын кейінгі толқын ұрпақтарға қалдырды. 
Осыған қарап пайымдағанда, ерлердің басты қасиеті, басқалардан артықшылығы ел алдындағы перзенттік борышқа адалдық деп айта алсақ керек. «Адалдық ардың ісі, ауырлықты көтеру нардың ісі» деп нақылдайтын қазақ елінде, шүкір құдайға, нәубет ашаршылықта омақастырып есеңгіретсе де, қызыл қуғында жақсы-жайсаң, ақыл-ойдың қаймағын сыпырса да, тың игерудің теперішін көрсетіп бақса да, ерлер мен ерлік құтайған емес. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп құлагер ақын Ілиястың айтуына бақсақ, кеңестік кер замандағы кердең саясатқа бас шұлғымай, ел намысын қолдан бермей, қасқайып қарсы тұра білген ерлерімізді қастерлеп құрмет тұта жүруді қаперден шығармасақ игі. Халық жүрегінен орын тепкен сондай атаулы ерлердің көш басында жаңа замандағы бас батырымыз Баукеңнен бастап тарих ақиқатын айтқан Ермұхан Бекмаханов, жеріміздің бүтіндігі үшін басын бәйгеге тіге күрескен Жұмабек Тәшенов, ұлттық мәдениетті ұлықтаудан танбай өткен Өзбекәлі Жәнібеков, Желтоқсанда шарболаттай шамырқанған Жұбан Молдағалиев, қазақтың тұңғыш ғарышкер баһадүрі Тоқтар Әубәкіров және басқалар тұрғаны хақ. Әрине, айта берсек бұл тізім де аз болмас. 
Бірақ бар гәп – сол ерлердің бүгінгі ғибратында. Кенесары хан сияқты пассионар тұлғаларды замана толғағы тудырады дейік. Әйткенмен де, бүгінгі бейбіт дәуірімізде, әсіресе, еркін тыныс­таған егемен елімізде ерлікке орын жоқ, ерлер болмайды деп кім айтар? Олай айтса, көңілімізді мұңайтар. Тек ер деп жүргендеріміз ел қазынасына қол сұққан, көмейін кең ашқан ындыны жаман жемқорлар болып шыққан мысалдары көбейіп бара жатқаны жанға батады, жабырқатады. Әр өңірде, әр қалада халықтың ер деп жүргені өз құлқынын ойлаған ез боп шыққан сайын көпшілік көкейіндегі ер мен ерлік туралы тұнық ұғым лайлануда. Өкінішті, әрине. 
Қазірде қазаққа жаңағыдай ездер емес, ел рухын көтеретін, талабын көкке шырқатып самғататын ерлер керек. Өнер мен дарын, таудай талап иелері керек. Әр салада, әр қиырда, әр қияда қырандарымыз самғап қалықтасын дейміз. Еңбегін, өнерін, қажыры мен дарынын елге арнағанын қалаймыз. Құдай-ау, Грузияның бір бай-бағланы 45 мың халқы бар туған ауданына қаржысын салып, жердегі жұмақты жасап қойыпты. Қариясына − құрмет, жасына – көмек, сырқатына – шипа, дені сауға – жұмыс. Осының бәріне мүмкіндік ашқан. Бәрекелді, ер екен дедік. 
Осындай кең пейілді, дархан көңілді нарқасқа жігіттер қазақта да кенде емес. Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспанов сынды айкөл азаматтарымыз қалт­қысыз қайырымды істерімен әркез қуантып жүр. Бірақ осындай азамат­тары­мыз әлі де болса аздау «Қарақұс басып жейді, ақсұңқар шашып жейді». Ер болсаң, жақсылығыңды елге жаса, азамат!

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»