24 Мамыр, 2017

АЛЖИР-дегі алғашқы «музей түні»

1016 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана іргесіндегі Ақмол ауылында орналасқан Саяси қу­ғын-сүргін және тоталитари­зм құрбандарының АЛЖИР ме­мо­риалды-мұражай кешенінде ал­ғаш рет «Музейдегі түн» шара­сы өтті. Аза бойыңды қаза қы­латын өткен ғасырдың отызын­шы жылдарындағы азапты күн­дерді ес­ке алуға арналған қа­сі­ретті ор­ын­­дағы ашық есік күні атал­ған му­зейдің қызмет көрсете баст­а­- ғанына он жыл толуына орай ұй­ым­­дастырылды.

АЛЖИР-дегі алғашқы «музей түні»

Ақмола облысы Целиноград ауда­ны­ның Ақмол ауылындағы «Отанын сат­қан­дар әйелдерінің Ақмола лагерінің бұрынғы ор­нында тарихтың бірегей ескерткіші сая­си қуғын-сүргін және тоталитаризм құ­р­­бандарының АЛЖИР мемориалды-мұ­­ражай кешені Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылғы 31 мамырда ашылған болатын.

Бүгінде қолда бар деректерге көз жү­гір­тсек, жалпы Гулагтың лагерьлерінде 18 мыңнан астам әйел азапты күндерін өт­­кіз­ген екен. Сұрқия саясаттың құр­бан­дарын өз заманының жендеттері сол кез­дері үнемі ла­герьден лагерьге ауыс­ты­рып, азап­қа сал­ға­ны да тарихи құ­жат­тардан бел­гілі.

Ал енді тұтқындалғандар кімдер еді деген мәселеге келсек, олар негізінен Одаққа та­нымал саяси және қоғам қайраткерлерінің ана­сы, әйелі немесе апа-қарындастары еді. Айталық, олардың арасында Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Арифа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфандиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, атылып кеткен маршал Тухачевский әулеттің әйелдері, жазушы Борис Пильняктың зайыбы Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың зайыбы Евгения Лурье, т.б. болды.

Халықаралық мұражайлар күнімен тұспа-тұс келген кеште мұражай қыз­мет­кер­лері Ақмол ауылындағы мәде­ни­ет үйі­нің мамандарымен бірлесіп, бір­не­ше та­қырыпта сахналық қойылымдар қой­ды. Сондай-ақ, лагерь тұтқындарының азап­­ты өмірінен алынған көріністер му­зейге келген көрермендер назарына ұсы­нылды.

АЛЖИР мемориалды-мұражай кеше­ні­нің директоры Мейрамбай Ораловтың ай­туынша, жыл өткен сайын бұл жерге келушілердің қатары шетелдік саяхатшылармен толығып келеді екен. «Жалпы, біздің кешеніміз ашылғалы келушілердің қатары азайған емес. Десек те, шет елден ар­найы іздеп келушілердің көбейгені рас. Мә­селен, өткен жылы 976 турист келгені тір­келген. Тіпті күні кеше ғана армян диас­по­ра­сының өкілдері ескерткіш қойсақ деген ниетпен келіп кетті», – деді ол.

М.Оралов келушілер қатарының көбе­юі­не бұл жердегі құнды құжаттарға қол­же­тімділіктің сеп болып отырғанын да ал­ға тартты. Өйткені, көп жағдайда осы жер­­де азапты күндерін бастан кешкен жан­­дардың ұрпақтары дерек, дәйектерді із­­дегенде АЛЖИР-ге алдымен атбасын бұ­­ра­тын көрінеді.

«Адам қолымен жасалған азапты өңір­дің бірі осы жер болғанымен, архив құ­жат­тарының барлығы да бұл жерде сақ­талмаған. Басым бөлігі жойылған, құп­ия сақ­т­ау мақсатымен басқа жақтарға та­сы­малданған. Сондықтан да біз көптеген ел­дерге іссапарға шығып тұрамыз. Өз ке­зеңіндегі тиісті құзырлы органдардың ар­хив­т­ерін қопарып, көшірмелерін алуға ты­ры­­самыз. Соның нәтижесінде көптеген тың де­ректерді кездестіріп жатамыз. Жуырда ғана біз Беларусь жеріне барып, МҚК-нің құпия құжаттарынан кем түс­пей­тін 60-қа жуық әйелдің тұт­қын­да­луына қа­тысты мәліметтер тауып қайт­тық», – деді директор М.Оралов.

Айта кетейік, АЛЖИР Қарағанды ла­герінің 26-бөлімшесі ретінде қа­зіргі Астана қаласының оңтүстік-ба­тысында, Төңкеріс ауылында КСРО ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) 1937 жылғы 5 тамыздағы бұйрығы негізінде құ­­рылған. КСРО ОАК-тің 1934 жылғы 8 мау­сымдағы қаулысына сәйкес Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру немесе 5 жылға Сібірге жер аудару жа­засы берілген. Аталған лагерь 30 мың гек­тар жерді алып жатқандықтан, оның Қа­рағанды мен Ақмола өңірінде бірнеше бө­лім­шесі болған.

АЛЖИР 1950-жылдары та­ра­тыл­ған­дықтан, оның тұтқындары басқа лаге­рь­лерге ауыстырылды, ал мерзімін өте­ген­д­ер босатылды. 1976 жылы Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі Президиумының ше­ші­мі­мен «26-бөлімше» атанған бұл жерге «Малиновка» деген атау берілді. Оның ар­тынша ескі барактар бұзылып, ауыл ма­ңына 90 пәтерлі тұрғын үйлер салынды. АЛЖИР туралы тек 80-жылдардың со­ңында ғана ашық айтылып, жазыла бас­­тады. Мемлекет басшысының тікелей бас­­тамасымен ауыл атауы 2007 жылы ғана Ақмол деп өзгертілді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы