Ақтөбеге арнайы келген Қазақ онкология және радиалогия ғылыми зерттеу институты маммалогия орталығының басшысы, медицина ғылымының докторы Шынар Тапаева мұндай науқасқа шалдыққандар сырт елдерде емделуді қолайлы көретінін айтып берді. Оның тұжырымдауынша еліміздегі осы тектес оталар тегін әрі сапалы жасалады.
«Егер ауру алғашқы сатысында анықталса еш қандай қиындық та қорқыныш та жоқ. Бұл кезде қатерлі ісіктен құлантаза айығып кетуге болады», дейді ол.
Сондай-ақ, еліміздің бас маммологының айтуынша мұндай аурудың алдын алудың басты бір жолы – көп бала туу, баланы емізу, түсік жасатудан аулақ болу. Өзінің бұл ой-пікіріне дәлел ретінде Ш.Тапаева бала босану көрсеткіші аз солтүстік өңірінде қатерлі сүт безі ісігіне шалдыққандар саны көп болса, керісінше бала туу дерегі көп еліміздің оңтүстігінде аз екенін алға тартты.
Өңірге сапары барысында жоғары білікті маман бірнеше әйелге бүгінгі заманғы технология арқылы ота жасады. Оның шеберлігі мен тәжірибесін ақтөбелік онкохирургтар да көңілдеріне түйді.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»