Қазақстан • 24 Мамыр, 2017

Мырза кен

230 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жиырмасыншы ғасыр қазақ еліне барлық саладан көрнекті қайраткерлерді берді. Соның ішінде идео­ло­гиялық қызметтің де тау тұлғаларын тудырды. Бұ­лай де­генде біз алдымен Темірбек Жүргеновті, Ілияс Ома­ров­т­ы, Өзбекәлі Жәнібековті бөле айтамыз. Әр нәр­сені өзінің атымен атасақ, сол қасиетті қатарға бү­гінде сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған а­сылымыз Мырзатай Жолдасбековті де қосуға бола­ды.

Мырза кен

Мырзатай Жолдасбековті біл­ге­­німе елу жылға жуықтапты.  Нақ­­тылап айтсам,  дәл 47 жыл бо­­лыпты. Оның соңғы 30 жылында жақын жүріппін, қызметтес бо­лыппын, ағалы-інілі араласып-құ­­раласыппын. Аз уақыт емес. Әй­­теуір бір адамды танып-бі­луге емін-еркін жететін уақыт. Сон­дық­тан да қолға қалам алуға бе­кі­­ніп отырған жайым бар.
Ол кісі бізге бірінші курста «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәнінен дәріс берген-ді. Біз оқуға түскен 1970 жылы КазГУ-дің филология, журналистика факультеттері қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша дәуірлеп оқытуды арнаулы бекітілген бағ­дарламамен бастағанына бірер жыл ғана болған екен. Мектепте қазақ әде­би­етінің тарихын Бұқар жыраудан бас­тап оқып келген ауыл баласының универ­си­тетке түскен бетте «Ежелгі дәуір әде­би­еті» деген пәнге тап келгендегі, оны оқы­татын ағайдың қазақ әдебиетінің қай­нар бұлақтары сонау VII ғасырға тар­тады деген тосын тұжырымдарын тың­дағандағы таңданысын өзіңіз шамалай беріңіз. Томсен деген кісінің Орхон өзені бойында тасқа қашалған жұмбақ жазулардың араб жазуы тәрізді оңнан солға қарай оқылатынын түйсікпен түсініп, тәңірлік дінді ұстанатын заманда туған мұндай жәдігерлікте «тәңірі» сөзі қалайда қол­да­нылмай қоймайтынын анық біліп, бә­рі­нен бұрын соны іздегенін, алдымен бір шоғыр таңбалар тіркесінен (і – р – ң – т ) ой қисынымен «тңрі» деген сөзді («тәңірі») тапқанын, сол арқылы әуелде төрт әріптің басын ашқанын, артынша қытайдың шежірелік мәтіндерінде кездесетін Күлтегін, Білге атауларындағы әріптерді жаңағыдай болжаммен дәл басқанын, сөйте-сөйте жер аттарын, ел аттарын іздей келе бір әріптен кейін бір әріп андыздай өріп қоя бергенін, әрі қарай тұтас мәтінді түгел оқи алғанын, ақыры сына жазуы әліпбиін түгендеп шыққанын әңгімелегенде ғалымның осыншама оқыс ойлау жүйесіне қатты қайран қалғаным есімнен кетпейді. «Қағынлығ буду ертім, Қағаным қаны, Не қағанға ісіг-күчіг бірүрмен» дейді де, ағайымыз бізге қарап, «Ал, не ұқтыңдар?» дейді. Жөпелдемеде айта алмай қаламыз. «Қағанды халық едім, Қағаным қайда, Қандай қағанға күш-қуатымды берермін?» деп тұрған жоқ па? Әр сөзін жеке-жеке айтып көрсеңдер де көздерің жетеді ғой», дейді ағайымыз. Рас-ей, дәл солай деп тұр... Ағайымыз онымен тоқтамайды. Енді Күлтегін мен Білге қағандардың ерлік жорықтарының, елдік шайқастарының шын шежіресі ғана еместігін, олардың эпитеттермен, аллегориямен, метонимиямен көмкерілген көркем сөз, тіпті ара-арасында кәдімгі өлеңмен өрілген жыр екенін дәлелдеуге көшеді. 727 жыр жолының қаншасы қанша буынды екенін есептеп тұрып береді. Сөйтсе олардың арасында жеті-сегіз буындылары бүкіл ескерткіштер мәтіндерінің үштен біріне жуығын, дәл айтқанда 30,3 пайызын құрайды екен. Бұл қазақ эпостарының басты уәзіні емес пе! Сөздерінің ұйқасына, ішкі ырғақтың үйлесіміне нақты-нақты мысалдар айтады. Ұйқастың ол заманда тіпті кейде сөз басында да келетінін көрсетеді. «Ілгерү – күн тоғсыққа, Біргерү – түн ортусыңару Құрығару – күн батсықыңа Йырғару – түн ортусыңару» («Ілгері – күн шығысында, Оңымда – түн ортасында, Кері – күн батысында, Солымда – түн ортасында») деген жолдарды сол замандардағы, бір мың екі жүз елу жылдай бұрынғы кезеңдегі өлшеммен қарағанда өлең емес деп кім айта алады?

Қысқасы, ұстазымыз отызында орда бұзған жігіттің дәл өзі болып шық­ты. «Орхон ескерткіштері және олар­­дың қазақ әдебиетіне қатысы» деген та­қы­рып­та қорғаған диссертациясы ар­қылы жа­­л­ындаған жас ғалым Мырзатай Жолд­асбеков көне түркі дәуірінің сол ға­жай­ып тас мұраларына біздің ата-баба­ла­рымыздың да ортақтығын дәлелдеп қана қой­мапты, ол мұралардың тілдік тұрғыдан да, сөз өрнегі жағынан да, ғасырлар өте келе төл әдебиетімізге еткен әсері жа­ғы­­нан да басқалардан гөрі мына бізге жа­­қынырақ екенін, «қазақ халқындағы бай жыр дәстүрінің негізі сол Орхон ес­кер­ткіштерінде қаланғанын» дәлелдеп шы­ғыпты. Қазақтың көп түрік енші алысып тарасқанда қара шаңырақта қалған қа­раорман ел, байтақ даласын ерлігімен, өрлігімен қорғап қалған қаһарман жұрт екенін көрсетіпті. Сол жырлардың әрі ғылыми, әрі көркем аудармасын алғаш рет жасап шығыпты. Жасағанда да көк­тасқа қайтадан қашалғандай етіп, ай­лы түнде тастақ жолға тиген айтұяқтың тақы­лын­дай төгілдіріп түсіріпті.

Мырзатай Жолдасбековтің «Күл­тегін», «Тоныкөк» жырларын зерттеп, олардың тарихи дерек көзі ғана емес, көр­кем сөздің кемел шығармасы да екен­дігін дәлелдеп, кандидаттық диссер­та­­циясымен-ақ әдебиетіміздің бастау-бұ­­лақ­тарын тұтастай 12 ғасырға әріге жыл­­жытып бергенін (ғылыми ортада аса абыройлы «Вопросы литературы» жур­­налы cол тұста «возраст» казахской лите­ратуры увеличился на двенадцать столетий» деп жазған) барша жұртшылық жақсы біледі. Ғалымның қатып-семіп тұрған қасаң қағидаларды қақыратып өтіп, жастық жалынмен жазып, қоймай жүріп қорғап шыққан сол еңбегінен кейін біз бірауыздан Орхон ескерткіштерін өзіміздің мұрамыз санай бастадық, оған тікелей қатыстылығымызға мақтануға ауыстық, төл тарихымыздың тереңдігіне, ертедегі батыр бабаларымыздың ісінің ерендігіне көз жеткізе түстік, сол еңбектен кейін біздің түркологиядағы жалымыз Одақ бойынша күдірейіп шыға келді, сол еңбек бүгінгі таңда тілдестерден ділдестер жасау жолында Президент Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясының халқы 80 миллиондық Түрік елінде емес, халқы 18 миллиондық Қазақ елінде орналасуына, бүгінде әлемдік түркологияның орталығына айнала бастауына ықпал жасаған факторлардың бірі болып отыр.

Қай халықтың да қадір-қасиетін айқындайтын белгілердің бірі – өзінің жанына қажетті рухани қайнарды өз бойынан толық таба алуы. Осы тұрғыдан қарағанда кеңестік кезеңде Шоқан, Абай сынды даналарымыздың шығу сырын негізінен өзге мәдениеттердің, алдымен орыс, батыс мәдениеттерінің ықпалымен түсіндіре салуға тырысушылық белең алып келгені жасырын емес. Ал қара та­нымаған, сол себепті классиктерді оқы­маған, сол себепті олардан қажы­май-талмай үйренуге мүмкіндігі бол­ма­ған Жамбылдың даналығының сырын ке­­­ңес­тік идеология олай деп айта алмады да, ақын феноменін халық талант­та­­рының бойындағы бұғып жатқан бұ­ла күшті бұлқынтып шығарған жаңа заман­ның жасампаз қуатымен ғана т­ү­сіндірді. Ал Мырзатай Жолдасбеков өзі­нің докторлық диссертациясында Жам­былдың қазан төңкерісіне дейін де ұлы Жамбыл болғанын, Жамбылды ке­ңес­тік кезең тудырғандай сөйлей салу­дың жөні келмейтінін, ол есім бізге қазақ атты халықтың ғажайып төл мәдениетті сыр­тқы ықпалсыз, өзі толық жасай алға­нын көрсетуімен де қымбат екенін, оны тудырған жыр мектебінің бастауы әрі­ден, әріден болғанда кәдімгі Күлтегін, Тоны­көк жырларынан арна тартатынын ешкім таласа алмайтындай етіп таратып берді.

Университет бітіріп кеткеннен кейін көп жылдар бойы Мырзекеңмен араласа алған жоқпыз. Оқытушыдан кафедра меңгерушісі, одан факультет деканы, одан Талдықорған педагогика институтының ректоры, одан Оқу министрі болғанын естіп, табысты жолына қуанып, сырттай тілеулес болып жүрдік. Сексенінші жылдардың аяғында тағдыр жолымыз қайтадан тоқайласты. Ағайымызбен партияның Орталық комитетінде қызметтес болдық. Мырзекең идеология бөлімін басқарды. Бұл қызметке тұп-тура елу жыл өткеннен кейін келген қазақ азаматы еді Мырзатай ағамыз. Осы саланың жұмысына аты аңызға айналған Өзбекәлі Жәнібеков жалпы басшылық жасап, ел аузында екеуі «Өзекең мен Мырзекең» атанған сол бір ғажап жылдарды қазір сағына еске аламыз. Ол кезде мен мәдениет секторының меңгерушісі болып істеген едім. Алаш арыстарын ақтау жөніндегі жұмысты қолға алған тұста бөлім меңгерушісінің білімі де, білігі де, келелі іске кеңесіп барып, бел шеше кірісіп кететін қайраты да тамаша танылған. Неше түрлі қызық пен шыжық болып жататын жұмысымызда. Айтысты алғаш рет Республика сарайында ұйымдастырғанымыз, дәл сол айтыста ақындарымыз республиканың бірінші басшысынан бастап талайдың ту-талақайын шығарғаны да естен кетпейді. Кешке бәрін «Қазақстан» қонақүйінде жинап, біраз «инструктаж» берген едік, қырсыққанда, ертеңіне қызды-қыздымен одан да асырып жіберді. Сонда Мырзекеңе кіріп ақталғаным, қысылғанымнан: «Қайтейік енді. Ерікті жапсаң Серік шығады, Серікті жапсаң Ерік шығады» дегенім де бар. Ерігіміз – Ерік Асқаров, Серігіміз – Серік Құсанбаев қой баяғы. Сондай-сондайдың бәріне кеңдікпен қарайтын.

