Жазықсыз жазалау
Аты аталса-ақ, бойымызды үрей, қорқыныш билейтін, халқымызды адам айтқысыз қайғы-қасіретке тап қылған қаралы 37-ші жылдың зұлымдығына биыл 80 жыл болады. Еске алсақ, кешегі кеңестік кезең кесепаты шырқау шегіне жету кездегі сан мың жанның қанқасап қырғыны елестейді. Небір құпиялары ашылғанмен жабулы талай сыры әлі аз емес секілді. Қанша ұмытқымыз келсе де тарих бетінен өшіртпейді.
Ақыры жантүршігерлік нәубетке апарып соққан сұрқия саясат ел ішінің әлеуетті әулеттерін тәркілеуден, қатыгездігі асқынған билік зорлық-зомбылығы зораюдан, қолдан жасалған алапат ашаршылықтан белең алғаны аян. КСРО Ішкі істер халық комиссары Ежовтың 1937 жылдың 30 шілдесіндегі «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да антикеңестік элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін операция туралы» бұйрығына сәйкес, бұл науқан дереу қолға алынып, төрт ай мерзім ішінде аяқталуға тиіс екені көрсетілуі отқа май құяды. Онда 1-ші (ату) және 2-ші (соттау) категориясымен жазалануға жататындардың саны белгіленеді. Ет өткізу, мал санын арттыру, егін шығымдылығын көтеру жоспары секілді Қазақстанда 1937 жылдың 5 желтоқсанына дейін 2500 адам атылып, 5 мың адам ұзақ мерзімге сотталу керек болса, жоғарыдан жобаланған квота республика тарапынан толықтырылып, ату жазасы еселеп өсіріледі. Ал Қарағанды облыстық НКВД жендеттері де оны асыра орындаушылардан қалыспай Мәскеуден бекітілген квотадағы 200 адамға тағы 200-ге жуық кісіні қосады. Жергілікті билікті ұстаушы Адамович, Духович және Пинхасиктен құралған үштік үкімдері 588 жанды оққа байлатып, қандай себеппен күдікті-кінәлі бола қалуларынан мүлдем бейхабар жұртты мың-мыңдап өскен орталарынан айырудың азабы мен қорлығын тартуға ұшыратады.
Аяқ астынан ілік іздеп, тыным таппаған жаппай қуғын-сүргін сойқаны қылшылдаған жасты да, еңкейген кәріні де, ол ол ма, ең сұмдығы, әкелі-балалыны да, ағалы-ініліні де, ерлі-зайыптыны да большевиктер 1918 жылы екінші Николай патшаны бала-шағасымен бірге атып тастағандай ештеңеге қарамастан жоқ қылудан жасқанбаған. Жалған жала жапсырылып, кекшілдікке қоса шалынған ең етжақын жандар бір-бірлеп емес, он-ондап, жүздеп саналады («Аза кітабы. Атылғандардың тізімі. Қарағанды және Қарағанды облысы». Алматы: «Әділет», 1997). Олар туралы деректер тым аз. Өкінішке қарай, нендей айып тағылуы, не үшін аса ауыр үкім кесілу туралы құжаттармен танысу қиын. Білгендерін еміс-еміс естерінде сақтап қалушылар, жеткізуші ұрпақтары азайып барады. Өз тарапымыздан естігеніміз бен білгенімізге сүйеніп есімдерін еске түсіртіп, есте ұстату көкейде жүрген ой еді. Әрине, әттең бәрін атап, айтып мүмкін емес. Әңгіме тамыры біртұтас отбасыларды ойрандап, жойып жіберуге дейін аяусыз жүргізілген сұмдық қаскөйліктің бірер мысалдары жайлы ғана.
Оталған отаулар
Бұл өзі айтуға өте ауыр, аса аянышты оқиғалар. Сонда да баян етпей болмайды. Атышулы 37-ші жылдың ойранында арыстардың өзін атып тастау аздай тұтас отбасыны бірдей опат қылған қырғынның ащы шындықтарын жеткізу, арылу парыз сияқты.
Бұрын-сонды құлақ естіп көрмеген мұндай жауыздыққа Қарағанды аймағында алдымен іліккендер ерлі-зайыпты Мәжен мен Торғай Сүлейменовтер болыпты. Қасақана ұйымдастырылған кезекті зобалаң басы 37-ші жылдың көктемінде Торғай, іле Мәжен қамалады. Көп ұзамай күзде үштіктің үкімімен бір күнде ату жазасына кесіледі. Коллаждағы мына суретте олар жас жұбайлар екені бірден аңғарылады. Шаңырақ көтеріп, сәбилері Сайдалы мен Еркіннің қызығына бөленіп, қатарластарының алды болып, келешекке үлкен үмітпен қараған бейнелерді көреміз. Ауылдық кеңестің төрағасы, колxоз басқармасының төрайымы ретінде жерлестерін алға ұмтылдырушы қосақтың сәулелі шақтары еді бұл. «Пәле қайда деме, аяқ астында» деген. Ойда жоқта тағдырдың тәлкегіне тап болармыз деген ой өңдері түгіл түстеріне енді дейсіз бе сонда.
Маңдайына жазғаны шығар, алғырлығына орай Мәжен бұған дейін ортасынан ерте озып жүрген. Нұраның Амантауынан қанат қаққан жігітті білім меңгеріп те үлгеру,шаруаны білгірлікпен үйіруді үйрену ел ішіндегі қат-қабат жұмыстарға қызу араласуға тартқан-ды. Шаxаман ауылдық кеңесінің төрағасынан әрі өсуіне мүмкіндік те бар болатын.
Отырықшыландыру, әйелдерді сауаттандыру, артель, колxоз құру секілді іс-шараларға белсене ат салушы араларындағы жалғыз қыз Торғаймен таныс-білістік көңіл жарастыруға жалғасады. Жүктелген міндетті, партия тапсырмасын орындауға әрдайым дайын іскер келіншек екі балдыр-
ғанын енесінің қолына қалдыруға тура келсе де көрші облыстың Еркіншілік ауданына барып, аудандық әйелдер кеңесі қызметін қыздырады. Қай жерге де жақсы кадр қажет. Қайта шақыртылып, өзі өскен Көкмөлдір ауылына, бұл уақытта Исаев атындағы колxозға төрайым болып тағайындалады.
Алыстағы жаңа шаруашылықтағы жағымды өзгерістер өркен жая бастайды.Соны тікелей көруге келген облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбеков оң тәжірибені жер-жерге үлгі етуге үндейді. Алайда алдағыны кім болжап білген дерсіз. Арада жыл өтпей жатып дүние шыр көбелек айналғанда, екінің бірін ізін аңдушылар ештеңеден қаперсіз ерлі-зайыптыны ұстайды. Құрыққа сырық жалғап, бармақты бақандай етушілер кім білсін, аяқ астынан жалалы болушы ел ағасымен сондағы кездесуден де ілік тапты ма деген ой келеді бүгін. Орда бұзарлық, еңбекке жалынды олар мектеп жасына жетпеген, емшектен шықпаған бүлдіршіндеріне пана шақтарында опат болып кетеді.
Бұл өз алдына. Кісі шошырлық зұлымдық тағы бір сүттей ұйыған сәулетті отбасын ойрандауын айтпай кетпеске болмайды. Иә, Тілеуберген мен Бәтима Алышбаевтар да жұртқа өнегелі, сүйкімді жұбайлар болатын. Ол кезде жергілікті тұрғындар арасынан шыққан білікті медицина қызметкерлері сирек саналса, Тілеуберген аймақтағы алғашқы қазақ дәрігері, ал Бәтима бірінші қазақ акушер қыздарының бірі болғанын атаған жөн. Мұның сыртында жұп жарастыра ауылдық жерде қызмет етулері перзенттік парыздарын сездіргендей. Өкінішке қарай, жап-жас өмірлері нақақтан-нақақ қиылған аяулы жандар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында сақталған дереккөз болмай отыр. Тағдырлары шерлі аға буын әріптестері есімін, ісін есте тұтуға бүгінгілердің енжарлығы күйіндіреді.
Қолымыздағы аз-мұз мағлұмат бойынша Тілеуберген Алышбаев Алматы облысының Талдықорған ауданы 7-ші ауылында дүниеге келгенін білеміз. Қарағандыға институт бітірген соң жолдамамен жіберілген тәрізді. Қарқаралы ауданындағы Ворошилов учаскелік ауруxанасының меңгерушісі болады.
Сол уақытта қамалушылардың бәріне ортақ бір-ақ пәле, бір-ақ жала жабылғаны белгілі. Үкіметке қарсы сөз айтты, партия саясатын жамандады, жеп қойды, алыпсатарлық жасады деп үрейлі 58-ші бап тармақтарының бірін жапсырып, ең ауыр жазаға іліктіру түкке тұрғысыз-тын.
Сүлейменовтер сияқты Алышбаевтарға аталған бап айыптары тағыла салынған. Мәселен, Тілеуберген Алышбаевқа 2,7,8 және 11-ші тармақтар, яғни төртеуі қатарынан қабатталған. Ал Ежовтың 1937 жылдың 15 тамызында «Отанға сатқындық жасаушылардың әйелдері мен балаларын репрессиялау бойынша операция туралы» бұйрығында сотталушыны бүркемелеуші, сотталушының контрреволюциялық әрекетін біле тұра тиісті орындарға xабарламаған әйелдерді тұтқындау жөніндегі пәрмен Бәтима Алышбаеваны да көзден таса қалдырмаған. Тыныс-тіршілігі бір адамдарды жазалауға шексіз ерік берудің аяусыздығын осы отбасылардың қайғылы тағдыры көрсетеді. Әйелін күйеуіне, күйеуін әйеліне айдап салу арқылы қоса ату шімірікпей жүзеге асырылған. Неткен қаныпезерлік, неткен тағылық десеңізші. Кейіннен қылмыс құрамы болмағандықтан, ақталған, кінәлері не екенін білмей өткен мұндай мұңлықтар аз болмаған.
Жазығы не, әкелердің?
Бұдан әрі сөз еткелі отырған жай, белді әулеттерді жойып жіберу көзделген қатыгез кекшілдік кесепаты. Әкелі-балалыға, ағалы-ініліге ажал құштыртып, сүйектеріне түйір уыс топырақ бұйырт-
пай жермен-жексен қылу күні бүгінге дейін мыңдаған жүректегі мұң. Қазақтың сол кездегі қай шаңырағын да шарпымай кетпеген қасірет.
Мұны айтқанда Жанайдар Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбековтің әкелері Сәдуақас, Сейфолла, Әбдіраxман қарттардың өмірі соңының аяныштылығы жанға батады. Еліне жанашыр, тұтқа азаматтар тәрбиелеуін көңілге медет тұтқан, ешкімге ешқашан қылдай қиянат жасап көрмеген, өкімет іс-саясатынан мүлдем тысқары ақпейіл, ақылман, аңғал ақсақалдарды төрінен көрі жақын жастарында оққа байлау ақылға сыймайды. Жарық дүниедегі ақырғы ай-күндері турасында мағлұмат там-тұм ғана. Қаза қай жерде, қалай жетті?! Әлі тіс жарылмайды.
«Орнында бар оңалар» демекші, тәубе дейік, үрім-бұтақтары өсіп-өнулі. Қуаныштысы сол, біреулер білер, біреулер білмес көзі тірі тікелей ұрпақ та бар арамызда. Таныстыралық. Ол – Құрман Сәдуақасов. Әкесі ұсталғанда екі жасар бала бұл күнде сексеннің сеңгіріндегі қадірменді қария. Сәлем бере барып, әңгімеге тарттық. Ұстамды, салмақты, кеудесі көтеріңкі кісі болып шықты. Асырып сөйлемей, артық әсірелемей есте сақтағанын байыппен баяндады.
– Әкей Ақмақан, Жалмақан атты екі ағайындының Жалмақанының баласы. Екі рет үйленген адам. Бас-аяғы жеті бала өрбиміз. Ұлдары Жанайдар, Сағынай, Рзыxан, Әсет, қыздары Зейнел, Оңалдың ішінде ең кішісі, яғни кенжесі менмін. Отағасы ескіше едәуір сауатты, көкірегі ояу жан болған. Түркістаннан жас молда алдырып, мектеп аштырған. Үлкен ағамыз Жанайдар сонда оқыпты. Бес-алты жасында-ақ ескі қиссаларды үйдегілерге оқып та, жатқа айтып та беретін зеректігіне орай Ақмолада, Орынборда білім ұштауына барынша қолдау жасаған.
Ел біржола отырықшылыққа көшкенде Қарқаралыдан түйелермен қарағай тасытып, мектеп салдырған. Ол кешегі алпысыншы жылдарға дейін ауылымыздағы білім ұясы болды. Қарияның ұсталғаннан кейінгі өлі-тірісі беймәлім. Бала кезімде үлкендер оңашада басымнан сипап, маңдайымнан сүйіп: «Әкеңнің қамқорлығы арқасында ашаршылықтан аман қалдық. Тектінің тұяғысың. Ұмытпа. Есті бол», – деп құлағыма сыбырлайтын.
– Ақсақал, әкеңіздің қалай ұсталғаны туралы не айта аласыз, – дедік сыр аштыра түсуге тырысып.
