Қазақстан • 24 Мамыр, 2017

Алматының ЭКСПО-ға үлесі

176 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесінің басталуына санаулы ғана уақыт қалды. Жер-жаһан назарын тіккен ЭКСПО көрмесі тек елор­даның ғана емес, бүкіл еліміздің абыройын аспандататын айтулы шара. Еліміздің қаржылық-экономикалық орталығы саналатын алып мегаполис Алматыда да мерейлі шараға дайындық қызу жүріп жатыр.

Алматының ЭКСПО-ға үлесі

– ЭКСПО-2017 мамандан­ды­рыл­ған көрмесі бәрімізге ор­тақ жауапкершілік жүктейді. Бә­рі жоспардағыдай іске асса бірнеше жыл көлемінде жүр­гі­зіліп келе жатқан дайындықтың жемісі сол болмақ. Көрме жа­қын­даған сайын жұмыс та қыза түсті. Біз негізгі төрт бағыт бо­йынша жұмыс істеп келеміз. Олар, негізінен ұйымдастыру шаралары мен түсіндіру жұ­мыстары. Шетелдік делега­ция­лардың басым бөлігі Аста­наға Алматы арқылы қаты­най­тындықтан визалық қол­дау және маңызды ресми өкіл­дерді қарсы алу сияқты жұмыс­тарға баса назар аударылады. Ағымдағы жылдың сәуірі­нен бастап қаламызда ЭКСПО-2017 көрмесіне арнал­ған спорттық-мәдени шаралар үзбей өткізіліп келеді. Рес­пуб­ликалық деңгейдегі мара­фондар, Green Party акциясы, ЭКСПО аллеясы, тағы да бас­қа бірқатар шаралар көрме аясында жүзеге асты. «ЭКСПО-да кездесейік» жас­тар қоз­ғалысы құрылып, сәуір айынан бастап ұйымдастыру жұмыстарымен айналысуда, –  дейді ЭКСПО-2017 штабының Алматы қаласы бойынша же­текшісі Самғат Ермекбаев.

Көрменің негізгі тақырыбы та­биғатта бар нәрседен жаң­ғырмалы энергия алу мәселесіне ба­ғытталғандықтан, еліміз бен әлемнің түкпір-түкпірінен ке­летін ғалымдар мен өнер иелері өз жобаларын ұсынады. Осы орайда, алматылық өнер­тап­қыш­тар да өз өнерлері мен ғы­лыми жаңалықтарын паш етпек. «Көрмеге Алматының аты­нан қатысатын ғалымдар мен өнертапқыштар 23 инно­вация­лық жоба ұсынатын болады. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы секторы үшін биогаз қалдықтарын трансфор­мациялау, энергия көзін үнемдеуші технология­лар сияқты жобаларды қам­тиды», дейді мамандар. Ал­ма­ты қаласында орналасқан елі­міздегі іргелі мәдениет ошақ­тарының көпшілігі өз өнер­лерін ортаға салып, көрме күндері ЭКСПО қонақтарының көзайымына айналмақ.

Тағы да бір атап айтар жайт, ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесінің салта­натты ашылу рәсімін алма­ты­лықтар Республика сарайы­ның алдындағы үлкен экраннан тікелей эфирде тамашалай алады. Көрме кезінде өз еркімен қызмет жасайтын еріктілер сапына Алматы қаласынан 900 студенттен құралған еріктілер тобы жұмылдырылып, оларды жан-жақты дайындау жұмыстары 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Еріктілер үшін темір жол билеттері алдын-ала жергілікті бюджет есебінен алынып қойған.

Астана мен Алматы қа­ла­сы әкімдіктерінің арасында жасал­ған меморандум бойын­ша көрме кезінде бірқатар азық-түлік түрлерін Астанаға тіке­лей жеткізу жоспарлануда. С.Ер­мекбаевтың айтуынша, меморандум аясында 3 ай бойы 20 мың тонна азық-түлік Астанаға жөнелтілетін болады. Олардың ішінде картоп, қызылша, қырық­қабат, сәбіз, қияр, қызанақ, пияз, жү­гері, алма, алмұрт, өрік, шабда­лы сияқты көкөністер мен же­міс-жидектер, сондай-ақ, ет өнім­дері, сүт өнімдерімен қатар бас­қа да азық-түлік тауарлары бар.

Жолаушылар мен туристерді тасымалдау мәселесі де өз алды­на үлкен жұмыс. Алматы қаласы штабы мамандарының берген ақпараты бойынша көрме ке­зінде Алматыдан Астанаға тәулігіне орта есеппен барлығы 5830 адам барады. Оның ішінде, тәулігіне 13 әуе рейсімен 1100 адам қатынайтын болады. Күніне бір рет 2924 адамды тасымалдайтын 5 темір жол пойызы, күнара 1276 адамды тасымалдайтын 1 пойыз, 420 жолаушыға арналған 1 жүйрік пойыз аптасына бір рет алматылықтарды ЭКСПО-2017 көрмесімен қауыштырады. Сонымен бірге арнайы автобустар күніне екі рет 110 жолаушыдан тасымалдай алады. Көрмені тамашалау үшін шет елдерден келген туристер мен транзиттік жолаушылар санының артуын ескеріп, оларға қосымша бірнеше тасымалдау құралдары жұмылдырылады. Осылайша, әуе рейстері, темір жол пойыздары, арнайы қоғамдық көліктер арқылы орта есеппен күніне 1570 жолаушыға қосымша қызмет көрсетілмек. Жоғарыда аталған барлық сандарды саралай келе, Алматы қаласы мен Алматы облысынан және қала қонақтарынан барлығы, 500 мыңға жуық адам ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде елордаға барады деген болжам бар.

Қаладағы «Қазпочтаның» барлық бөлімшелерінде, «Ме­ло­ман» дүкендер желісінде, «Ме­га Алматы», «Мега парк» сауда орталықтарында, қала бойын­ша барлығы 71 нүктеде көрме билеттері сатылуда. Мони­то­ринг бойынша, басқа өңір­лер­ге қарағанда Алматыдағы билет­тердің өту қарқыны жоғары дейді жауапты мамандар. Осы рет­те, әлеуметтік әлсіз топтар мен бір­қатар халыққа билеттер жеңіл­дікпен ұсынылуда. ЭКСПО-2017 арқылы тауар айналы­мы жолға қойылып, туристер есе­бінен Алматының бюд­жет қоры молайып, қаланың инвес­ти­циялық әлеуеті арта түспек. Шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық байланыс нығайып, алып мегаполистің экономикалық әлеуеті тың серпін алады деген сенімдеміз.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