Қазақстан • 22 Мамыр, 2017

Атырауда республикалық Махамбет поэзиясы күні өтті

622 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Махамбет! Бұл есім – өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты есім... Отбасынан баз кешіп, өз рахатынан өзі безіп, ылғи ғана «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жүргендегі мақсат-мүддесі – елінің ертеңі, дәлірек айтқанда, біздің бүгінгі күніміз – азат Қазақ мемлекетінің егемендігі». Махамбет туралы айтылғанда академик Зейнолла Қабдоловтың осы сөзі алдымен ойға оралады.

Атырауда республикалық Махамбет поэзиясы күні өтті

Ұлт рухын асқақтатқан алдаспан жырдың семсері өр Махамбетті, ер Махамбетті ұлықтау – ұрпақ парызы.  Атыраудағы Индер ауданында, батыр бабаның мәңгілік мекені – Қараойда өткен республикалық Махамбет поэзиясының күні осы үдеден шыққанның көрінісі болса керек. Облыс әкімі бастап барған қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері мен өңірдегі зиялы қауым ақын рухына дұға бағыштап, зиярат етті.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған шараны ашқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев: «Махамбет — тәуелсіздікті аңсап өткен ұлы тұлға. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қараой жерін «Бұл Махамбет бабамыздың кіндік қаны тамған, тұлпарының ізі қалған қасиетті топырақ» деген болатын. Махамбеттің батырлығы, күйшілігі, ақындығы - жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Бар ғұмырын елінің азаттығы жолындағы күреске арнаған жанның өмір жолы мен шығармашылығы жастардың нағыз рухани азығына айналуы тиіс. Міне, осы мақсатта елге әйгілі махамбеттанушыларды шақырып, бүгінгі іс-шараны қолға алып отырмыз. Жаһандану кезеңін бастан өткізіп отырған шақта ұлттың рухын сақтап қалу үшін елге еңбегі сіңген ата-бабаларымыз дәріптелуі тиіс. Сонда ғана мәдениетіміз бен әдебиетіміз өрге басады. Махамбет мазарын тауып, ол туралы деректерді жинақтап, сол жолға өз өмірлерін арнаған әрбір адам — біз үшін құрметті. Бірлікпен, ынтымақпен ғана ата-бабалар аңсаған Тәуелсіздік байрағын биікте ұстап, Тәуелсіздік тұғырын нықтай аламыз», - деді.

ҚАРАОЙДАҒЫ ҚАРАША ҮЙ

Замана дауылпазы атанған Махамбеттің ғұмырына қатысты жұмбақ жайттар аз емес. Оның нақты қай жерге жерленгені өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін белгісіз болып келді. Туған жері туралы да әр түрлі болжамдар айтылады. «Махамбет қаза болған жылы сол маңда көшіп-қонып жүрген Қаратоқай Беріш Бектұрған дүниеден өтерде ұлына Махамбеттің бейітін көрсетіп кеткен екен. Сол әулет Махамбеттің жерленген жерін жадтарына сақтаған. 1958 жылы Құрақ Бектұрғанұлы бейітті тауып беріп, кейінгі ұрпақ үшін мәні жойылмас еңбек сіңірді. Махамбет 1846 жылы 19 қазанда түс шамасында Баймағамбет арнайы жұмсаған жаналғыштардың қолынан қаза тапты» дейді жазушы Әнес Сарай. Жергілікті жұрт әлі күнге аңыз қып айтады, қасіретті Қараойдың басы түскі сағат бірге дейін тып-тымық болып тұрады да, дәл сол уақыттан бастап шаң көтеріліп, жел тұрады екен. Бұл да болса  бір тылсым дүние...

Сол қанды оқиға болған жерге аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин қараша үй тігіп, қонақтарды қарсылады. Айдаладағы жалғыз шаңырақ, кермеде байлаулы сәйгүлік ат, ер қаруы бес қару ілінген, ұлттық бұйымдармен жабдықталған киіз үй бағзы замандарды көз алдыңа әкеледі. Батырдың басы денесінен ажыраған бұл жерде толқымай, тебіренбей тұру мүмкін емес. Даланың аңызақ желі сол азалы күннен хабар бергендей, денеңді тоңазытады. Қараша үйде баба рухына арналып жеті шелпек таратылды, дұға бағышталды.

ЕР МАХАМБЕТ ТУҒАН КҮН

Республикалық Махамбет поэзиясы күнінде батырдың ғұмырбаянына қатысты жаңа деректер де айтылды.  Исатай-Махамбет тарихын зерттеуші, мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әнес Сарай: «Бұған дейін әдебиетте Махамбет 1804 жылы туған делініп жүр. Бұл Махамбеттің 1841 жылғы наурызда берген жауабындағы деректің негізінде айтылған. Тарихшы Исатай Кенжәліұлы Махамбеттің 1836 жылы 8 қарашада, 10 желтоқсанда берген жауаптарының ақынның өзі жазып, қолын қойып, мөрін басқан нұсқасын тауып, сол дерекке сүйеніп Махамбет 1803 жылы туды деген қорытындыға келген. Мұны қабылдаған жөн. Тап осы жылы Өтеміс ауылы Самар маңындағы қыс қыстаудан шығып, Бекетайға кеп қонғанда (сәуір-мамыр айлары) Махамбет дүниеге келген деп қисындалады. Әрине, мұны дәлелдеу керек. Ол кезде рулар Ішкі ордаға қотарыла көшпеген, ауылдың бір жартысы көшіп, бір жартысы бұрынғы қоныстарынан айырылып қалмау үшін байырғы орындарынан қозғалмаған. Көбіне-көп үлкендер, аяғы ауыр келіндер, көшке ілесе алмайтын сәбилер, жас балалы аналар қара жұртта қалған. Ай-күніне мұң болып отырған Қосуан анамыздың да су кешіп, Жайықтан өтуі ақылға қонбайды. Сондықтан, Махамбет Өтемістің ата жұрты Жарыпшыққан өзені бойындағы Борсаңда дүниеге келген деп айта аламыз. Махамбеттің шешесі Қосуан анамыз Ішкі ордаға аты шыққан, мінезімен елге жаққан, аса беделді бәйбіше. Махамбеттің балалық шағы Тайсойғандағы Жарыпшыққан бойындағы Борсаңда, бозбала шағы Нарындағы Бекетай құмында өтті. Оған ақынның жырлары да дәлел бола алады, - деп әлі күнге дейін сан алуан пікірлер қайшылығына тап болып жүрген мәселенің төрелігін айтты.

АҚЫН ӨЛЕҢІ – ҰРПАҚҚА ҰРАН

Махамбет туралы қалам тербемеген ақын-жазушы кемде-кем. Шарада сөз алған мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық Шолохов, Есенин, Айтматов, Пикуль, Шукшин, Қашқари сыйлықтарының иегері, жазушы Сәбит Досанов  ақын өлеңдеріндегі отаншыл рухқа ерекше екпін берді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев Бөкей ордасындағы Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілістің мәні мен маңызына тоқталды.

- Венгр халқы үшін ең қастерлі күн — ақын Шандор Петефидің туған күні болса, қазақ халқы үшін  қасиетті күн — Махамбет поэзиясы күні. Махамбет атының тарихта сақталып қалуына айрықша еңбегі сіңген тұлғалар  -  ғалым Қажым Жұмалиев, ақын Тайыр Жароковтар еді. Антрополог Ноэль Шаяхметов қазып әкеткен мүрдесі Алматыдағы бір үйдің жертөлесінде жылдар бойы жатты. Сол кезде жайбарақат жүргеніміз үшін де ұлы баба алдында кінәліміз. Махамбет рухы өшпейді, ол елмен бірге жасай береді,- деді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Марат Мәжитов «Махамбет поэзиясы күні  жас ұрпақ үшін ұлағаты мол шара» деп бағалады.

- Адамзат үшін үш киелі орын бар. Олар — Лев Толстойдың Ясная Полянасы, Абайдың Жидебайы, Махамбет мәңгі тыныстаған Қараой жері. Бұл жерлерге келгенде сөйлеудің қажеті жоқ. Мұндай қасиетті орындарды тыңдау керек. Мен болашақта Қараой жеріне оны тыңдау үшін тағы ораламын,-деді әлем халықтарының әдебиетіне еңбегі сіңген қайраткер, халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты, жазушы Роллан Сисенбаев.

