Ел өмірінің әр кезеңінде қоғамдық сананың болып жатқан немесе болашақ оқиғалардан кенжелеп қалып қоюы олардың табиғатын және прогресс үшін мән-маңызын жете түсінбеуден орын алады. Мысалы, феодализмнен капитализмге, одан социализмге өткен кездерде солай болды. Көп дәурен сүре алмаған социализмнен қайтадан капитализмге оралып соққанда да сол күйді бастан кештік. Мұндай түсінбеушілік терең сипат алғанда міндетті түрде революцияларға, қантөгіс төңкерістерге, шырғалаң шытырманға, адамдардың бір-біріне жатбауыр болуына әкеліп соғып отырды. Бірақ қоғам дамуының тарихи заңдылығы қаптаған кездейсоқтықтар арасынан өзіне жол сала отырып, қоғамдық сананы қайткен күнде де алға жетелейді.
Осы ретте 25 жыл бұрынғы оқиғаларды еске алсақ та жеткілікті. Сонда нарықтық қатынастарды орнықтыруға және капитализмге көшуге шақырған ұрандар өте ауыр қабылданды, наразылықтар тудырды. Қоғамдық сананың осындай көшкіні өмір жағдайлары тез өзгеріп, оларды алдын ала пайымдап отыру қажеттігі туған біздің технократтық дәуірде ерекше анық көрініс табады. Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың болашаққа бірге қадам жасауға, қоғамдық сананы түбірімен өзгертуге шақырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы қағидалы ой-пайымдарының бүгінгі таңдағы дұрыстығы және дер кезіндегі үн қату екендігі еш талас тудырмайды. Қоғамдық санада қалыптасқан қарабайыр жаттандылықтар өркендеуді тежейтінін, ал озық идеялар алға басуға қызмет ететінін ескерсек, бұл өте маңызды. Мемлекет басшысының ауқымды өзгерістер қоғамның рухани санасын уақыттан оза жаңғыртумен қоса жүргізілуі керектігіне кәміл сенімді екендігі де сондықтан. Ол саяси және экономикалық жаңғыруды жай ғана толықтырып қоймай, соның өзегіне айналмақ. Елбасы алға осындай міндет тартқан.
Рухани жаңғыру – көп қырлы әрі біртұтас құбылыс. Ол саяси, адамгершілік, құқықтық сана, ғылым мен өнер қиясынан да көрініс таппақ. Салыстырмалы түрде дербес өмір сүретін осынау қырлардың кез келгені дамудың ойдағыдай деңгейінде жалпы қоғамның және жеке адамның тез өзгеріп жатқан әлеуметтік өмір жағдайларына бейімделуіне көмектеспек. Сондықтан, қоғамдық сананың барлық түрлерін рухани жаңғырту орайында үлкен жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Тәуелсіздік қарсаңында және оның алғашқы жылдарында саяси сана һәм осымен байланысты құқықтық сана жедел жанданды. Онда заманауи Қазақстан және Конституцияны қоса алғанда, жаңа құқықтық жағдайдағы жаңа қоғамдық құрылыстың идеялары түзілді. Сақталып қалған кеңестік саяси әмбе құқықтық сананың қысымын жеңе отырып, осы ретте күрт бетбұрысқа қол жеткізе алуымыз да сондай ғанибет. Осының арқасында демократия, саяси плюрализм, құқықтық мемлекет, нарықтық экономика, азаматтық қоғам идеялары Қазақстандағы қоғамдық рухани сана дамуының аса құнды бағдарлары болған еді.
Осы кезеңде өктем атеизм тұншықтырып басып тастаған діни сана да жандана бастады. Көп конфессиялық қалыптасып, әр алуан діндер бір-біріне қарсы тұрмай, текетіреспей, рухани қазыналарын кеңінен аша түсті. Қоғамдық сананың осынау жеделдетілген мазмұнды құбылысы аясында өнер мен ғылым саласындағы өзгерістер әлсіздеу байқалды. Мұның мәнісі мынада еді. Елімізде болып жатқан үдерістерді және оны болашақта не күтетінін көркем әрі ғылыми тұрғыдан саралап пайымдау үшін уақыт керек-тұғын. Бұл уақыт тек өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына қарай ғана туды. Оның үстіне тоқсаныншы жылдардың басындағы Қазақстанның материалдық жағдайы да ғылым мен өнердің дамуы үшін соншалықты мүмкіндік бере алмағаны анық.
Соңғы ширек ғасырда әлем ғаламат өзгерді. Сонымен қатар, қазақстандық қоғам өмірінің жағдайлары да түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Соған орай қоғамдық сана да өзгеріп жатыр. Стихиялы түрдегі даму барысында заманауи қоғамдық сана оның даму келешегінен қалып қоятындығы белгілі. Оны жоғарыда айттық. Біз бастан кешіріп отырған технологиялық дүрбелең жағдайларында болашақ жеделдетілген режімде өзгермек. Сондықтан қоғамдық сана дамуының әбден тексерілген, сыннан өткен ғылыми негізді бағдарларынсыз қоғамның игілігіне, бақуаттылығына қол жеткізу өте қиын. Мемлекет басшысының мақаласына оралып соғар болсақ, онда көптеген маңызды бағдарлар өте айқын таңбаланғанын атап көрсетуге тиіспіз. Мұның өзі қоғамдық сана үлгілеріндегі кемшіліктерге назар аударуға және рухани жаңғыру аясында оларды дер кезінде жою жөніндегі мақсатты идеологиялық жұмысты барынша белсенді жүргізуге мүмкіндік туғызады.
