«Аймақтың барлық өнерпаздарын алдағы мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Осы мереке қарсаңында акцияның қорытындысын шығаруды жөн көрдік», деп өзінің құттықтауын жеткізген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов өңірдің бірнеше өнерпазына облыс әкімінің сыйлықтарын табыс етті.
Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Елдар Оразалин «Әдебиет ісі», Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Қадылбек Омаров «Үздік музыка өнері», облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Сергей Старков «Мұражай ісі», Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікпаева «Үздік клуб ісі» аталымдары бойынша марапатталып, 200 мың теңгелік сертификатты иеленді.
Бұл күні қолымен емес, қылқаламды иегінде ұстап тұратын арнайы қондырғының көмегімен сурет салатын өскемендік қылқалам шебері Сергей Елисеев «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша үздік деп танылды. Бүгінде 60-қа жуық картина авторының суреттерінің дені − пейзаж жанрында.
«Бұл сыйлық – ұлымыз үшін үлкен қуаныш. Сыйақының қаржысын бірінші кезекте оның шығармашылық қабілетін одан әрі шыңдауға жұмсайтын боламыз», дейді суретшінің әкесі Валерий Елисеев.
Аталмыш шараның қорытындысы бойынша Жарма ауданы бас жүлдені еншілеп, «Туған ел – алтын бесігім» акциясының ауыспалы өнер кубогын осымен тоғызыншы жыл қатарынан иеленді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН