Медицина • 22 Мамыр, 2017

«Ақтөбе спортының ахуалы ойдағыдай»

215 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Егер денің сау болса, оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек», – деген екен әл-Фараби бабамыз. Ғұламаның ұлы пікірінен шығатын түйін – саламатты өмір салтын ұстанып спортпен ұдайы шұғылдану болмақ. Бұл мәселе Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясында да кеңінен көрініс тапқаны баршаға мәлім. Сондай-ақ, мұнда тек дені сау ұлт қана бәсекеге сай бола алатыны атап көрсетілген. Ел өңірлері осындай дені сау ұлт қалыптасуына алғашқы алғышарт қаламақ. Ақтөбе облысының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Жүсіповпен әңгіме осындай бағытта өрбіді.

«Ақтөбе спортының ахуалы ойдағыдай»

– Нұрлыбек Мейірханұлы, Ақтөбе аймағында бұқа­ралық спорттың жай-күйі қандай деңгейде?
– Облыста денешынық­тырумен және спортпен тұрақ­ты шұғылданушылар саны жыл­дан-жылға өсіп келеді. Өңірде тұратын халықтың санына шаққанда өткен жылы бұл дерек 27 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде алғанда, мұның өзі оң көрсеткіш деуге болады. Сүйегі қатып кеткен ересектерден гөрі балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуының маңызы ерекшелеу. Қазіргі күні спортты серік еткен еркін елдің ертең­гі өкілдерінің саны 17 мы­ңға жетіп отыр. Оның 6 мың­ға жуығы ауылдық жерде. Ал­дағы мақсатымыз – жоғарыда көрсетілген көрсеткішті 30 пайызға жеткізіп, халықтың бұқаралық спортқа кеңінен тартылуына жағдай туғызу. 
– Облыс орталығындағы қазіргі спорттық нысандар халықаралық деңгейдегі ірі жарыстар өткізуге сәйкес келмейді деген ой-пікірлер де айтылып қалып жүр. Бұған не дейсіз?
– Бір есептен мұны мүл­дем жоққа шығаруға бола қоймас. Дегенмен, кейінгі кезде халықаралық стандарттар мен ережелерге сай келетін әмбебап спорттық құрылымдар бой көтеріп үлгергені де шындық. Мұның бірі – Ақтөбе қаласындағы 400 орындық хоккей модулі. Қазір тамаша құрылыс кешені аяқталып келеді. Аталған спорттық нысан шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау секілді қысқы спорт түрлерін дамытуға мол септігін тигізбек. Сондай-ақ, жекпе-жек, күрес сарайы да биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тағы бір жағымды жаңалық, таяуда облыс орталығында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 2700 орындық көпбейінді мұз спорт сарайының алғашқы қазығы қағылмақ. Жоғарыда берген сауалыңызға қайтарған жауабымда айтып кеткенімдей, бұл нысандар пайдалануға берілген кезде 2020 жылға дейін тұрғындардың 30 пайы­зының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына мүмкіндік тумақ. Сонымен бірге, халықаралық деңгейдегі ірі жарыс­тардың өткізілуіне де қолайлы жағдайлар жасалмақ.
– Бүгінгі күнге дейін облыс орталығындағы екі ста­дионның да футболдан кез­десу өткізуге сәйкес бол­май келгенін немен түсінді­ресіз? Соның салдарынан «Ақтөбе» футбол клубы өз алаңына қар­сы­ластарын шақыра алмай келді емес пе? Бұл стадион­­дардың кем-кетігі қа­шан түгенделмек?
– Иә, облыс орталығында екі ойынның өтпей қалғаны рас. Мұнда республикалық футбол федерациясы мамандары қосымша стадионның жасыл алаңы кәсіби клубтар ойнайтын стандарттарға сәйкес келмейді деп шешім шығарған болатын. Дегенмен, бұл мәселе «Ақтөбенің» турнирдегі ойын кестесін жүргізуіне кедергі келтірген жоқ. Өйткені, федерация келісіміне сәйкес сәуірдің аяғында ойналатын екі ойын жаз айындағы маусымдық ойындарға көшірілді.