Осы арада Қазақстанды мекендейтін халықтар мәдениетінің ұлттық кодын сақтаудың маңыздылығы сөзсіз. Көп ұлтты еліміз бұдан тек ұтады. Өйткені, оның қоғамдық санасы ғасырлар бойы тату көршіліктің, өзара ынтымақтастықтың, мәдениеттердің бір-бірін байытуының, қиын сынақтар жылдарындағы өзара көмектің тарихи ерен үлгілерін саналарына сіңірді. Бұл арада, дейді Президент, бірқатар әдеттер мен қасаң жаттандылықтардан арылмайынша жаңғырудың мүмкін еместігін қаперде ұстау да өте маңызды. Бұл нұсқау тарихи санамен қиюласа өрілген саяси және діни санамен тікелей байланысты.
Қоғамдық келісім үлгілері ретіндегі ғылым мен өнерді жаңғырту адамның рухани әлемін оның кәсіби еңбек қызметі саласындағы таным-білігін байытуға және осы арқылы бәсекеге қабілеттілігіне көмектесуге бағдарлануы тиіс. Олар білімнің негізі бола отырып, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу және мәдени ашықтық деңгейін арттыруға шешуші ықпал жасауы керек.
Қоғамдық сананың рухани жаңғыруы барысында оның құқықтық сана пішіні де елеулі өзгерістерге ұшырайды. Адамдардың қолданыстағы әрі қалаулы құқыққа, мемлекеттік органдардың, соттардың қызметіне қарым-қатынасын білдіре отырып құқықтық сана, сайып келгенде, қоғамның құқықтық негіздерін айқындайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1995 жылғы ел Конституциясын қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдум құқықтық сана белсенділігінің ерекше көрінісі болып табылды. Жақында ғана Президент өкілеттілігін билік тармақтары арасында қайта бөлісу бойынша Конституцияға енгізілмек түзетулерді қазақстандық қоғамның аса мүдделілікпен талқылауы құқықтық сана белсенділігін тағы да танытты. Алты мыңнан астам ұсыныстар мен ескертпелер түсірілуі – айта қаларлықтай көрсеткіш.
Бірақ қазақстандық қоғамның құқықтық санасы өз тарихында әрқашан нақ осылайша жасампаз бола берген емес. Кеңестік билік жылдарында құқықтық нигилизм деген келеңсіз құбылыс кең өріс алды. Құқықты адамдар гуманитарлық құндылық деп қарамады. Құқықтық сана кеңестік заңдардың жадағай ұраншыл, жасанды сипатын байқап қалды. Ол заңдар, әсіресе, конституциялық нормалар тұрғысынан келгенде нақты өмірден тым алшақ жатты. Сондықтан, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Мәскеу мен Алматыда жүргізілген халық сауалнамасы кезінде респонденттердің басым көпшілігі бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін, кеңестік Конституция талап еткендей, сотқа және басқа құқық қорғау орындарына емес, партия органдарына арыздануға тілек білдіруі тегін емес.
Сонымен қатар, орта ғасырлардағы қазақтардың осы орайдағы құқықтық санасы әлдеқайда биік болған деп айта аламыз. Олар билер сотына жүгінген. Ал билер шешімі ерікті түрде, мемлекет тарапынан ешқандай мәжбүрлеусіз орындалып отырған. «Алаш» партиясы да құқықтық сананың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Оның бағдарламасында, әсіресе, соттар қызметі орайындағы көптеген саяси һәм құқықтық проблемалар біздің бүгінгі күндер талабының рухында айшықталған.
Қалыптасқан құқықтық жүйемен үйлесім тапқан бүгінгі қазақстандықтардың заманауи құқықтық санасы заңдарға, сот, құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдар қызметіне сыни қатынастың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Мемлекеттік органдар мен БАҚ-тарға түсіп жатқан көптеген арыз-шағымдар мен өтініштер осыны айғақтайды. Азаматтардың мұндай белсенділігі олардың құқықтық санасының жоғары екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, бұл мемлекеттік органдар мен олардың қызметкерлері тарапынан да заң бұзушылық фактілерінің әлі жойылмай келе жатқанын аңдатады. Сондықтан құқықтық сананың жоғары деңгейін қолдап отыру ортақ игілік үшін қажет демекпіз.
Қоғамдық сананың әралуан үлгілерін жаңғырту жеделдігі мен пәрменділігі әртүрлі болмағы да заңды. Себебі, олар көрініс табатын нысандардың ерекшеліктері де әртүрлі. Мысалы, табиғи және қоғамдық құбылыстар дамуының заңдылықтарын зерттейтін ғылымды жаңғырту бір бөлек те, қасиетті қағидаттарға негізделген діни сананы жаңғырту екінші бөлек дүние. Бірақ, сонымен бірге, рухани жаңғыру барысында қоғамдық сананың барлық түрлері бір-бірімен бірлесе әрекет етіп, тұтастай алғанда мазмұны байи түседі, еліміздің бүгіні мен болашағына қызмет етеді. Елбасымыздың рухани жаңғыру орайында алға тартқан міндеттері де нақ осыны көздейді.
Еркеш НҰРПЕЙІСОВ,
Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент