Өйткені, Елбасымыз айтқандай, «ұлт жадының тұғырнамасы» өткеннің өнегесі мен болашақтың үйлесімді сабақтастығын көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 13 мамырдағы қаулысы ақмолалықтарға да қуаныш ала келді.
Ендігі уақытта Ақмола облыстық филармониясы Үкілі Ыбырай есімімен аталатын болды. Бұл руханият тағылымындағы айрықша оқиға екендігі сөзсіз. Классикалық халық музыкасының белгілі өкілі, әнші, композитор, суырыпсалма ақынның өшпес мұрасы ұлттық рухтың жалынын жарқырата беретіні айқын. Биылғы жыл басында 60 жылдығын атап өткен іргелі өнер ордасы Үкілі Ыбырай есімін аспандата жалаулататыны сөзсіз.
Балуан Шолақ (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) – Көкшетау, Қараөткел өңірінде өсіп, өнер ұстартқан халық композиторы, атақты балуан, танымал тұлға ретінде қастерленеді. Осы орайда ел тілегі ескеріліп, Көкшетаудағы «Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне» Балуан Шолақ есімі берілуі құптарлық. Бұл құрметті 1991 жылы «Дәстүр және өнер мектебі» ретінде құрылған білім ордасы іргелі жетістіктерімен ақтайтынына сенімдіміз. Ең бастысы, ендігі жерде ән мен жырдың ордасында Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ есімі Көкшетаудың көшелеріне, мәдениет және өнер колледждеріне аттары берілген Ақан сері, Біржан салдармен қатар аталып, көңілдерді көркейтіп тұратыны ғанибет.
Үкіметтің осы қаулысымен Көкшетау қаласындағы №18 орта мектепке Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Сәкен Жүнісовтің, Ақкөл ауданындағы №3 орта мектепке жазушы, қоғам қайраткері Жайық Бектұровтың есімдері берілді. Сондай-ақ, Еңбекшілдер ауданындағы Сәуле орта мектебі «Шәрәпи Әлжанов атындағы орта мектеп», Ерейментау ауданындағы Малтабар орта мектебі «Перуаш Кәрімұлы атындағы орта мектеп», Қорғалжын ауданындағы Дружба орта мектебі «Ақтан Төлеубаев атындағы орта мектеп» мемлекеттік мекемелері болып қайта аталды.
Бақберген АМАЛБЕК,
журналист
Ақмола облысы