Енді орталық стадионның жай-күйіне келсек, «Ақтөбенің» мамыр айында өз алаңында ойнауына толық мүмкіндігі бар. Мұнда да федерация мамандары тиісті тексерулер жүргізді. Олар оның қорытындысына сәйкес, өңірде ұзаққа созылған қыстан кейінгі алаңның жай-күйі қазіргі жағдайда техникалық талаптарға сәйкес келмейді деп тапты. Яғни, мұны реттеу үшін қосымша уақыт қажет болды. Дегенмен, қазір бұл жағдай толығымен қалпына келтірілді. 
– Бүгінге дейін еліміздің көп­теген өңірлерінен Олим­­пиада жеңімпаздары мен жүл­­дегерлері шығып үлгер­ді. Ал әзірге Ақтөбеден Олимпиадада ел туын жел­бірететін спорт­шы­лар­дың шы­­ғатын түрі көрін­бейді. Жер­гілікті спорт ведом­ство­сының басшысы ретінде бұл мәселе сізді ойландыра ма?
– Олимпиада резервтерін дайындаудың бір көзі – спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар. Бұрын өңірде мұндай арнаулы мектеп құрылмаған еді. Бұл көкейкесті мәселе тек өткен жылы ғана өз шешімін тауып, жаңа нысан біздің басқарманың құзырына берілді. Қазіргі кезде оған колледж мәртебесін беру жолдары қарастырылуда. Спорттағы дарынды балаларға арналған оқу орны базасын одан әрі жақсарту үшін қазір мұнда спорттық кешен және жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолдары салынуда. Оның тәрбиеленушілерінің арасынан Олимпиада саңлақтары шығады деген үлкен үмітіміз бар. Мұның бер жағында алдағы Токио Олимпиадасында көк байрағымызды көкке желбіретеді деп үкілеп жүрген спортшыларымыз да жоқ емес.
– Облыстың шалғай аудандарында денешы­нық­тыру және спорт кешен­дері­нің бой көтеруі немесе құры­лысының салынуы ту­ра­лы не ай­тасыз? Бұл жөнін­де қан­дай жобалар бар?
– Өңірде таяудағы жылдарда барлық аудандарда денешынықтыру-сауықтыру ке­шендері құрылыстарын салып, аяқтау белгіленген. Бұл шаруа кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Мұғалжар және Темір, Байғанин секілді шалғайдағы аудандарда бұл істі «Самұрық-Қазынаның» қол­дауымен тұрғызу мүмкіндіктері қарастырылуда. Облыста халық саны жылдан жылға өсіп ке­леді. Біз осы оң әлеуметтік-демографиялық ахуалды ескере отырып, арнайы іс-шаралар жоспарын жасадық. Соған сәй­кес көп салалы спорт ғима­рат­тары мен алаңдарының құрылымдары жобаланды. Бұл мәселе сұхбатымыздың басында айтылғандай, бұқаралық спортты дамытуға да ыңғайлы болмақ. Өйткені, мұндай үлгі­дегі спорттық нысандар бірінші кезекте көпшіліктің баскетбол, волейбол, шағын футбол, хоккей және теннис спорты түрлерінен жергілікті деңгейде жарыстар өткізуіне арналған.
– Ақтөбе аймағы үшін басым спорт түрі қайсысы екенін айта аласыз ба?
– Бұл сұрағыңызға екі түрлі түйін мен көзқарас тұрғысынан келуге болады. Біріншіден, қай кезде де басым бағыт – Олимпиялық спорт түрлерін дамыту болып танылатындығы. Жаңа да айтып кеттім ғой, қазір біз бұл мәселеге барынша кең жағдай туғызуға бағыт ұстанып отырмыз. Ал мәселенің екінші бір қырынан келгенде, қазіргі таңда өңірде шаңғы, грек-рим, еркін күрес, каратэ, жүзу, таэквандо секілді спорт түрлері жақсы дамып келеді. Қазіргі мақсатымыз – ел өңірлері қата­рындағы спорт саласы көшінің алдыңғы легінен көріне білу. Бұған біздің күш-қуатымыз жетеді. Өйткені, бүгінгі күнде Ақтөбе спортының ахуалы ойдағыдай деп нық сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