Аймақтар • 24 Мамыр, 2017

Газ тасымалы қуаттана түсті

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласынан 60 шақырым жерде еліміздің оңтүстігі мен газ жеткізу көзделіп отырған солтүстік өңірлерін де қажетті газбен қамтамасыз ете алатын нысанның құрылысы аяқталды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының 944-ші шақырымында «Қараөзек» компрессорлық стансасы салынды. Қуатты агрегаттармен жабдықталған станса Қытайға табиғи отын экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік бермек.

Газ тасымалы қуаттана түсті

«Қараөзек» компрессорлық стансасы Ақтөбе облысында жуырда ғана іске қосылған «Бозой» стансасымен қатарлас жұмыс істеп, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құ­бырының өткізу қабілет­ті­лігін 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Екі станса да соңғы үл­гі­дегі, жоғары технологиялар не­гізінде салынған және күр­делі режім жағдайында да үздік­сіз пайдалануға арналған газ ай­дау­шы агрегаттармен және қосал­қы жабдықтармен жасақтал­ған. Айта кетерлігі, құрылыс­тың күрделілігіне қарамас­тан, «ҚазТрансГаз» АҚ осы инвес­ти­ция­лық жобаны жоспарланған мерзімінен жарты жылға ерте аяқтап отыр.

Компания өкілдерінің пікі­рін­ше, құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауға, «Қараөзек» КС салу кезінде ішкі резервтегі газ айдау қондырғыларын оң­тай­лы пайдалану арқылы қол жет­кізілген. Бұл 10 млрд теңге үнем­деуге мүмкіндік берді.

Транзиттік әлеуетті ұлғай­ту­дан бөлек, «Қараөзек» ком­прес­­сорлық стансасы тағы бір ма­ңызды міндетті шешуге арналған. Оның құрылысы Қазақ­станның елордасы Аста­наны табиғи газбен жабдықтау, сондай-ақ, елдің орталық және сол­түстік өңірлерін көгілдір отын­мен қамтамасыз ету есе­бімен салынды.  

Газ мамандарын құрылыс жобасының сәтті аяқталуымен құттықтаған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шә­ріп­баев, іргелі құрылыс жоба­ла­рының бүкіл елдің газ тасымалы саласы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. «Бүгінгі күні ТМД елдерінің аума­ғында «Бозой» және «Қара­өзек» компрессорлық станса­ла­рымен тең келетін инфрақұ­ры­лымдық нысан жоқ десе де болады. Бұл газ тасымалы саласының әлеуетін арттырумен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылға дейін қазақстандық нарықтың қажеттілігін толықтай отан­дық газбен қамтамасыз ету жө­ніндегі міндеттемесін шешудегі тағы бір маңызды қадам», деген пікірін білдірді.

Ертілеу ШАХМҰРАТҰЛЫ