Аймақтар • 22 Мамыр, 2017

Атырауда Иран-Ғайыптың республикалық театрлар фестивалі басталды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш», тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, белгілі ақын-драматург Иран-Ғайыптың биыл мерейлі жылы. 70 жасқа толған қаламгерге Атырау өңірі де құрмет көрсетіп, республикалық театрлар фестивалін ұйымдастырды.

Атырауда Иран-Ғайыптың республикалық театрлар фестивалі басталды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында аталған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынған игі істердің қатарында осы шара да бар. «Мәңгілік елдің Алтын адамы» фестивалін Атырау облыстық қазақ драма театры «Сүйінбай» эпостық драмасымен бастады.

Облыс әкімдігінің қолдауымен өткізілген өнер мерекесіне Семейден Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Алматыдан Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Талдықорғаннан Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театры, Оралдан Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры келді. Байқауды  КСРО мемлекеттік, Литва Ұлттық сыйлығының иегері, профессор Ионас Вайткус төрағалық ететін қазылар алқасы бағалайды.

«Мәдени шараларды жиі өткізудің өзіндік қажеттіліктері бар. Мұның бәрін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тапсырмаларды орындауға, еліміздің рухани жаңғыруына, жаһандану үрдісіндегі бәсекелестікке сай болуға бағытталған негізгі шаралардың қатарында деп атауға болады», деді фестивалдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Өнер тойына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова да қатысып, «Атырау – өнердің Меккесіне айналды» деген лебізін арнады. Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев: «Соңғы бір-екі жылдың ішінде осы өңірге жеті өнер ұжымы гастрольдік сапармен келіп, фестивальдер өткізді. Оның біріншісі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған еді. Иран-Ғайып – атағы алысқа кеткен драматург. Ал оның атындағы фестиваль – қазақ театрларының бүгінгі деңгейін көрсететін, актерлердің, драматургтердің шеберлігін, жеткен жетістігін шыңдайтын өнер бәйгесі»,  деп атап өтті.

Фестиваль 24 мамырға дейін жалғасады.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»