Асқақтаған амалшыдан аяңдаған адалдық озады» дегендей, өзіндік үздіксіз жемісті еңбегімен биік мәртебеге жеткен тұлғалы азамат үлгісі осындай болар. Данышпан Толстойдың: «Өмірден жиіркенбей, үнемі ләззат алып өтудің бір-ақ жолы бар. Ол – тіршілікке қажетті жарық сәулені сырттан алмай, өзің оған шырақшы болу, оған өз жаныңның сәулесін түсіріп, жана білу» дейтін мағыналы лебізі Жандарбек аға жаратылысын терең ұқтырғандай. Осыншалықты құрметке бөлеген өз жүрегі мен жігерінің оты, өнерпаздық қабілет-қасиеті. Құмырсқаша қимылдап мақсаткерлікпен әрекет етті, туып-өскен жерден жырақта жүрсе де көкірегінде теңіздей толқыған патриоттық сезімі өшпеді.
Елтаңба – Мемлекет символы, Рух кітабы, ұлттық дүниетанымның байтақ бай әлемі. Ендеше, сәулетші Жандарбек Мәлібековтің философиялық-көркемдік ойлау жүйесінің түп қазығы – мыңдаған жылдар бойы көшпелі халықтың панасы, ордасы болған киіз үй құрылымына жүгінуі керемет. Расында, киіз үйдің күрделі архитектоникасы – елтану, мәдениеттану, жаратылыстану, өнертану, жан бағу ілімдерінің негізінде үздік шеберлікпен қиыстырылып, қиюластырылып жасалған бірегей мінсіз әрі көркем мүлік-мүкәммал.
Сондықтан да Елтаңбаның, шаңырақтың өзегіндегі әрбір детальдың сыры, мәні, тілі бар. Олар ақынның, философтың көзімен мейлінше сұрыпталып, абыздар мен жыраулардың күмбірлетіп толғағанындай сөйлейді. Мұнда симметрия, сәйкестік, өнерлендіру, гармония бар және де оюшылдық, зергерлік, кестешілдік, бір сөзбен айтқанда, қолөнер түрлерінің баршасы біртұтас үйлесім тапқан.
Сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібекұлы «Елтаңба – ұлттық мемлекеттің идеологиялық картасы» деп тұжырымдайды. Бұл расында да дәл, айқын анықтама. Задында, тарих пен мәдениет айғағындай Елтаңбадағы ең басты ұғымдар мен атаулар үлкен жүк арқалайды. Таратып айтар болсақ, маңдайдағы бес бұрышты жұлдыз, яғни таң алдында туатын Шолпан жұлдыз «Жұлдызың жоғары өрлесін, жұлдыздай жарқыра, жұлдызың солыңнан тусын» деп тұр. Шаңырақ – ғарыштың символы әрі Орда, Мекен, Әулет, Отбасы, Ұя дейтін ұғымдарды меңзейді. Уықтар – шаңырақты көтеріп ұстайды, одан алтын сәулелер тарайды, күлдіреуіштер – түндікті көтеріп, жауыннан қорғайды, басқұр – дауылдан қорғайды. «Киіз үйіңнің басқұрын сатпа, басың құралмайды» дейтін ырым да бар. Ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ – елің-жұртың биік самғасын, қанаты талмасын, рухы асқақтасын дегенді білдіреді. Мұндағы мүйіз – айбарлылықтың, тегеурінділіктің белгісі әрі көз тиюден сақтайды. Және мүйізінде жеті сақина бар. «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» дейтін халық даналығын еске түсіреді. Масақтар – дәулет, қошқар мүйіз ою-өрнектер – ұлттық дүниетаным, «Қазақстан» мемлекет атауы ретінде қолданылған. Елтаңбаның алтын түсті реңінің де шертер сыры телегей. Ол – қазына-байлықтың, дархандықтың нышаны. Киіз – найзағай отынан сақтайды, оны мүлде залалсыздандырып ыдыратып жібереді.
Мейірім мен қайырымнан жаралған Жандарбек аға өз өмірі мен өскен ортасы туралы былай ой сабақтады:
– Әу баста сәулет өнеріне қызығатынмын, қарапайым теміржолшының отбасында дүние есігін аштым. Мен туған Екпінді ауылынан (бұрынғы 23-ші разъезд) ежелгі Сауран мен Сығанақ шаһарлары алыс емес. Бұл аймақты ежелден ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі айрықша айшықты дамыған бір қауым ел мекендейді. 1950-1953 жылдарда біздің үйдің дастарқанынан қазақтың бетке ұстар дүлдүлдері Нартай Бекежанов, Жамал Омарова, әкемнің сыйласы, сырласы Қалмақан Әбдіқадыров, дәм татып сондай Сыр өнірінің майталман жыршы, жыраулары өнер көрсеткен еді. Осындай қызық-сауығы үзілмеген, өнері мен мәдениеті өркендеген әдемі ортада ержеттім, есейдім. Мүмкін, сәулет өнерін таңдағаным да осыдан шығар.1965 жылдан бастап Ташкенттегі мемлекеттік жобалау институтында 36 жыл бойы сәулетші болып қызмет еттім. Ташкент, Ферғана, Самарқанд, Бұқара, Шыршық, Ангрен тәрізді шаһарлардағы сан сипатты ғимараттарда сәулетшілік қолтаңбамды қалдыруға құдай бұйыртты. Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидовтың алдында сәулет өнері хақында төрт рет баяндама жасадым.
Жақсының көзі, жайсаңның өзі Жандарбек ағамен дәмдес-тұздас, сапарлас болғанда байқағаным – тойған қозыдай қалпы, мейірбан болмысы, шынайы көңіл-пейілі қызықтырып баурайды. «Ағаштан ағаш мәуе алады, адамнан адам тәлім алады» дейтін тәмсіл бар емес пе?! Әрқашанда осы бір көшелі кісіден бір жақсы нәрсе үйренгім кеп тұрады. Өйткені, ақылы мен тәжірбиесі, мінез-құлығына ел сүйсінерлік, ер қызығарлық.
Қазақ Елінің ұзын-сонар заманалар бойғы классикалық тарихындағы ұлттық-символдық құндылықтарды екі метрлік Қазақстан Елтаңбасының нобайына ұтымды да ұтырлы сыйғызып, қап-қалың алты матрасқа құнттап орап, сонау Ташкенттен «КамАЗ» мәшинесімен Алматыға жеткізіп, Алқа талқысына түсіп, бәйгеге түскен екі жүз тоқсан үш жұмыстың ішінен жақсы кісінің жарқын ісі суырылып озып шыққаны, таңдалғаны, бұйырғаны не деген ғанибет десеңізші!..
Мемлекеттік Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлының өмірдегі жолы – ізгіліктің, кісіліктің, өнерпаздықтың жолы, сондықтан да ұзағынан сүйіндіргей, тағдыры сұлу болғай деп тілеймін!
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор