Қазақстан • 24 Мамыр, 2017

Көлік жуған қыз

352 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кешқұрым, жұмыстан үйге оралған бетім. Әдеттегідей, ас ішкеннен кейін соңғы жаңалық­тарды көруге жайғастым. Бір күннің ішінде қоғамда қаншама оқиғалар орын алып жатады. Жағымдысы бар, жағымсызы бар. Жаңалықтар бағдарламасының орта тұсына келгенде, қалада жезөкшелер ұясы құрықталды деген хабар көрсетілді. Рейд бары­сында жыл басынан бері пәленбай жезөкше қолға түсті. Шет елден келгендері елде­ріне қайтарылды. Тәнін сауда­лаған­дармен күрес толастамайды деп айтылып жатыр.

Көлік жуған қыз

Бұл жаңалық көрермендерді елең еткізді десем, өтірік болар. Өйткені, мұндай хабарлар жиі қайталанады. Ұсталып жатыр, ұстап жатыр... Арамшөптерді отаған жақсы, алайда оның түбірін жойған одан да жақсы.

Неге біз олармен күресте шарасызбыз? Себебі, жезөкшелерге қатысты қатаң жазаға тартатын заң әлі жоқ. Оларды ұстайды, уа­қытша қамайды. Ал әрі қа­рай қыл­мыстық іс қозғауға қауқарсыз.

Осындай көріністерге қарап, кейде бойыңды еріксіз үрей билеп кететіні бар. Қоғамымызға індет болып жабысқан азғындық әрекеттер өскелең ұрпақтың са­на­сын улап кетпей ме деп кү­діктенесің.

Сан-саққа жүгірген ойымды телефон шырылы бөліп жіберді. Досым екен, бильярдқа шақырып жатыр. Біраз сергіп қайтайын деген оймен келісе кеттім. Сыртта қыстың қақаған аязы. Маши­наммен қаланы бетке алып жүріп келемін. Жол-жөнекей көлік жуа­тын орынға көзім түсті. Солай қарай бұрылдым.

–       Аға, мұнда келіңіз, бос орын бар, – деп қол бұлғаған  қара қыз алдымнан шықты. Аяғына резеңке етік киген, беліне орамал байлаған орта бойлы, өңі жылы қыздың қимылдары ширақ. Өз ісін меңгергені көрініп-ақ тұр. Қыстың сары аязында мұндай жерде жұмыс істеу қыз бала емес, ер адамға да оңай тимейтіні анық. – Мұнда істегеніңе қанша уақыт болды? – дедім.

– Үш-төрт айдың жүзі болды, аға. Бұл жұмысқа да икемделе бастадық, – деп жымиды. Әрі қарай әңгімеміз сабақтаса кетті.

– Басқа жұмыстың ың­ғайы болмады ма, сонда? Мынадай суық­та қолыңды суға сала берге­нің болмайды-ау. Ауруға шал­дығып жүрме, – деп жана­шырлықпен өз ойымды білдірдім.

– Әзірше тапқан жұмысым осы болды, аға. Әрине, қиыны қиын. Бірақ, амал нешік. Әкем қайтыс болған. Анам аяғынан жүре алмайды. Жалғыз інім бар, мектепте. Өзім оқуға түсе алмадым. Жұмыстың оңайы жоқ ғой. Мұның бәрі уақытша деп ойлаймын. Әлі-ақ жақсы жұмыстар кез­деседі, – деп сеніммен жауап бер­ген қарындасыма риза болдым.

– Аға, неге жүзіңіз солғын. Біреу қатты ренжіткен сияқты ғой сізді, – деп жүзіме қарады. Шыны керек, теледидардан көр­ген жаңағы көріністер ойымнан әлі шыға қоймаған еді. Неге, кімге ренжігенімнің бәрін ашып айттым әлгі қызға. Бір жағы оның бұл туралы пікірін білгім келгені де рас. Әңгімемді аяқтаған соң, ол біраз үнсіз күйде қалды. Қо­лындағы сулықты шелекке бір матырып, қатты-қатты сығып алды да сөзін бастады.

– Жақсы болу да, жаман болу да адамның өз қолында. Мені қынжылтатын нәрсе, адамдар дүниеқоңыз, нәпсіқұмар болып бара жатқан тәрізді. Олар бәрін ақшамен ғана өлшейді, ақшамен ғана шешеді. Кейде маған да көліктерін жудыртуға әкемнен де үлкен кісілер келеді. Кейбіреулерінің ойы бұзық. «Жақсылап демалсақ қайтеді, ақыңды жемеймін», деген сөз­дерді естігенде жүрегің ауырады. Талай рет жылап та алған кездерім болды. Сонда олар ақшасы жоқ, әлсіз жандар бәріне көне береді деп ойлайтын шығар. Бірақ, қатты қателеседі. Ақшаға сатылмайтын құндылықтар да бар. Олар – ар, ұят, намыс. Егер осы қасиеттер адам бойында жоқ болса, онда жер басып жүргеннен не пайда?! – деп көзіне жас алды.

Көлік жуушы қызбен бол­ған әңгіме де аяқталды. Кір­леген көлігімді сабынды сумен, кірленген көңілді иманды сөздермен жуып-шайған қарын­дасыммен «аман бол, ар-намысты ту еткен қазақтың қызы», деп ыстық пейілмен қоштастым.

Сенің әлі жолың болады. Мен оған кәміл сенемін.

Болат Мәжит,
журналист

АЛМАТЫ