Франция павильоны 1084 шаршы метрді құрайды және көрмедегі ең үлкен павильондардың бірі. Мұнда мемлекеттің ірі компаниялары – «Peugeot», «Syctom», «Total», «Veolia», «Vicat», «Iter», «ADEME», «Saint-Gobain» өздерінің болашақ энергиясы тақырыбындағы жетістіктерін паш етіп, жаңа өнімдерін көрсетпек. «Біздің көрме павильонымыз екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта Францияда инновация мен болашақ технологиялар саласында озық саналатын компаниялар орналасса, екінші қабат симпозиумдарға, дебаттарға, сурет көрмелеріне арналады. Ол бір сәтте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. «Peugeot» компаниясы 1995 жылы әлемде ең алғашқылардың бірі болып өзінің электр көлігін таныстырған еді. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде біз жаңа буын көлігін ұсынатын боламыз. Бұл, әсіресе, бүлдіршіндер мен авто әлемін жақсы көретіндер үшін қызық болатыны сөзсіз», деді П.Лоро.
Павильонның өзі «Экоқала», «Баламалы энергия» және «Экологиялық көлік» деген тақырыптарға бөлінген екен. Осы тақырыптардың біріне сай жасалған француз павильонының бірінші қабатындағы 7 бөлік келушілерге «жасыл энергетика» саласындағы жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік береді. Бөліктер галерея арқылы қосылған, онда әлем өркениетінің дамуына үлестерін қосқан Францияның көрнекті қайраткерлері мен ғалымдарының бейнелері қойылады.
П.Лороның айтуынша, көрме қонақтары павильон аумағында француз өнер қайраткерлерінің шығармаларын – мүсінші Милен Гермонның туындысы «Минис Аква» композициясын, суретші-иллюстратор Ян Далонның қолынан шыққан және Францияның символына айналған Марианна бейнесін және Францияның ең әдемі жерлерінің фотосуреттерін көре алады. Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жұмыс істеп тұрған уақытта Франция екі ұлттық мерекесін – 21 маусымда Франция күнін, 14 шілдеде Бастилияны алу күнін атап өтеді. Осыған орай, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Француздар 21 маусымда отыз жылдан астам уақыттан бері тойлап келе жатқан Музыка мерекесі аясында өздерін барлық қырынан көрсетпек. Шара қонақтары дәстүрлі цирк нөмірлері мен кабарэні көріп, Францияның оңтүстік-батысының және Бретань музыкасын тыңдайды. Музыка мерекесі шеңберінде Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері де француз тілінде ән салады.
Павильонның конференция залында үш ай бойы көптеген семинарлар, шеберлік сағаттар мен ғылыми конференциялар өтеді. Оларға қатысқан қонақтар болашақ энергиясы саласындағы француз инновациялық технологиялары туралы, сондай-ақ, білім, мәдениет және франкофония салаларындағы Франция мен Қазақстанның ынтымақтастығы туралы көптеген қызықты мәліметтерге қанығады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»