Елордадағы шараның ашылу салтанатында Ұлттық музейдің директоры міндетін атқарушы Абай Сатыбалдин: «Ұлттық музейде биыл үшінші мәрте «Музейдегі түн» акциясы өткізілді. Оған келушілердің қызығушылығы да жыл санап артып келеді. «Музейдегі түн» акциясын ұйымдастыру арқылы халықтың төл мәдениетімізге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметін молайта аламыз», деді.
Шара барысында танымдық бағыттағы тақырыптық экскурсиялар, «Асық ату», «Арқан тартыс», «Қол күрес» сынды спорттық ойындар ұйымдастырылып, бие байлау науқаны басталарда жасалатын «Қымызмұрындық» рәсімінен көріністер көрсетілді. Музей атриумында зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар сатылымға қойылған жәрмеңке ұйымдастырылды.
Тағы бір айта кететін жайт, акция аясында академик Төрегелді Шарманов басқаратын Қазақ тағамтану академиясының әзірлеуімен бие сүтінен дайындалған шоколадтың таныстырылымы өтті.
«Музейдегі түнге» келушілердің назарына өнер жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Мұхаметәли Жүгінісов, Ринат Малцагов, Шахаризат Сейдахмет қатысқан концерттік бағдарлама ұсынылды.
Келушілердің барлығы да тың жобаға оң бағасын берді. Әлемдік деңгейде аталып өтетін бұл акцияның Ұлттық музейде де ұйымдастырылуы бізді ерекше қуантты дейді қонақтар. Тұрғындарды, әсіресе, мұндағы Алтын, Заманауи өнер және Астана залдарындағы құндылықтар баурап алды.
Ұлттық музей ашылғалы бері «Музейдегі түн» акциясы осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, былтыр оған келушілер саны 30 мыңнан асқан. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Наурыз – жаңғыру нышаны» жобасына да астаналықтар мен қонақтар тарапынан осындай белсенділік байқалған еді. Енді, міне, биыл олардың саны едәуір артып, «Музейдегі түн» шарасын 37 мыңға жуық адам тамашалапты. Мұндай жетістікке музей ұлттық тың жобалармен толығуы нәтижесінде қол жеткізіп отыр.
Қаршыға КҮЛЕН