24 Мамыр, 2017

Ұрпақ тағдырымен ойнаған оңбайды

679 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттың ұлылығы ұрпағынан көрі­неді. Бұл – әлімсақтан белгілі нәрсе. Ал сол ұрпақ тағдырына былық араласса, ар былғанады. Содан да шығар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ба­ланы ұлша тәрбиелесең – ұл бол­мақ­шы. Құлша тәрбиелесең – құл бол­мақ­шы», деп өсиет қалдырып кеткені. Біз осы өсиетті орындай алдық па, әлде бәрін заманға теліп, теріс басқан аяғымызды, дүниенің құлы болуға ұм­тылған ниетімізді түзеуге мұршамыз жет­пей жүр ме? Бұл санамыздағы ақау­дан, ұлтты ұлт ететін мәдени-ге­не­тикалық кодымыздың әлсіздігінен, тіп­ті мүлде кеміп кеткенінен болып отыр ма?

Ұрпақ тағдырымен ойнаған оңбайды

Шынында, біз күнкөріс қамы, тіршілік жайы деп  осы жағына жете мән бермей келе жатқан секілдіміз. Соның кесірі кей жағдайда ұрпақ тағдырын тәлкекке салуда.  Біреулер «шикі өкпеге» зар болып, тәңірден бала сұрап жүрсе,  қара бастың қамы деп,  арды аяққа басқандар мына өмірдің есігін ашқан бейкүнә сәбилерді «тастанды бала» деген сұмдыққа ұрындырып жатыр. Бұл соңғы кездері тіпті көбейіп кетті. Көшеден, қоқыстан, аялдамадан қытайдың ала дорбасына салып, қалдырып кеткен ұл мен қыздың қандай кінәсі бар еді? Кінәсі жоқ, кінә да, күнә да біздің мойнымызға бес батпан қорғасындай артылып тұр. Бұл – ақиқат.

Соңғы деректерге қарасақ, Алматыда –15, Шымкентте 21 сәбидің тағдыры тәлкекке түскен. Ақшаға айырбасталған. Ондай жат қылыққа барғандар жазасын алған, бірақ сәбилердің жанына түскен жараны қалай жазуға болады?  Ақтөбеде кіндігі де түспеген сәбиді 60 мың теңгеге саудалағандарға қатысты сот іс қарады. Айтылатын сылтау − әлеуметтік жағдай. Мұқтаждық делінеді. Қазақ қызын қадірлеген, анасын ардақтаған жұрт еді. Сұрқай қылықтың себебіне тереңдеп бармай, кейде салдарына жүгінетініміз де бар. Осындай тұста Мұхтар Әуезовтің  «...адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізетін – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы сасық тұман айықпай,  ха­лық­қа адамшылықтың бақытты күні күліп қа­ра­май­ды. Ал, қазақ, мешел болып қаламын демесең, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең әйелдің халін түзе»,  деген сөзі ойға оралады. Иә, ұлы қаламгердің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген  сөзін мысалға алып жатамыз, арғы жағында бесік тербеткен ана туралы толғамын естен шығарып аламыз.

Бұлай деуімізге себеп, тастанды сәби тағдырын  сөз еткенде бар бәлені, ауыр сөздерді әйелдердің басына үйіп-төгетініміз бар. Әйел ерге қарамайтын ба еді? Әйел ерге қарағанда ер жерге қараса, осындай сұмдықтар орын алатын секілді. Сол тас­танды бейкүнә сәбилердің әкесі кім? Біз неге олар туралы да сөз қозғамаймыз? Әрине, бұл арада қатыгездікке барған жандарды ақтап алу, қорғаушы болу ниеті жоқ. Бұл тәрбиесіздік қайдан келді дегенді жұрт болып ойластырсақ деген ниет бар. Бұл бәрімізге,  ұлтқа да сын болып отырғаны хақ.

2015 жылы елімізде некесіз туған 72 мың бала болса, 400 мыңнан астам ана, 60 мыңнан астам әке ұрпағының жеке асырау­шысы болып отыр екен. Жетімдер саны – 31 мың, балалар үйінде 6436 ұл мен қыз тәрбиеленіп жатыр. Осы мысалдар жалпы халқымыздың санына шаққанда ойландырмай қоймайды.

Жақында «Қазақстан» ұлттық теле­ар­насындағы «Айтуға оңай» бағ­дар­ла­ма­сында Мәскеуде тірлік етіп жүрміз де­ген пенделер, яғни өз қандастарымыз деу­ге тіл әрең келеді, жастарды алдап апарып аяу­сыз тепкіге салғаны туралы жан түр­шік­тірер көріністер көрсетті. Үлбіреген  жап-жас қыздарымыз адам айтса сенгісіз азап шегіп, шерменде болып, ол жақтан да әкесіз жетімдерді жетектеп келіпті. Сол бағдарламада көзге жас үйірген сұм­дық­тарды жасағандар жазалана ма, әлде қа­тыгез жұмыстарын жалғастыра берер ме екен? Өзгеден көрген қорлықты жиі ай­тамыз. Ал өзіміздің өзімізге жасаған итті­гімізден қалай құтыламыз?

Бала тағдырына кейде немқұрайлы қа­райтын бір әдет өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы аласапыранда бас­талып, шірік тамырын үзбей келеді. Сол тұста алыс, жақын шет елдерге, әсі­ресе, АҚШ-қа кеткен балалар туралы «Егемен Қазақстан» газетіне мақалалар жа­риялаған едік. Соны ұйымдастырған фир­малар АҚШ-қа апарып, өздерінің  қа­зақстандық балаларға жақсы қарап жат­қа­нын дәйектемек болды. Бірақ біз шетке кеткеннің бәрі Бейбарыс емес екенін, бүгінгі заманның дамуы басқа  бағытта екенін көрсеткен мақалалар жазып, «Ар алдында біз тазамыз ба?» деп кі­тап шығар­ға­нымыз бар.

Бұл жолы ащы да болса ақиқатты алға тартуымызға Елбасының рухани жаңғыру, яғни отандастарымыздың санасының оянуы, рухының серпілуі, ұлттық мәдени- генетикалық коды ғана халықты жағадан алған жаһанданудан сақтайтынын тайға таңба басқандай көрсетіп берген мақаласы себеп болған еді. Ендігі жерде осы рухани  жаңғыру арқылы санамызды жаңартып, ұлттық бірегейлікті биікке көтеріп, жеке бастың емес, мемлекетіміздің мәңгілігіне жету жолында кемшілігімізге кеңшілік жасамай, жұдырықтай жұмылып, сөзден іске көшсек, ұрпақ тағдырымен ойнау тыйылып, өзге де әттегенайларымыздан арылып, жұрт алдында адалдығымызды,  арлылығымызды көрсетер едік.

Сүлеймен МӘМЕТ, 
«Егемен Қазақстан»