Эйнштейннен біреу «Ғылыми жаңа­лық қалай ашылады?» деп сұрапты. Сонда ғалым: «Жалпы, жаңалық ашуға болмайды, оны жұрттың бәрі біледі, бірақ соны білмейтін адамдар да табылып қалады, жаңалықты міне солар ашады» деген екен. Мырзатай Жолдасбековтің Орталық комитет аппаратына ала келген жаңалығын да бір ыңғайда солай деу жөн. Бұдан бұрын не аупарткомда, не қалкомда, не обкомда бір күн жұмыс істеп көрмеген адамның Орталық комитетке сол келісін әу баста әркім әрқилы әңгімеге әуезе еткені рас. Қызық болғанда, Мырзекеңнің сонысы, яғни партиялық жұмыстың қазанына түсіп көрмегені кемшілікке емес, қайта артықшылыққа шықты. Мырзекеңнің партиялық жұмыста нені істеуге болатынын, нені істеуге болмайтынын білмей келгені, білмей келгенімен қоймай, білмегенін білетін мына бізден сұрап алмағаны түптеп келгенде бәріміздің абыройымызға айналды. Мысалы, біз, аппаратшылар, Орталық комитеттің хатшыларымен айтысуға, әйтеуір жұрт көзінше айтысуға болмайтынын білеміз. Мырзекең білмейді. Сөйтеді де ОК хатшысы Ануфриев Мырзекең басқарып отырған саланың жұмысын партия жиналысында әділетсіз сынаса сол жиналыста-ақ сөз алып, жауабын береді, тойтарып тастайды. Екінші хатшы Меңдібаев бөлімге жоқ жерден тиісе кетсе іле-шала екі орынбасары Игорь Романов пен Рысты Сариеваны жанына ертіп алып, кабинетіне барады да, әлгінің айтқандарының бәрін терістеп бітпейінше шықпай қояды. Оларды айтасыз, Колбиннің өзімен талай тіресіп еді-ау Мырзекең. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәртебесін екі тілге қатар беру мәселесі көтеріліп, жанымыз мұрын ұшына келгенде елден топтап түсіп жатқан хаттарды қобырата көтеріп, мемлекеттік тіл бір тіл – қазақ тілі болуы керектігін негіздеген (өзі әбден иін қандырып, жетілдірген) жазбаларымызды алға ұстап, алтыншы қабатқа аттанатын кездерде күреңторы өңі қарауытып кететіні әлі күнге көз алдымда. Ондайда кейде сенісетін жігіттерін шақырып: «Ал, мен кеттім» дейтіні де болатын. Сонда осы жолы қызметімен қоштасып шығуы да мүмкін екенін айтқандай көрінетін. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап, керек жерінде айладан да тайынбады-ау сонда сабаз. «Әй, Колбин дәл осыған көне қоймас» деген мәселені де шешіп шығады кейде. «Мырзеке, әңгіме қалай болды өзі?», дейміз ондайда оңаша қала алсақ. «Үндеме, – дейді Мырзекең дауысын бәсеңдетіп. – Бұл өзі өңкиіп, дөңкиіп жүргенімен қорқақ адам. «Осы­ны жасамасақ жаман болуы мүмкін, жас­тарды тағы қолдан көтеріп алып жү­руіміз мүмкін» деген сияқты айтсаң сылқ ете қалады екен, соны байқадым»... Мыр­за­тай Жолдасбековтің қазақ тіліне мем­ле­кеттік мәртебе алып беру жөніндегі ел­дің бар тілегін, зар тілегін жеріне жет­кізіп, келесіне келтірген еңбегін, Әбдуәли Қайдар сияқты ардақты азаматтарымызды алға тоса, Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сүйене отырып, сөзін өткізген саңлақ саясаткерлігін атап айту – тарих алдындағы парызымыз.

 Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел егемендігіне ұмтылу, тәуелсіздікке қол жеткізу, тәуелсіздікті баянды ету жолындағы жұмысының ең бастапқы, ең қиын белесінде жас мемлекеттің идеялық тұғырнамасын қалыптастыру ісіне сол кезде Вице-Премьер қызметінде болған Мырзатай Жолдасбеков үлкен үлес қосты. Мырзатай Жолдасбековтің идеолог ретіндегі, әлеуметшіл тұлға ретіндегі қымбат қасиеттері дәл сол тұста жарқырай көрінді. Бір ғана жайды айтумен шектелейін.

1991 жылдың соңында, қақаған қыс күнінде Тәуелсіздік жарияланды. Ел қуанды. Көзіне жас алып қуанды. Бірақ барша ел болып тойлай қойған жоқ. Көктем шығып, жер аяғы кеңігенде де тойлай алған жоқ. Тойлайтын, сол тойды ұйымдастыратын жағдай болған жоқ. Жас мемлекеттің жұқалтаң бюджеті ең бір қат қажеттіліктердің өзіне жетпей жатқан кез. Сол кезде Мырзатай Жолдасбеков Президентке тарихи тұлғалардың мерейтойларын жер-жерде атап өту жөнінде ұсыныс айтты. Олардың қандай тұрғыда өтетінін, қалай өтетінін, ненің есебінен өтетінін негіздеді. Нұрсұлтан Әбішұлы ол ұсынысты қостады. Сөйтіп, біз мамандарды шақырып, талай тарихты қопарып, сол жылдарда қай тұлғалардың мерейтойлары жақын қалғанын түгендей бастадық. Абырой болғанда олар біршама екен және елдің барлық өңірлерінен де табылады екен. Содан Мырзекең облыс басшыларына, жер-жердегі бас көтеретін азаматтарға ой тастады, нақты ұсыныс айтты. Көп ұзамай Абылайдың, Бұқардың, Қабанбайдың, Бөгенбайдың, Сырымның, Жанғожаның, Өтегеннің, Қойгелдінің, Ескелдінің, Балпық бидің, ақын Сараның деген сияқты ірілі-ұсақты тойлар бірінен кейін бірі өткізіле бастады. Олардың кейбірінде мерейтой де­геннің қабылданған өлшемдеріне қа­рап та жатпадық. Мысалы, Абылай хан­ның 280 жылдығы солай аталды. Со­лар­дың біреуіне де бюджеттен көк ти­ын жұм­сал­ған жоқ. Бәрін елдің өзі көтеріп кетті. Той­лар да солай өтті, ескерткіштер де со­­л­ай қойылды. Қазақтың кез келген нәр­сені жарысқа айналдырып жіберетін жаман әдетінің жақсы жақтары да шықты. Әр өңір өздері үкілеген ұлылардың тойы басқа жердегілерден кем өтпеуіне күш салып жатты. Түптеп келгенде, мұның бәрі қазақ елінің өз тәуелсіздігіне қуануының, өз алдына ел болғанына шаттануының тойларына айналды. Сөйтіп, 1992-93 жылдар­да бүкіл Қазақстанда Тәуелсіздік Тойы әртүрлі нысанмен, әртүрлі атпен болса да кеңінен аталып өтті. 1992 жы­лы Дүниежүзі қазақтарының тұң­ғыш құ­рылтайын шақыру арқылы Тәу­ел­сіз­дікке қол жеткізу қуанышын бүкіл әлем қазақтарының бірге бөлісуіне қол жет­кізілді. Халықтың көңілі қатты кө­те­­рілді. Ел рухтанды. Ел қуаттанды. Осы­ның бәрі халық психологиясына қа­­нық­тықтың, ел мінезіне жетіктіктің ар­қасы болатын. Қайта туған Қазақ елі­­нің әу бастан ұлттық сипатын дұ­рыс қалыптастыруда сол бір күрделі ке­­­зең­де әлеуметтік саланы басқарып, Ел­ба­сының сенімін ақтаған Мырзатай Жол­дасбековтің еңбегі ерен. Іргелі, ірі, игі­лікті істеріне сүйсінгендіктен де, Мыр­зекең елу алты жасына жаңа жетіп, бар жағынан кемеліне келіп тұрған тұста, аяқ астынан қызмет ауыстыратын болғанда ол кісіні шығарып салатын аппарат жи­на­лысында бөлім атынан бірнеше шу­мақ­­пен алғыс-тілек айтқанбыз. «Ойға ке­нен, сөзге шешен, мырза кен, Сіздей ұл­ға елі-жұрты ырза екен. Қимай тұрып тіле­ріміз жалғыз-ақ: Басыңыздан бақыт аумай тұрса екен!» деп аяқталатыны есте. Иә, Мырзатай Жолдасбеков халқымыз үшін жаратылған, өзінше жатқан бір кен. Тау­сы­луды, тарылуды, тарынуды біл­мей­тін мырза кен.

 Құдайға шүкір, Мырзекеңнің басынан бақыт ауған жоқ. Аттан ауу ақырет еместігін аңдатты. Адамды қызмет көтер­мей­тінін, қызметті адам көтеретінін көр­сет­ті. Елбасына адалдығын көрсетті. Пре­­зидент қайда жұмсаса сонда барды. Ел­ші бол десе, елші болды, Дипломатия ака­демиясын құрып бер десе, құрып бер­ді, ректор бол десе, ректор болды, Пре­зидент орталығына бар десе, сон­да бар­ды. Қайда барғанда да барын салып, жұмысты жақсартып, сол қыз­меттің бе­делін биіктете түсті. Қай қыз­метте те қо­лынан қаламын тастамай, ел­д­ік­тің қа­мын, Елбасы еңбегінің қадір-қа­сиетін отаншыл ділімен, көркем тілімен жа­лық­пай-талмай айтумен болды. Қазір де со­лай.

 Жиырмасыншы ғасыр қазақ еліне барлық саладан көрнекті қайраткерлерді берді. Соның ішінде идеологиялық қыз­меттің де тау тұлғаларын тудыр­ды. Бұ­лай дегенде біз алдымен Темірбек Жү­р­геновті, Ілияс Омаровты, Өзбекәлі Жәні­бековті бөле айтамыз. Әр нәрсені өзі­нің атымен атасақ, сол қасиетті қатар­ға бүгінде сексен жастың сеңгіріне кө­те­ріліп отырған асылымыз Мырзатай Жол­дасбековті де қосуға болады. Мыр­зе­­кең­нің соңғы отыз жылдың ішіндегі қы­руар ша­руаның басын қайырған қай­рат­керлігі де, жағы талардай сөйлеп, қа­ры талардай жазып, жақсылыққа үндеп, бір­лікке шақырып, өнегеге үйретіп келе жат­қан көсемдігі мен шешендігі де осылай деуге мүмкіндік береді.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

Соңғы жаңалықтар