Басқосуды ашқан факультет деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Сақ мерейгердің ғалым, ұстаз ретіндегі қызметіне қысқаша шолу жасап өтті. «Айтмұхамет Оразбайұлы – Астана қаласында журналистика мектебінің қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосқан санаулы саңлақтарымыздың бірі. Беделді білім ордасы Еуразия ұлттық университетінде «Журналистика» кафедрасының өркен жайып, қанат қағуына ерен еңбек сіңірген марқасқа. Ресейді айтпағанда, Америка құрлығына бір емес, бірнеше рет барып, алпауыт елдің журналистикасын зерттеп қана қоймай, өз білгенін шәкірттер құлағына құйып, бәсекеге қабілетті маман дайындауға ерекше ұмтылыс танытып келеді. Thomson Reuters тізіміне енген ғылыми әлеуеті жоғары журналда мақала жариялап, монографиясын ағылшын тілінде Америкада басып шығарған факультетіміздің маңдайалды ғалымы», деді.
Университет ректоры Ерлан Садықовтың құттықтау хатын оқу орнының проректоры белгілі ғалым, профессор Дихан Қамзабекұлы оқыды. Сонымен қатар, университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен А.Есдәулетовке оқу орнының ең жоғарғы марапаты – Күлтегін медалінің берілгендігін айтып, осы марапатты кеудесіне қадады.
Мұнан кейін мерейгер туралы түсірілген шағын деректі фильм көрсетілді.
Сөз кезегін алдымен алған Парламент Мәжілісінің депутаты, қазақ көсемсөзінде соны соқпақ салған елімізге танымал журналист, публицист, ғалым Сауытбек Абдрахманов А.Есдәулетовтің журналистика саласындағы оқытушылық, ұстаздық қызметіне тоқтала келе, оның қоғамдық ортада қалыптасқан тұлғасы туралы өз ойларын өрбітті. «Қазаққа Есдәулетов деген фамилияны алғаш танытқан Айтмұхаметтің ағасы Ұлықбек Есдәулетов екені белгілі. Алайда Айтмұхамет Ұлықбектің көлеңкесінде қалмай, өзін жаңа қырдан таныта білді. Оның ұзақ жылғы ғылыми және ұстаздық қызметі мен осы салада жеткен жетістіктері соның дәлелі», деді.
Қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген белгілі ғалым Намазалы Омашев, есімі елімізге кеңінен танымал ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, белгілі саясаттанушы ғалым, профессор Нәубат Қалиев, тарихшы ғалым, профессор Қырықбай Аллаберген, факультеттің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, тележурналистер ұстазы Аязби Бейсенқұлов, филология факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек, жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт және басқалар сөз алып, А.Есдәулетовтің ғылыми шығармашылық, ұстаздық қызметіне, адамгершілік, азаматтық бейнесіне сан қырынан тоқталып өтті.
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін бірқатар жылдар журналист ретінде жемісті қызмет атқарған Айтмұхамет Есдәулетовтің өзінің алғашқы ұстаздық қызметін аталған университеттің қабырғасында бастағандығы белгілі. Осы университетке сіңірген еңбегін ондағы әріптестері де ұмытпаған екен, мына жақтағы жиынға арнайы өкілдерін жіберіпті. Осы бойынша сөз алған ҚазМУ-дің Журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлы осы оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен берілген жоғарғы марапаты – әл-Фараби медалін А.Есдәулетовтің төсіне қадады.
Мерейгерді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі ұстаздар қауымы атынан осындағы журналистика кафедрасының профессоры Вера Әбішева құттықтады.
Құттықтау салтанаты барысында ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының күшімен дайындалған «Журналист. Редактор. Баспагер» атты жаңа басылымның тұсауы кесілді. Бұл басылымның жеке бір тарауы А.Есдәулетовтің ғылыми-ұстаздық қызметіне арналған.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»