Қазақстан • 24 Мамыр, 2017

Елдігіміздің белгісі биікте тұрады

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл елдігіміздің белгісі, Тәуел­сіздігіміздің тұғырына айнал­ған мемлекеттік рәміздері­міздің қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Азаттықтың ақ таңы үшін арпалысқан ата-бабаларымыз бен бүгінгі ұрпақтың арман-аңсары көрініс тапқан Мемлекеттік ту, Елтаңба мен  Гимн­нің ширек ғасырлық белесі Алаш баласы үшін мәні бөлек, ма­ғы­насы ерек мереке деп біле­мін.

Елдігіміздің белгісі биікте тұрады

Алдағыны қапысыз болжай­тын көреген көсем, халқын соқ­пақты жолдан адастырмай алып өткен қажырлы қайрат­кер, еліне әлемнің мәртебелі мінберлерінен ойып тұрып орын сайлаған саясаткер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мем­лекеттік рәміздер – бұл біз­дің мемлекеттілігіміздің, егемен­дігі­міздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын  білдіреді», – деп баға берген елдігіміздің үштағаны шын мәнінде ұлттық құндылығымызға айналды.

Еркіндіктің елең-алаңында қабылданған мемлекеттік рәміз­деріміздің мәнін біз мектепке барғаннан-ақ ұғына бастадық.  Мемлекеттік тудағы қыран мен Елтаңбадағы қанатты пы­рақ­тарға талай мәрте қызыға қара­ғанымыз есте. Салтанатты жиындарда ғана орындалатын Мемлекеттік гимннің құдіретін сезіне түстік. «Менің елім...» деп шырқаған сәтте үлкендердің жанарына жас үйірілгенін көріп, таңғалатын едік. Бұл туған жерінің әр сүйемін қасықтай қаны қалғанша қорғаған, азат Қазақстанның әнұраны асқақ­тап, туының көкке көтерілуін көк­сеген, осы жолда жан қиған бабалар ерлігіне құрмет екенін кейін ұқтым.

Гимннің алғашқы әуендері ойнала бастағанда-ақ кіндік қаның тамған киелі жерің, оның өткені мен бүгіні көз алдыңа келе қалады. Талай өткелектен аман өткен елдің жүрек сөзіне айналған Әнұран жігеріңді жани түседі. Бұл балталаса да бұзылмайтын берекенің арқа­сын­да бүгінге жетіп, байтақ  Отан­нан бақыт тапқан жұрттың жан тебіренісі.

Біздің Жаңақорған ұлт ру­ханиятының талай-талай қабыр­ғалы қайраткерлерін түлеткен өңір. Солардың бірі – белгілі сәу­летші, Мемлекеттік Елтаңба ав­торы Жандарбек Мәлібеков ағамыз. 

Оқушы кезімізде ол кісімен өткен талай кездесуге қатыстық. Сондай сәттердің бірінде сәу­лет­ші Елтаңбада бейнеленген шаңырақтағы уықтар Қа­зақстандағы ұлттардың бірлігін бейнелейтінін айтып еді. Қазір қай мекемеге барсаңыз да біздің елдегі достықтың беріктігін бейнелейтін осы Елтаңба сізді алдымен қарсы алады.

Мемлекеттік рәміздер бәрі­міз үшін өте қасиетті ұғым. Хал­қы­мыздың ғасырлар бойы арман­даған тәуелсіздігінің жемісі. Өз басым еліміздің көк туын шамам жеткенше көк­ке көтеріп, шет елдердегі ірі жа­рыс­тарда мемлекетіміздің ән­ұра­нын шырқатуға үлес қо­сып жүргеніме іштей болса да мар­қаямын. Өйткені, туған елің­нің намысын қорғағаннан, туған жеріңнің абыройын арттыр­ғаннан артық бақыт жоқ.

Дәулет НИЯЗБЕКОВ,
еркін күрестен Азия чемпионы

Қызылорда облысы