Әлем • 24 Мамыр, 2017

Әлем айыптаған террорлық акт

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүйсенбі күні Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы «Манчестер Арена» залында әнші Ариана Гранденің концерті аяқтала бере, жергілікті уақыт бойынша 22:35-те жарылыс болды.

Әлем айыптаған террорлық акт

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жарылысты жан­кешті ер адам жасаған. Жарыл­ғыш затты іске қосқан ол өзі де оқиға орнында көз жұм­ған. Оқиғаны террорлық әре­кет деп бағалаған тәртіп сақ­шы­лары қазір терроршының басқа да сыбайластарының бар-жоғын тексеріп жатыр.

Тағылық қанқұйлы әрекет салдарынан, соңғы деректер бойынша, 22 адам қаза тапса, 59 адам жараланған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметінің 60 көлігі мен 400 тәртіп сақшысы жұмылдырылып, қаладағы 8 аурухана жараланғандарға ем-дом жасап жатыр. По­ли­ция қызметкерлерінің мәлім­деуінше, бұл тағылық әрекет 2005 жылы Лондонда 50 адам­ның өмірін қиған лаңкестік оқиғадан кейінгі Британия тарихындағы ең ауыры болып отыр.

Ұлыбритания премьер-
министрі Тереза Мэй 8 мау­-
сымға жоспарланған елдегі парламенттік сайлау науқанын тоқ­татып, лаңкестікті ұйым­дас­тырғандардың кім екенін анықтау мақсатында үкіметтің төтенше отырысын өткі­зетінін мәлімдеді. «Қаза тап­­қан­дардың отбасы мен жақын­дарына көңіл айтамыз. Оқи­ғаның мән-жайын анықтау үшін жұмыс істейміз», – деді үкімет басшысы.

Мәліметтерге қарағанда, Ариана Гранденің концертінде Қазақстан азаматтары да болған. Еліміздің Сырт­қы істер министрлігі концертке қазақстандық алты студенттің барғанын айтты.

Дегенмен, жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақ­стандықтар жоқ. «Біздің дипломаттарымыз солардың екеуімен байланыс жасап, аман-сау екендігіне көз жеткізді. Оларға ешқандай ме­ди­ци­налық көмек қажет емес және достарымен бірге тұратын жер­леріне аман-есен жеткен», дейді Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігі баспасөз қыз­метінің басшысы Әнуар Жайнақов.

«Лондондағы Қазақстан ел­ші­лігі жергілікті құқық қорғау ор­­гандарымен тығыз байланыс­та. Қазақстан азаматтарына сақ болу жөнінде ескертулер тара­тылған. Елшіліктің консулдық бөлі­мінің жедел желісі іске қосулы: +44(0)7447470570 (Whats­App).  Манчестердегі жақын­дары­ңыз, туыстарыңыз немесе дос­тарыңызбен байланысып, олар­дың аман-есен екендігіне көз жет­кізулеріңізді сұраймыз», деп жазды Сыртқы істер министрлігі бас­пасөз қызметінің басшысы.

Қайғылы оқиғаға орай басқа да елдер басшыларының қатарында Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та көңіл айтып, жеделхат жолдады. АҚШ президенті Дональд Трамп террор­лық әрекетті қатаң айыптай отырып, мұндай адамдардың пайда болуына әсер ететін идеологияны түбірімен құрту керектігін айтты. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйге көңіл айтса, премьер-министр Эдуард Филип Франция тұрғындарын абай болуға шақырды. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Ұлыбритания ханшайымы II Елизаветаға көңіл айтып, қиын кездерде Қытай мен Ұлыбританияның бір-біріне қолдау көрсететінін жеткізді.

Террорлық әрекетті «Ис­лам мем­лекеті» делінетін (Қазақ­стан­да тыйым салынған) террор­лық ұйым өз мойнына алды. Бұқа­ра­­лық ақпарат құралдарының мәлі­ме­тінше, оқиғадан бірнеше сағат кейін аталған қанқұйлы ұйым лаң­кес­тері Манчестердегі жарылысқа ұқ­сас видеоны интернетте таратқан.  

Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»