Әдебиет • 22 Мамыр, 2017

Сауытбек Абдрахманов. Мырза кен

222 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Мырзекеңді – Мырзатай Жолдасбековті білгеніме елу жылға жуықтапты.  Нақтылап айтсам,  дәл 47 жыл болыпты. Аз уақыт емес. Әйтеуір бір адамды танып-білуге емін-еркін жететін уақыт.

Сауытбек Абдрахманов. Мырза кен

Ол кісі бізге бірінші курста «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәнінен дәріс берген-ді. Қазақ мемлекеттік университетінің  даңқы дүрілдеп тұрған кезі. Арыстан тұлғалы ректорымыз Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтен бастап, отыздан жаңа асқан жас доцент Мырзатай Жолдасбековке дейінгі аралықта бір осал адам жоқ сияқты сезілетін. Біз оқуға түскен 1970 жылы КазГУ-дің филология, журналистика факультеттері қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша дәуірлеп оқытуды арнаулы бекітілген бағдарламамен бастағанына бірер жыл ғана болған екен. Бұған басты себепкер  1967 жылы «Ежелгі әдебиет нұсқалары» атты оқулық-хрестоматияның жарыққа шығуы көрінеді. «Көрінеді» дейтінімнің мәнісі бар. Мектепте қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан бастап оқып келген ауыл баласының содан бірер жыл бұрын басылған Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарынына», біз оқуға түсетін жазда жарыққа шыққан «Алдаспан» антологиясына қайран қалып, әдебиетіміз тарихының бастауы ХVIII ғасырдан ХV ғасырға бір-ақ ысырылғанына сенер-сенбесін білмей,  есі кетіп жүрген кезінде бірінші курсқа түскен бетте «Ежелгі дәуір  әдебиеті» деген пәнге тап келгендегі, оны оқытатын ағайдың қазақ әдебиетінің қайнар бұлақтары сонау VII ғасырға тартады деген тосын тұжырымдарын тыңдағандағы таңданысын өзіңіз шамалай беріңіз. Томсен деген кісінің Орхон өзені бойында тасқа қашалған жұмбақ жазулардың араб жазуы тәрізді оңнан солға қарай оқылатынын түйсікпен түсініп, тәңірлік дінді ұстанатын заманда туған мұндай жәдігерлікте «тәңірі» сөзі қалайда қолданылмай қоймайтынын анық біліп, бәрінен бұрын соны іздегенін,  алдымен бір шоғыр таңбалар тіркесінен ( і – р – ң – т ) ой қисынымен «тңрі» деген сөзді  («тәңірі»)  тапқанын, сол арқылы әуелде төрт әріптің басын ашқанын, артынша қытайдың шежірелік мәтіндерінде кездесетін Күлтегін, Білге атауларындағы әріптерді жаңағыдай болжаммен  дәл басқанын, сөйте-сөйте жер аттарын, ел аттарын іздей келе бір әріптен кейін бір әріп андыздай өріп қоя бергенін, әрі қарай тұтас мәтінді түгел оқи алғанын, ақыры сына жазуы әліпбиін түгендеп шыққанын әңгімелегенде ғалымның осыншама оқыс ойлау жүйесіне қатты қайран қалғаным есімнен кетпейді. Ағайымыз соның бәрін ауыз ашқызып, көз жұмғызып айтып қана қойған жоқ, әрине. Ол кісі бізге сына жазуларының әліпбиінен бастап үйретті. Біреуі найзаға, біреуі ашаға, біреуі керегеге ұқсайтын сол айқыш-ұйқыш әріптерді кәдімгі бірінші сыныпқа жаңа барған балалардай  саусақтарымызды майыстыра жазып жататынбыз. «Қағынлығ буду ертім, Қағаным қаны, Не қағанға ісіг-күчіг бірүрмен» дейді де, ағайымыз бізге қарап, «Ал, не ұқтыңдар?» дейді. Жөпелдемеде айта алмай қаламыз. «Қағанды халық едім, Қағаным қайда, Қандай  қағанға күш-қуатымды берермін?» деп тұрған жоқ па? Әр сөзін жеке-жеке айтып көрсеңдер де көздерің жетеді ғой», дейді ағайымыз. Рас-ей, дәл солай деп тұр... Ағайымыз онымен  тоқтамайды. Ендігі бір сабақтарында жаңағы мәтіндерде айтылатындардың Күлтегін мен Білге қағандардың ерлік жорықтарының, елдік шайқастарының шын шежіресі ғана еместігін, олардың эпитеттермен, аллегориямен, метонимиямен көмкерілген көркем сөз, тіпті ара-арасында кәдімгі өлеңмен өрілген жыр екенін дәлелдеуге көшеді. 727 жыр жолының қаншасы қанша буынды екенін есептеп тұрып береді. Сөйтсе олардың арасында жеті-сегіз буындылары бүкіл ескерткіштер мәтіндерінің үштен біріне жуығын, дәл айтқанда 30,3 пайызын құрайды екен. Бұл қазақ эпостарының басты уәзіні емес пе! Сөздерінің ұйқасына, ішкі ырғақтың үйлесіміне нақты-нақты мысалдар айтады. Ұйқастың ол заманда тіпті кейде сөз басында да келетінін көрсетеді. «Ілгерү – күн тоғсыққа, Біргерү – түн ортусыңару Құрығару – күн батсықыңа Йырғару – түн ортусыңару» («Ілгері – күн шығысында, Оңымда – түн ортасында, Кері – күн батысында, Солымда – түн ортасында») деген жолдарды сол замандардағы, бір мың екі жүз елу жылдай бұрынғы кезеңдегі өлшеммен қарағанда өлең емес деп кім айта алады?

Қысқасы, ұстазымыз отызында орда бұзған жігіттің дәл өзі болып шықты. Отызға жасы толған жылы «Орхон ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта қорғаған диссертациясы арқылы жалындаған жас ғалым Мырзатай Жолдасбеков көне түрк дәуірінің сол ғажайып тас мұраларына біздің ата-бабаларымыздың да ортақтығын дәлелдеп қана қоймапты, ол мұралардың тілдік тұрғыдан да, сөз өрнегі жағынан да, ғасырлар өте келе төл әдебиетімізге еткен әсері жағынан да басқалардан гөрі мына бізге жақынырақ екенін, «қазақ халқындағы бай жыр дәстүрінің негізі сол Орхон ескерткіштерінде қаланғанын» дәлелдеп шығыпты. Қазақтың көп түрік енші алысып тарасқанда қара шаңырақта қалған қараорман ел, байтақ даласын ерлігімен, өрлігімен қорғап қалған қаһарман жұрт екенін көрсетіпті. Сол жырлардың әрі ғылыми, әрі көркем аудармасын алғаш рет жасап шығыпты. Жасағанда да көктасқа қайтадан қашалғандай етіп, айлы түнде тастақ жолға тиген айтұяқтың тақылындай төгілдіріп түсіріпті. Айтқандай, мына жайға назар аудара кетейік. Мырзатай Жолдасбеков осыдан жарты ғасыр бұрынғы диссертациялық еңбегінде «Алдағы уақытта Орхон ескерткіштерінің талай аудармалары жарық көріп, бірте-бірте жетіле түсетіні ақиқат» деп жазған екен. Солай болуға тиісті еді. Олай болмады. Жарты ғасыр ішінде қазіргі қазақ тіліне Орхон ескерткіштерінің жаңа ғылыми аудармасы (соның негізіндегі таза поэтикалық еркін аудармаларды айтпағанда) жасалмады. Неге? Мұның себебі Жолдасбековтің аудармасы («аударма» бұл арада шартты ұғым, еңбектің табиғаты төл тіліміздің бастапқы нұсқасынан қазіргі қазақшаға қотаруға көбірек келеді) енді әрі қарай жетілдіруді керек етпейтіндей, қайта оралуға оңайлықпен жүрек дауаламайтындай мінсіз шыққанында болса керек.  Мырзатай Жолдасбековтің «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларын зерттеп, олардың тарихи дерек көзі ғана емес, көркем сөздің кемел шығармасы да екендігін дәлелдеп, кандидаттық диссертациясымен-ақ әдебиетіміздің бастау-бұлақтарын тұтастай 12 ғасырға әріге жылжытып бергенін (ғылыми ортада аса абыройлы «Вопросы литературы» журналы cол тұста:  «возраст» казахской литературы увеличился на двенадцать столетий» деп жазған) барша жұртшылық жақсы біледі. Қазірдің өзінде жақсы бағалайды дей алмаймын, бірақ қазірдің өзінде жақсы білетіні анық.

Атыңнан айналайын Бейсекең – Академияға корреспондент-мүшеліктің сайлауына түскенде бір де бір шар ала алмайтын қайран Бейсенбай Кенжебаев талантты шәкіртін қияға қайрап салып, ұстазын арқаланған шәкірті қатып-семіп тұрған қасаң қағидаларды қақыратып өтіп, жастық жалынмен жазып, қоймай жүріп қорғап шығатын сол еңбектен кейін біз бірауыздан Орхон ескерткіштерін  өзіміздің мұрамыз санай бастадық, оған тікелей қатыстылығымызға мақтануға ауыстық, төл тарихымыздың тереңдігіне, ертедегі батыр бабаларымыздың ісінің ерендігіне көз жеткізе түстік, сол еңбектен кейін біздің түркологиядағы  жалымыз Одақ бойынша күдірейіп шыға келді, сол еңбек бүгінгі таңда тілдестерден ділдестер жасау жолында Президент Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясының халқы 80 миллиондық Түрік елінде емес, халқы 18 миллиондық Қазақ елінде  орналасуына, бүгінде әлемдік түркологияның орталығына айнала бастауына ықпал жасаған факторлардың бірі болып отыр.

Ғалымның жылдар бойғы қат-қабат шаруаның қамымен жүріңкіреп қалып, кейіндеу қорғаған докторлық диссертациясының да бәсі бөлекше. Қай халықтың да қадір-қасиетін айқындайтын белгілердің бірі – өзінің рухына қажетті қайнарды өз бойынан таба алуы.  Осы тұрғыдан қарағанда біздің Шоқан, Абай сынды даналарымыздың шығу сырын негізінен өзге мәдениеттердің, алдымен орыс, батыс мәдениеттерінің ықпалымен  ғана түсіндіре салуға тырысушылық белең алып келгені жасырын емес. Ал қара танымаған, сол себепті классиктерді оқымаған, сол себепті олардан қажымай-талмай үйренуге мүмкіндігі болмаған Жамбылдың даналығының сырын кеңестік идеология олай деп айта алмады да, оның феноменін халық таланттарының бойындағы бұла күшті бұлқынтып шығарған жаңа заманның қуатымен ғана түсіндірді. Бұл әңгімеде шындық жоқ емес, әрине. Бірақ, Жамбыл қазан төңкерісіне дейін де Жамбыл болды ғой. Сондықтан Жамбылды кеңестік кезең тудырғандай сөйлей салудың жөні келмейді. Жамбыл қазақ атты халықтың өзіне жетімді мәдениетті (самодостаточная культура) өзі толық жасай алғанын көрсетуімен де қымбат. Жолдасбеков Жамбылды тудырған жыр мектебінің бастауы әріден, әріден болғанда кәдімгі Күлтегін, Тоныкөк жырларынан арна тартатынын ешкім таласа алмайтындай етіп таратып берді.    

Университет бітіріп кеткеннен кейін Мырзекеңмен аралас-құралас бола алған жоқпыз. Оқытушыдан кафедра меңгерушісі, одан факультет деканы, одан Талдықорған педагогика институтының ректоры, одан Оқу министрі болғанын естіп, табысты жолына қуанып, сырттай тілеулес болып жүрдік.  Сексенінші жылдардың аяғында тағдыр жолымыз қайтадан тоқайласты.  Ағайымызбен партияның Орталық комитетінде қызметтес болдық. Мырзекең идеология бөлімін басқарды. Осы саланың жұмысына аты аңызға айналған Өзбекәлі Жәнібеков жалпы басшылық жасап, ел аузында екеуі «Өзекең мен Мырзекең» атанған сол бір ғажап жылдарды қазір сағына еске аламыз. Ол кезде мен мәдениет секторының меңгерушісі болып істеген едім. Алаш арыстарын ақтау жөніндегі жұмысты қолға алған тұста бөлім меңгерушісінің білімі де, білігі де, келелі іске кеңесіп барып, бел шеше кірісіп кететін қайраты да тамаша танылған. Неше түрлі қызық пен шыжық болып жататын жұмысымызда. Айтысты алғаш рет Республика сарайында ұйымдастырғанымыз, дәл сол айтыста ақындарымыз республиканың бірінші басшысынан бастап талайдың ту-талақайын шығарғаны да естен кетпейді. Кешке бәрін «Қазақстан» қонақүйінде жинап, біраз «инструктаж» берген едік, қырсыққанда, ертеңіне қызды-қыздымен одан да асырып жіберді. Сонда Мырзекеңе кіріп ақталғаным, қысылғанымнан: «Қайтейік енді. Ерікті жапсаң Серік шығады, Серікті жапсаң Ерік шығады» дегенім де бар. Ерігіміз – Ерік Асқаров, Серігіміз – Серік Құсанбаев қой баяғы. Сондай-сондайдың бәріне кеңдікпен қарайтын.

