Болжам бойынша Астанаға қалааралық көліктермен 472 мыңға жуық адам келеді. Қазақстанның 13 облысынан Елордаға күн сайын 118 автобус қатынайды: қазір 53 қалааралық автобус бағыттары бар болса, оған тағы 65 қосылады. Ол үшін Астанада қосымша «Алай» және «КенМарт» екі көлік хабы құрылды.
– «Сапаржай» автовокзалы қазіргі қалааралық және облыс аралық 53 рейске қызмет көрсетеді. «Алай» хабы арқылы 37,«КенМарт» арқылы – 28 рейс қатынайды, - дейді Астана қаласы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов.
Қала тұрғындары мен қонақтарын көрме нысандарына жылдам жеткізу мақсатында Астанада Shuttle Bus 7 бағыт бойынша 167 автобус қатынайды. Бір жолғы жол жүру бағасы - 150 теңге.
- Негізгі артықшылықтары: аялдамалардың саны аз болады, шамамен 8. Екіншіден, аялдамалар көрме қонақтары көп жиналған жерлерге орналастырылады, олар: қонақүйлер, вокзал және әуежай. Бұл мекемелердің жанында жеке көліктерін қоятын, ЭКСПО аумағына тез жеткізетін Shuttle Bus автобустарына отыратын арнайы тұрақтар болады. Үшіншіден, аталған бағыттағы автобустарға жолаушылар алдыңғы есіктен кіріп, жолақысын өздері төлейді. Бұл әсіресе шетелдік қонақтардың кондукторлармен сөйлесу кезінде тілдік кедергі туындамау үшін қолайлы, - деп түсіндірді Б.Игенбердинов.
Қазірдің өзінде ЭКСПО-2017 көрмесінің орталықтары арқылы 11 бағыт бойынша қоғамдық көліктер қатынауда. Оларға 103 автобус қосылды. Жолақы құны өзгерген жоқ – 90 теңге. Сонымен қатар автобус парктерінде жаңарту жүргізіліп жатыр.
- Біз паркты барынша жаңартуға тырысудамыз. Қазіргі автобустарға қатысты ескертпелер бар. Көлікті қадағалау қызметі қала автобустарын тұрақты бақылап отырады әрі айтылған кемшіліктер 1-маусымға дейін жойылады. Қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары үшін жаңа үлгідегі киім қарастырылуда. Сапаны бақылау орталығы шетелдік қонақтармен қарым-қатынас бойынша қызметкерлерге арналған әдістеме дайындады, - деді басқарма басшысы.
Бүгінгі күні қалада күн сайын 350 мыңға жуық көлік қатынайды. Қазірдің өзінде ЭКСПО аумағы мен Mega Silk Way ОСО-нда 6 мыңға тарта көлік қоятын орын дайындалды. ЭКСПО кезеңінде көше-жолдардағы қатынасты жеңілдету үшін арнайы 14 тұрақ ұйымдастырылды. Олардың біразы ЭКСПО аумағындағы жаяу жүргіншілерге арналған жерлерде орналастырылды. Осындай тұрақтар арқылы қаланың басқа аудандарында Shuttle Bus автобус бағыттары жүреді. Маусымның 3-нен бастап қалада ұзындығы 40,6 шақырымды құрайтын Bus Lane қосымша 13 учаске іске қосылады.
- Қазіргі жолдардағы көліктердің тым көптігін ескере отырып қоғамдық көліктер арқылы тығырықтан шығудың жолын табуға болады. Bus Lane жолақтары бойынша Shuttle Bus бағытындағы, қала автобустары, полицейлер, арнайы қызмет, жедел-жәрдем, қоғамдық көліктерге заңдық негізде теңестірілген такси көліктері қатынай алады, - деді Игенбердинов.
Сонымен қатар «Нұрлы жол» теміржол вакзалынан тағы бір түнгі экспресс-маршрут іске қосылады. Маусымның 7-інен 12-қыркүйекке дейін таңертеңгі сағат 6:00-ден түнгі 23:00 аралығында жүк көліктерінің барлық түрлері бойынша қатынас тоқтатылады. Жұмыс уақытын саралау жұмыстары да жүргізілуде. Қала басшылығының айтуынша, аталған шаралар Елорда жолдарындағы кептелісті азайтып, автомобиль жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай туғызуға септігін тигізеді.