Спорт • 23 Мамыр, 2017

Бауырластар бәсекесінде бәсең болдық

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Әзербайжан елінде мамыр айының 12-сі мен 22-сі аралығында Баку қаласын дүбірге бөлеген ІV Ислам ынтымақтастығы ойындары аяқталды. Бауырлас мұсылман елдері спортшыларының арасында өткен бұл бәсекеге 54 мемлекеттің 3500 атлеті өнер көрсетіп, спорттың 20 түрі бойынша 262 медаль жиынтығы тартысқа түсті.

Бауырластар бәсекесінде бәсең болдық

Жалпы, «Исламиада» деген бейресми атауға ие болған бұл жарыс алғаш рет 2005 жылы Сауд Арабиясында өткен болатын. Сол жолы Қазақстан спортшылары тамаша нәтижеге қол жеткізіп, 27 жүлдемен (13 алтын, 8 күміс және 6 қола) жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. 
Екінші Ислам ойындары 2009 жылы Иран елінде өтуге тиіс-тін. Алайда, бұл мемлекет пен Араб елдері арасындағы дүрдараздықтың салдарынан аталған дода өтпей қалды. Сөй­тіп, арада сегіз жыл өткенде, яғни 2013 жылы Исламиаданы Индонезия қабылдады. 
Ал бауырлас Әзербайжан елінде өткен дүбірлі додаға Қазақстаннан ел намысын арқалап 32 спортшы аттанған болатын. Біздің сайыпқырандар спорттың бес түрінен, атап айтқанда бокс, дзюдо, таэквондо WTF, еркін және қыздар күресі бойынша сынға түсті. 
Обалы нешік, қыз-жігіттеріміз шама-шарқынша өнер көрсетіп, намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірақ, өзге елдердің бұл жарысқа жоғары мән беріп, тас-түйін дайындықпен келгені байқалды. Біз болсақ, бұл жолғы Исламиадаға әйтеуір қатысу керек болған соң, бара салған сияқты көріндік. Өйткені, жарыстың қорытынды нәтижесіне көз жібергенде осылай демеске амал қалмады. Қазақ елінің спортшылары бәрін қосып санағанда 19 жүлдеге ие болды. Бар-жоғы екі алтын... бес күміс және 12 қола медаль. Егер де, қос боксшымыз – Азат Махметов (52 кг) пен Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) болмаса, алтыннан жұрдай болады екенбіз. Сөйтіп, жалпы есепте 14-орыннан көріндік.
«Исламиада-2017» додасында бірінші орынды ойындар иесі Әзербайжан алды. Олардың еншісінде 152 медаль (74 алтын, 46 күміс, 32 қола). Одан кейінгі орындарды Түркия (185 медаль – 68, 63, 54) және Иран (89 медаль – 30, 26, 33) иеленді. Ал біздің көршіміз Өзбекстан болса, 62 медальмен (15 алтын, 17 күміс және 30 қола) төртінші орынға табан тіреді...
Дегенмен, неге бұлай деп ойбай-аттан салудан абай болған жөн. Мәселенің мәнісі – тереңде. Оның бір кілтипаны мынада: Халықаралық Олимпиада комитеті, Олимпиялық хартия діни тұрғыдағы қандай да бір жарысқа аса сақтықпен қарайды, тіпті бойын аулақ салуға тырысады деуге де болады. Сол себепті, біз де зайырлы мемлекет есебінде осы жайтты ескерген сияқтымыз... Мың құбылған дүниені уысында ұстаған сая­сатпен санаспасқа тағы болмайды.

Қайрат АБДОЛЛА