Өткен ғасырдың басында еркін ел болуға талпынған, сол жолда басын берген қазақ зиялылары құрған үкіметтің ғасырлық тойы әр-әр жерде түрлі деңгейде, түрлі форматта аталып жатыр.
Талдықорған орталық ипподромында бәйге өтті. Алашорданың 100 жылдығына арналған дүбір. Алдымен құнан бәйге. 15 шықырымдық қашықтықты шалдықпай алған болашақ тұлпарлардың көшін Бауыржан Әлімжанов үкілеп қосқан Зымыран атты құнан бастап келді. Екінші орын – Дияс Сейсебаевтың Бонусына, үшінші жүлде – Бақторы лақап атын иемденген (иесі Баяхметов Құнарғали) жүйрікке бұйырды.
Бәйгенің басты бәсі де, негізгі көркі де – аламан. 30 шақты ат жүгірткен аламанда Ербол Сәдуақасовтың Сұлтан атты тұлпары жеке дара келді. Айдар Темірғалиевтың Ши қасқасы – 2 орын, Әділ Кеңестің Еркемайы – үшінші жүлдені иемденді.
Бәйгенің екі түрінен он жүлде бәске түсті. Сонымен қатар, Алашорданың 100 жылдығы кубогы. Тойға Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов бастаған спорт саңлақтары ат салысып, бірқатар қазақ эстрадасының өкілдері өнер көрсетті. Ат жарыстан соң Алаш арыстарының рухына арналған ас берілді. Бәйгені ұйымдастырушы талдықорғандық кәсіпкер, ұлттық ат спорты түрлеріне көңіл бөліп жүрген кәсіпкер, Ауған соғысының ардагері Бауыржан Барлыбаев айтуынша «Ұлтына жанашыр жандардың демеуші болуымен» өтіп жатқан ас пен бәйге идеясы жыл басынан бері ойластырылған. Ат қосушылар ешқандай жарна төлемейді.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы