Волейбол спорты бойынша мұндай жоғары деңгейдегі сайыс Шығыс Қазақстан облысының ғана емес, еліміз тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылғалы жатқандықтан ерекше дайындық жүргізілді. Жарысқа әзірлік барысын, ұйымдастыру жұмыстарын облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі жіті қадағалауда ұстады.
Чемпионат ойындары өтетін Борис Александров атындағы спорт сарайына кешенді жөндеу жүргізіліп, бәсекені тікелей эфирде көрсетуге, бейнежазбаны өңдеп, көпфункциялы қайталау жүйесін қолдануға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар орнатылды. Бүгінде бұл жерде кез келген әлемдік деңгейдегі жарыстарды ұялмай өткізуге мүмкіндік бар. Өскеменде өтетін дүбірлі доданы қалалықтар мен шаһар қонақтары тегін тамашалайтын болады.