Эйнштейннен біреу «Ғылыми жаңалық қалай ашылады?» деп сұрапты. Сонда  ғалым: «Жалпы, жаңалық ашуға болмайды, оны жұрттың бәрі біледі, бірақ соны білмейтін адамдар да табылып қалады, жаңалықты міне солар ашады» деген екен. Мырзатай Жолдасбековтің Орталық комитет аппаратына ала келген жаңалығын да бір ыңғайда солай деу жөн. Бұдан бұрын не аупарткомда, не қалкомда,  не обкомда бір күн жұмыс істеп көрмеген адамның Орталық комитетке сол келісін әу баста әркім әрқилы әңгімеге әуезе еткені рас. Қызық болғанда, Мырзекеңнің сонысы, яғни партиялық жұмыстың қазанына түсіп көрмегені кемшілікке емес, қайта артықшылыққа шықты. Мырзекеңнің партиялық жұмыста нені істеуге болатынын, нені істеуге болмайтынын білмей келгені, білмей келгенімен қоймай, білмегенін білетін мына бізден  сұрап алмағаны түптеп келгенде бәріміздің абыройымызға айналды. Мысалы, біз, аппаратшылар, Орталық комитеттің хатшыларымен айтысуға, әйтеуір жұрт көзінше айтысуға болмайтынын білеміз. Мырзекең білмейді. Сөйтеді де ОК хатшысы Ануфриев Мырзекең басқарып отырған саланың жұмысын партия жиналысында әділетсіз сынаса сол жиналыста-ақ сөз алып, жауабын береді, тойтарып тастайды. Екінші хатшы Меңдібаев жоқ жерден тиісе кетсе іле-шала екі орынбасары Игорь Романов пен Рысты Сариеваны жанына ертіп алып, кабинетіне барады да, әлгінің айтқандарының бәрін терістеп бітпейінше шықпай қояды. Оны айтасыз, Колбиннің өзімен талай тіресіп еді-ау Мырзекең. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәртебесін екі тілге қатар беру мәселесі көтеріліп, жанымыз мұрын ұшына келгенде елден топтап түсіп жатқан хаттарды қобырата көтеріп, мемлекеттік тіл бір тіл – қазақ тілі болуы керектігін негіздеген (өзі әбден иін қандырып, жетілдірген) жазбаларымызды алға ұстап, алтыншы қабатқа аттанатын кездерде күреңторы өңі қарауытып кететіні әлі күнге көз алдымда. Ондайда кейде сенісетін жігіттерін шақырып: «Ал, мен кеттім» дейтіні де болатын. Сонда осы жолы қызметімен қоштасып шығуы да мүмкін екенін айтқандай көрінетін. Бізбен қызметтес болған Жұмағали Наурызбай «Күлтегін арманының жалаугері» атты мақаласында сол тұстағы Мырзекеңнің қалпын «Ол кезеңде партияның азуын айға білеген басшыларына тойтарыс беру, республикадағы партиялық биліктің бірінші адамына оның өзі қаламайтын ақпаратты жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік еді. Асылы, сын сағаттарда сынып түспей, шыңдала түсу, ширыға түсу үшін де адамға үлкен қасиеттер керек-ау», деп жақсы жазған. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап, керек жерінде айладан да тайынбады-ау сонда сабаз. «Әй, Колбин дәл осыған көне қоймас» деген мәселені де шешіп шығады кейде. «Мырзеке, әңгіме қалай болды өзі?», дейміз ондайда оңаша қала алсақ. «Үндеме, – дейді Мырзекең дауысын бәсеңдетіп. – Бұл өзі өңкиіп, дөңкиіп жүргенімен қорқақ адам. «Осыны жасамасақ жаман болуы мүмкін, жастарды тағы қолдан көтеріп алып жүруіміз мүмкін» деген сияқты айтсаң сылқ ете қалады екен, соны байқадым»...  Мырзатай Жолдасбековтің қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе алып беру жөніндегі елдің бар тілегін, зар тілегін жеріне жеткізіп, келесіне келтірген еңбегін, Әбдуәли Қайдар сияқты ардақты азаматтарымызды алға тоса, Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сүйене отырып,  сөзін өткізген саңлақ саясаткерлігін атап айту тарих алдындағы парызымыз.  

 Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел егемендігіне ұмтылу, тәуелсіздікке қол жеткізу, тәуелсіздікті баянды ету жолындағы жұмысының ең бастапқы, ең қиын белесінде жас мемлекеттің идеялық тұғырнамасын қалыптастыру ісіне сол кезде Вице-Премьер қызметінде болған Мырзатай Жолдасбеков үлкен үлес қосты. Мырзатай Жолдасбековтің идеолог ретіндегі, әлеуметшіл тұлға ретіндегі қымбат қасиеттері дәл сол тұста жарқырай көрінді. Бір ғана мәселені айтумен шектелейін. Тағы-тағыларын тағы айтармыз реті келгенде.

1991 жылдың соңында, қақаған қыс күнінде Тәуелсіздік жарияланды. Ел қуанды. Көзіне жас алып қуанды. Бірақ барша ел болып тойлай қойған жоқ. Көктем шығып, жер аяғы кеңігенде де тойлай алған жоқ. Тойлайтын, сол тойды ұйымдастыратын жағдай болған жоқ. Жас мемлекеттің жұқалтаң бюджеті ең бір қат қажеттіліктердің өзіне жетпей жатқан кез. Сол кезде Мырзатай Жолдасбеков Президентке тарихи тұлғалардың мерейтойларын жер-жерде атап өту жөнінде ұсыныс айтты. Олардың қалай өтетінін, ненің есебінен өтетінін негіздеді. Нұрсұлтан Әбішұлы ол ұсынысты қостады. Сөйтіп, біз мамандарды шақырып, талай тарихты қопарып, сол жылдарда қай тұлғалардың мерейтойлары жақын қалғанын түгендей бастадық. Абырой болғанда олар біршама екен және елдің барлық өңірлерінен де табылады екен. Жасыратыны жоқ, кей даталарды бірер жыл беріге қолдан жылжытқан кездеріміз де бар. Ондай-ондай бола береді. Біздің студент кезімізде Абайдың 125 жылдығы да мерзімінен бір жыл кейін аталған болатын. Содан Мырзекең облыс басшыларына, жер-жердегі бас көтеретін азаматтарға ой тастады, нақты ұсыныс айтты. Көп ұзамай Абылайдың, Бұқардың, Қабанбайдың, Бөгенбайдың, Сырымның, Жанғожаның,  Өтегеннің, Қойгелдінің, Ескелдінің, Балпық бидің, ақын Сараның деген сияқты ірілі-ұсақты тойлар бірінен кейін бірі өткізіле бастады. Олардың кейбірінде мерейтой дегеннің қабылданған өлшемдеріне қарап та жатпадық. Мысалы, Абылай ханның 280 жылдығы солай аталды. Солардың біреуіне де бюджеттен көк тиын жұмсалған жоқ. Бәрін елдің өзі көтеріп кетті. Тойлар да солай өтті, ескерткіштер де солай қойылды. Қазақтың кез келген нәрсені жарысқа айналдырып жіберетін жаман әдетінің жақсы жақтары да шықты. Әр өңір өздері үкілеген ұлылардың тойы басқа жердегілерден кем өтпеуіне күш салып жатты. Түптеп келгенде, ақыр аяғында мұның бәрі қазақ елінің өз тәуелсіздігіне қуануының, өз алдына ел болғанын атап өтуінің тойларына айналды. Сөйтіп, 1992-93 жылдарда бүкіл Қазақстанда Тәуелсіздік қуанышы әртүрлі нысанмен, әртүрлі атпен болса да кеңінен аталып өтті. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын шақыру арқылы Тәуелсіздік тойын бүкіл әлем қазақтарының тойлауына қол жеткізілді. Халықтың көңілі қатты көтерілді. Ел рухтанды. Ел қуаттанды. Осының бәрі халық психологиясына қанықтықтың, ел мінезіне жетіктіктің арқасы болатын. Кейін ол шешімнің мәнін менің алпыс жасқа толуымның тұсында жазған («Айқын», 2011 жыл, 23 қараша) мақаласында «Бірыңғай саясатпен айналысқанда, ел әбіржімек түгілі, адасатын еді, жұрттың берекесі қашатын еді. Оның өзі, түптеп келгенде, дағдарысқа ұрындыратын еді. Қай мемлекетте болсын, халық бірыңғай саясатпен айналысса – ол елдің шырқы бұзылады. Елді орнықтыру, мемлекет құру, іргетасын қалыптастыру қиындай түседі... Империяның, зұлымдықтың құрбаны болған, нақақ кеткен, жапа шеккен бабаларымызға, Алаш ардақтыларына ас берейік деп ұран салдық... Бұл амал-әрекетіміз бір жағынан перзенттік парызымызды өтеу болса, екінші жағынан халықтың аптығын басып, бетін жақсы ниетке, ата жолына бұрып, толқып тұрған халықты саясаттан сақтап, алдандыра тұру болды», деп ашық жайып та айтты. Сондай ірі істеріне сүйсінгендіктен де, Мырзекең елу алты жасына жаңа жетіп, бар жағынан кемеліне келіп тұрған тұста, аяқ астынан қызмет ауыстыратын болғанда ол кісіні шығарып салатын аппарат жиналысында бөлім атынан бірнеше шумақпен алғыс-тілек айтқанбыз. «Ойға кенен, сөзге шешен, мырза кен, Сіздей ұлға елі-жұрты ырза екен. Қимай тұрып тілеріміз жалғыз-ақ: Басыңыздан бақыт аумай тұрса екен!», деп аяқталатыны есте. Иә, Мырзатай Жолдасбеков халқымыз үшін жаратылған, өзінше жатқан бір кен. Таусылуды, тарылуды, тарынуды білмейтін мырза кен.

Құдайға шүкір, Мырзекеңнің басынан бақыт ауған жоқ. Аттан ауу ақырет еместігін аңдатты. Адамды қызмет көтермейтінін, қызметті адам көтеретінін көрсетті. Елбасына адалдығын көрсетті. Президент қайда жұмсаса сонда барды. Елші бол десе, елші болды, Дипломатия академиясын құрып бер десе, құрып берді, ректор бол десе, ректор болды, Президент орталығына бар десе, сонда барды. Қайда барғанда да барын салып, жұмысты жақсартып, сол қызметтің беделін биіктете түсті. Қай қызметте те қолынан қаламын тастамай, елдіктің қамын, Елбасы еңбегінің қадір-қасиетін отаншыл ділімен, көркем тілімен  жалықпай-талмай айтумен болды. Қазір де солай.

 Қайта туған Қазақ елінің әу бастан ұлттық сипатын дұрыс қалыптастыруда сол бір күрделі кезеңде әлеуметтік саланы басқарып, Елбасының сенімін ақтаған Мырзатай Жолдасбековтің еңбегі ерен. Жиырмасыншы ғасыр қазақ еліне барлық саладан көрнекті қайраткерлерді берді. Соның ішінде идеологиялық қызметтің де тау тұлғаларын тудырды. Бұлай дегенде біз алдымен Темірбек Жүргеновті, Ілияс Омаровты, Өзбекәлі Жәнібековті бөле айтамыз. Әр нәрсені өзінің атымен атасақ, сол қасиетті қатарға  бүгінде сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған асылымыз Мырзатай Жолдасбековті де қосуға болады. Мырзекеңнің осы ширек ғасыр ішіндегі қыруар шаруаның басын қайырған қайраткерлігі де, жағы талардай болып жақсылыққа үндеп, бірлікке шақырып, өнегеге үйретіп келе жатқан көсемдігі мен шешендігі де бізге осылай деуге  мүмкіндік береді. Оны таратып айту, тиянақты дәлелдеу келер күндер үлесінде.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