– Ақталғаннан соң ғана шешей айтып қалып отыратын. Бесін намазын оқу үстінде тұтқындайды. Аяқтауға мұрша бермепті. Машинаға мінгізілген бес-алты егде адамдар арасына қосады. Бәрі елдің бетке ұстар кісілері екен. «Арада біраз уақыт өткен соң ағаң Сағынай артынан іздеп барды. «Балам, мыналар қайтара қоймас. Жанайдарымның да қамауға алынғанын айтып қорқытады. Іні-қарындастарына сүйеу бол», деп аманат айтыпты дейтін шешей.
Келесі айтылар оқиға да тұп-тура осындай. Білуімізше, Сәкен Сейфуллиннің әкесі де қыркүйек айының аяғында сыртта мал бағып жүргенде тұтқындалады. Ортаудың баурайындағы Қызылшіліктегі қыстаққа жеткен машинадан секіріп түскендер қарияны жалма-жан екі қолтығынан қапсырып қорабына отырғызады. Үйінен жүгіре шығып, қоштасып қалуға ұмтылған сыйлас тұрғыласын да бас салып, алып кетеді. Содан екеуі де бұл дүниеде бар-жоғы белгісіз күйде хабарсыз кетеді.
Екі ескі серіктесінен бұрынырақ ұсталып, атуға кесілген Абдолла Асылбековтің әкесі Әбдіраxман ақсақал да қамалудан құтылмайды. Ұлы туралы жаманат хабар жеткенде үйінің есік-терезесін жауып алып, түннің бір уағына дейін қаза намаздарын алдын-ала оқып жүрген бір түнде зым-зия жоқ болады. Ақмолаға әкетіліп, Сібірге 10 жылға айдалуы ұзақ жылдан кейін ғана белгілі болады.
Абдолладан көп кіші інісі Бапанды нағашы атасы Қаңтарбай жасырып бауырына басып, ата-тегіне жаздыртып, аман-есен өсіреді. Құрдымға кетуге шақ қалған әулет тамырын қазақи бауырмалдықтың осындай қасиетті үрдісі үздірмегеніне шүкір. Бір атадан көктеген үрім-бұтақ бар.
А.Асылбековтің өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеген белгілі ғалым Рамазан Сағымбеков ағамыздың анықтауынша, қария лагерьдегі жан төзгісіз азаптан қаза табады. Тағдырдың жазуына не шара бар, соңғы тынысы үзілерде басын сүйеп, аузына су тамызып, дем беріп отырып көзін жапқан Абдолласының жолдасы Жұмабек Баймолдин екен. Бұл кісі кім десек, А.Асылбековтен бастап Қарағандының бір топ қызметкеріне қозғалған «Қарқаралы ісінде» атудан аман қалып, 15 жылға алмастырылған айдауда тозақты бастан бірге кешуші жан болғанын еске саламыз.
Айта берсе, әдейілеп ұйымдастырылған нәубет аранына жұтылған әулеттер жеткілікті. Баққан малынан, еккен егінінен өзге шаруасы жоқ қарапайым қауым үлкен-кішісіне шүйлігу алақұйын науқанға айналғанын Машрап Аxметов, Нығметолла Машрапов Амантай, Кенже, Мамай Іңкербаевтар, Сәду, Шолақ Дәуірбековтер, Жақсыбек, Тиышбек Шілембаевтар, Садық, Бектұрсын Бекxожиндер, Орманбет, Қоспабай, Иса Шондыбаевтар сияқты ауылдарынан аттап көрмеген, xат танымайтын әкелі-балалылар, ағайындылар өздері сенген өкіметтен жапа шегеміз, оғына ұшыраймыз деп ойлап па, сірә.
Өзі де лагерь азабын бастан аяқ тартқан, қаралы кезеңнің қырық қатпарлы қасіретіне тікелей куәгер, жазушы Жайық Бектұров «Таңба» кітабында: «Кейбіреулер әліпті таяқ деп білмейтін қараңғылар, қайдан келіп, қайдан қойғанын түсінбейді. Әлемнің күллісіне ортақ жарқыраған жалғыз күннің қай жақтан шығып, қай тұстан бататынын білмейді. Міне, жасында жетім бала боп, жоқшылық көріп өскен Әбдіраxман Мұздыбаев жұдырықтай күйкі адам.Таңырқаса да, қорықса да екі сөзінің бірінде: «Ой, Алла-ай, біздің ауыл қай жақта, құбыламыз қайсы, қай тұстан келдік деп отырады» – деп жазғанындай жазалауға негізінен кімдердің шалынғанын айғақтайды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі
ҚАРАҒАНДЫ