 Ал Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов: «Махамбетті алғаш әдебиетте қалдырған — Шернияз ақын. Шернияз өлеңдерін оқып, Алаштың ірі қайраткері, қазақтың Халелі — Халел Досмұхамедов өзінің «Аламан» атты әйгілі еңбегін жазды.

Өзінің ставкасына Ығылман Шөрековті отырғызып қойып, атақты «Исатай-Махамбет» дастанын жаздырды. Одан кейін зерттеген Қажым Жұмалиев ақын өлеңдерін ғылыми айналымға түсірді. Ұлттың қазынасына айналдырды. Берқайыр Аманшин «Махамбет» романын жазды. Әттең, аяқталмай қалды. Оралда Исатай Кенжалин деген тарихшы ғалымның да Махамбет мұрасын зерттеуде еңбектері атап өтуге тұрарлықтай. Исатай мен Махамбетті патша әскерлерінен жасырып, жеді — желтоқсан айында, мұзы жаңа ғана қатқан Жайықтан өз басын өлімге тігіп өткізіп, ерлерді құтқарып жіберген Құрақ Маябасұлы мен Махамбеттің жерленген жерін тауып берген Құрақ Бектұрғанұлына қазақ қарыздар» екенін атап өтті.

«Бүгін Махамбет өлеңдері оқылуы тиіс» деген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есенғали Раушанов ақынның «Қызғыш құс», «Мұнар күн», «Арғымақ сені сақтадым» өлеңдерін оқыды.

Ақын-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Махамбет сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков ақын бабаға арнаған дастанынан үзіндіні көрермен назарына ұсынды.

Ақындар - Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Әлия Дәулетбаева батыр баба рухына арнаған өлеңдерін шабыттана оқыды. Шарада сондай-ақ, Махамбеттің күйлері шертіліп, мектеп оқушылары жырларын мәнеріне келтіре орындады.

ҚР мәдениет қайраткері Максим Меңкешов баба рухына тағзым ретінде «Мен Махамбет емеспін» деген ән жазған. Нұрлан Оразалиннің сөзіне жазылған рухты әнді композитордың шәкірті орындады. Махамбет сыйлығының иегері, аудармашы Бекет Қарашин ақын өлеңдерін орысшаға аударған.  Ол шарада «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін орыс тілінде оқыды.

Облыс әкімдігінің, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен ҚР Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған шараны филиал төрағасы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қойшығұл Жылқышиев қорытындылады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына елімізде алғашқылардың бірі болып үн қосқанымыз — біз үшін үлкен мақтаныш, - деді ол. - Республикамызға аты мәшһүр әдебиет қайраткерлері келіп баба рухымен сырласты, өздерінің махамбеттануға қосқан еңбектерін мәлім етті, ақындар жырын оқыды. Махамбет поэзиясының күні негізінде 15 мамыр болып белгіленген еді. Осыдан он төрт жыл бұрын, 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде ақынның 200 жылдығы тойланғаны баршаның есінде. Бұл - содан бері ақын мазары жанында өтіп отырған үлкен жиын».

Той өтеді. Ой қалады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мұндай шаралар көп дүниелерді ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. "Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында елдің дамуы жолында еңбектенген азаматтарды білу, олардың ерліктерін, атқарған істерін халыққа насихаттау, естен шығармай ұрпаққа жеткізу мәселелері айтылды. Тарихты қарасаңыздар, қажет кезде өмір сахнаға елім, жерім, Отаным деп, азаттық жолында жанын пида еткен талай азаматтарды шығарып отырған. Солардың бірегейі Махамбет десек, артық болмайды» деді Нұрлан Асқарұлы. Расында да, айбынды ақын Махамбет жырларының өзектілігі бүгін де маңызын жойған жоқ. Шара барысында Махамбет поэзиясы күні енді жыл сайын Қараой жерінде ұйымдастырылатыны, халықаралық деңгейге дейін көтерілетіні туралы айтылды. Сондай-ақ, әр түрлі салада табысқа жеткендерге «Махамбет» сыйлығы тағайындалады.

Ал поэзия күнінің ертесіне осы шараға арнайы келген ақын-жазушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында облыс аудандарын аралап, халықпен кездесті.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»