Қазақстан • 23 Мамыр, 2017

Астанада «Бостандық жырының бозжорғасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті

701 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мұқағали Мақатаев және Халықаралық Жамбыл атындағы және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы туралы жазылған «Бостандық жырының бозжорғасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Астанада «Бостандық жырының бозжорғасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті

Кешке Тұсын Жұртбай, Мәди Айымбетов, Дархан Қыдырәлі, Ақеділ Тойшанұлы сынды зиялы қауым өкілдері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Модератор – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист Намазалы Омашев болды.

Кеш кіріспесін Намазалы Омашев бастап беріп, одан кейінгі сөз кезегі келген қонақтарға берілді. Ақынның курстастары, достары, аға-інілері өздерінің ақжарма тілектерін жаудырып, бірге өткерген кездерінен естеліктер айтты. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі ақын ағасы туралы айтқан естелігінде: «Жырсүйер қауымға жүректі тербеген нәзік те лирикалық әндерге жазған өлең жолдарымен де кеңінен танымал болған Несіпбек Айтұлы алдымен кең тынысты, эпик ақын. Халықтық ауыз әдебиет үлгілерімен тұшынып, сусындап өскен, жыраулар поэзиясын бойына терең сіңірген арқалы ақын» деді. 

Кезінде Несіпбек ақын жайлы дауылпаз жыршы Мұқағали Мақатаев: «Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсы бір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі» десе, үлкен ақын Тұманбай Молдағалиев: «Терең ой, ыстық сезім, жалғаны жоқ жақсы үмітке жетелейтін елгезек ақындық өз оқырманын бейжай қалдырмайды. Несіпбек жырлары – биік жырлар, терең жылар. Бұл жырлардың бойында күзгі шуақ, таңғы сәуле, ойға шомған орман, жеткізбейтін арман, азынаған жел, асқақтаған бел, теңселген көл, тебіренген заман бар. Арманын қуалаған азамат көңіл, тереңге үңілген қария көз, дария ақыл бар» - деп өз бағаларын берген.

Ыстық лебіздер арасында әнші Нұрлытаң Ермектің орындауында Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған «Айхай, заман» әні шырқалды. Кітаптың таныстырылымының соңында кештің басты кейіпкері Несіпбек Айтұлы жиналған қауымға өз рахметін айтып, жастарды отансүйгіш болуға шақырды.

Жалпы Несіпбек Айтұлы ақындықпен қатар аудармашы. Түріктің VII ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміренің, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ. Родаридың, сондай-ақ М.Исаковский, А.Барто, С.Милаков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуевтің өлеңдерін тәржімалаған.

Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