Дайындық
Бұған дейін Төлеухан, алдымен 1969 жылы Алматыдағы Шет тілдер институтының ағылшын факультетін бітірген соң, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жолдауымен Минск қаласындағы барлаушылар мектебіне оқуға жіберілді. Ал 1974 жылы, жоғарыда айтқанымыздай, Мәскеу түбіндегі Балашихада орналасқан МҚК Жоғары мектебінің диверсанттар дайындайтын бөлімінде тиянақты даярлықтан өтті. Оқу барысында Төлеухан Кавказда, Тула қаласында арнайы ұрыс тактикаларын, топография ісін үйреніп, барлау қызметі мен партизандық күрес тәжірибелерін жинақтап, жарылғыш заттар және әртүрлі қарулардың түрлерін қолдану, ұшақтан парашютпен секіру және қолма-қол ұрыс жаттығуларын игеріп, таулы жерлердегі арнайы операцияларды орындау сияқты небір сынақтардан өтті. Содан оны алда «Алтай» жедел тобының құрамында Ауғанстан күтіп тұрған еді.
Ал одан да әрірек шегініс жасасақ, Төлеухан 1961-1964 жылдары әскери парызын сонау Калининград қаласындағы Инстенбург дивизиясының 79-шы гвардиялық мотоатқыштар полкінде әскери барлаушы болып өткереді. Басшылық тарапынан 18 рет марапат алады. Бірақ соның ішінде, Неман өзенінен БТР-60П көлігімен нәтижелі өткені үшін, КСРО Қорғаныс министрі, атақты маршал Малиновскийден алған алғыс хатын ерекше тұтады. Оның себебі де бар. Бұл Боқажановтар әулетінде маршал Малиновскийден алынған үшінші марапат еді. Әкесі Қадыр Боқажанов 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Малиновскийдің қолынан «Жауынгерлік Қызыл ту» орденін алса, 1945 жылы жапон-кеңес соғысында тағы да сол маршал Малиновский атасы Мәми Боқажановтың кеудесіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тағады. Міне, маршал Малиновскийдің марапатының осындай тарихы бар.
Жалпы, қазіргі күні жауласқандардың майдан даласында бір-біріне қарсы тұрып, айқасу дәурені өтіп барады дейді. Көктен білдірмей төндіретін, жеті қат жер астынан да, теңіздің тереңінен де ойран салып шығатын оқтұмсықпен тескен таудың арғы жағындағыны қас-қағымда жарып жіберетін заман туды. Онан да зоры – жауласқан елдің ішіне жансыз еніп, қарусыз майдан жүргізу. Сөйтіп, діттеген мақсатқа қол жеткізу. Қазір «гибридтік соғыс» деп жүрміз ғой. Мұндай амалдан кезіндегі алып империя болған КСРО-да қағыс қалмады, МҚК басшылығы сол кезде-ақ жоғарыда айтылған астыртын айлалы күрес жүргізу тәсілдері керек екенін жақсы түсінді. Бұл орайда ол кезде КСРО МҚК құрамында осы мақсаттағы арнайы оқу бөлімшелерін құру идеясы әбден пісіп-жетілген де болатын.
Сөйтіп, өткеннен сабақ алған, соның ішінде Кариб дағдарысы да әсер еткен КСРО мен МҚК басшылығы барлаудың тың тәсіліне көшті. Соғыс кезінде жау тылында ойдағыдай әрекет ететін саланы одан әрі дамытуға күш салды. Бірақ осы жау тылында әрекет етуі үшін құрылған арнайы бағыттағы бөлімше жетекшілері мен олардың орынбасарларын жете дайындаудың қалыс қалғанын білді. Осы кемшілікті дереу түзеу үшін алғашқыда неше түрлі бағыттар қаралды. Мәселен, сол кезде Ленинград немесе Алматыда орналасқан ерекше мақсаттағы мамандандырылған бригаданың бір полкі негізінде арнайы курстар ашу көзделді. Кейіннен оны МҚК оқу орнының бірі ретінде құру да жоспарланды. Әйтпесе, тіпті оларды жеке дара бөліп шығарып, сыртқы барлау органына бермекші де болды. Ақыры ақылдаса келе, КСРО МҚК төрағасының бірінші орынбасары армия генералы Семен Цвигунның ұсынысына тоқталды. Ол сол кезде сыртқы барлаудың кураторы болатын. 1969 жылы 19 наурызда МҚК-нің арнайы курсын құру туралы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысына қол қойылды. Сөйтіп, жау тылында жан аямай құпия амалдар жасайтын арнайы топты дайындау орталығы өзіндік қалыптасқан оқу базасы бар, жатын орны мен оқытушылық құрамы жеткілікті Жоғары мектептің жанынан, яғни МҚК бас оқу орнында ашылды. Оның құпия аты қысқаша ОҚЖК (КУОС) – офицерлік құрамды жетілдіру курсы деп аталды.
Ауғанстан
Ал Ауған соғысы басталысымен Кеңес Одағының басшылығы майдан беталысының мүлде өзгергенін білді. Моджахедтер тұрақты әскермен ашық шайқастан гөрі партизандық амалмен айқасқанды озық тәсіл етіп алды. Олардың бұл айла-тәсіліне қарсы күресте оңтайлы құралдармен және тиімді амалдармен әрекет ету керек болды. Сондықтан, жоғарыда аталған офицерлік құрамды жетілдіру курсынан өткен сардарлар сапынан құралған «Каскад» секілді арнайы бағыттағы ерекше жасақталған топтар іске кірісті. Оның құрамында жоғарыда аталған оқу орнынан дайындықтан өткен барлаушылар ғана болатын.
1980 жылы 11 шілдеде КСРО МҚК төрағасы Ю.Андропов Ауғанстанға «Каскад» арнайы бағыттағы жасағын жіберу туралы шешім қабылдады. «Каскадқа» ауғандықтарға жергілікті жерлерде қауіпсіздік органдарын құруға көмек көрсету, моджахедтерге қарсы жедел-агентуралық жұмыстарды ұйымдастыру, қарсылық көрсеткен ауғандық режімнің бітіспес жауларына қарсы арнайы шараларды ұйымдастыру, жүзеге асыру және т.б. міндеттер кірді. Алғашқыда топ сапында 77 адам болды. Кейін оның саны бір мың адамға дейін толықтырылды. Осылайша 1980-1984 жылдары Ауғанстанда «Каскад», «Каскад-2», «Каскад-3», «Каскад-4» және «Омега» атты арнайы бағыттағы жасақталған топтар біртіндеп әрекет етті.
«Каскадтың» құрамында Қазақстанда жасақталған «Алтай» отряды да болды. Отряд Қапшағайдағы әуе десанты базасында жасақталды. Онда мыңға тарта лайықты әскери десантшылар бар еді. Соған қарамастан, олардың арасында да қатаң таңдау жүргізілді. Осы резервтегі 900 адамның ішінен мінезі орнықты, дене күші мол, қайраты тасыған, моральдық-психологиялық жағынан ұстамдылығы жоғары адамдар дараланды. Сөйтіп, мыңдаған десантшылар арасынан елу десантшы ғана іріктеліп алынды. Бұлар 10-12 адамнан әр топқа бөлінді. Арасында барлаушы Төлеухан Боқажанов та елеусіз ғана өз міндетін ойдағыдай атқарып жүрді. «Біздің Ауғанстанға барған басқа әскери қызметтің офицерлерінен айырмашылығымыз – ол жақта қатардағы жауынгер ретінде болдық. Менің әскери шенім майор болғанымен, киімімде ешқандай айыру белгілері болған жоқ. Тәртіп солай. Біз негізінен барлау жұмыстарымен айналыстық», дейді Төлеухан Боқажанов.
Шатқалдағы шайқас
Иә, сол бір қиын-қыстау кезеңде Ауғанстанның Газни аймағында тыныштық жоқ еді. Елді мекендердегі халықты жергілікті биліктің үндеуіне үгіттеу оңайға түскен жоқ. Бірақ орталықтан алыс жатқан қышлақтардағы адамдарға қалай да, қайткенде де бір жақсылықтың болатындығын түсіндіру, ұқтыру қажет еді. Сол бойынша түрлі шаралар да жүргізілетін. Содан көп күттірмей-ақ Газни провинциясы губернаторынан кезекті өтініш түседі. Алыс бір қышлақтардағы тұрғындарға екі жүздей үгітші барып, насихат жұмыстарын жүргізу керек екен. Бұл кез 1980 жылдың қазан айы еді. Екі жүз адам аз емес. Олардың барып, келу қауіпсіздігін сақтауға мол күш те керек. Сондықтан аса жауапты міндетті орындай алатын адамдар іріктеледі. Таңдау бірден барлаушы Т.Боқажановтың тобына түседі. Оның қарамағында он екі адам болды.
Содан 1 БТР және 1 жүк көлігінен тұратын Төлеухан Боқажановтың тобы ең шеткі қышлақтарға халықтық билік орнатуға баратын 200-ден астам белсенділер мінген жиырма көліктен тұратын керуенді дұшмандардан қорғау үшін бастап шығады. Таулы аймақты бетке алған керуен шұбатылып келеді. Оның басында «Алтай» отрядының жүк машинасы, одан кейін сауытты көлік – БТР келе жатыр. Жоғары өрлеген сайын тау шатқалы тарыла түсті. «Осы бір тұстан аман өтсек, арғы жағында ел бар ғой», деп ойлады бір нәрсеге мазасызданған Т.Боқажанов.
Тәжірибелі барлаушының мазасыздық танытуы бекер емес еді. Бұл аймақтағы әр шатқал арасындағы қылдырықтай өткел ажал ауызы секілді көрінетін. Мұндай жолдармен жүрген бірде-бір әскери керуен моджахеттердің тасадан тарпа бас салған соққысынан аман қалған емес. Әрине, бас-аяғы тас-түйін түйілген әскери керуен болса, бір сәрі. Бейбіт азаматтар мінген көліктердің ұбап-шұбағаны көзге түспей қалуы мүмкін емес. Қанша жерден алдын ала барлау жасалғанымен «жау жоқ деме, жар астында» дегендей, дұшмандардың мына мүлгіген шатқалдың әр тасының артында бұғып жатпасына кім кепілдік бере алады дейсіз. Соны ойлаған Боқажанов алда кетіп бара жатқан әскери жүк көлігіне де, шатқалдың жым-жырт түнере төнген биігіне де көз жүгіртумен болды.
Бізді көрдіңдер ме дегендей, тізіле тартылған керуен шатқалдың ең тар өткеліне жақындады. Бұл тұста бір ғана бағыт бар: тек алға жылжу. Осыдан өтсе, өткелдің тарлығы ғана емес, демалатын ауа да молайып, жапан дүние кеңейіп салатындай көрінеді. Бірақ керуендегі адамдардың біразына тағдыр оны жазбаған екен. Құз басынан жарқ-жұрқ етіп атылған отты қарулардың үні құлақты тұндырып жіберді. Әп-сәтте аспан айналып, қара жер төңкерілгендей дүниенің астан-кестеңі шықты. Үздіксіз атылған оқтан алдағы жүк көлігі тоқтап қалды. Ол шатқалдың тар тұсын бітеп тастады. Керуен тұзаққа түскендей тұрып қалды. Тап осылай тұра берсе, ашық нысанадағы бұлар түгелдей оққа ұшады. Не істеу керек?
Әрине, кеңестік әскерилер де қарап қалған жоқ. Олар осындай әрекеттің болу мүмкіндігін алдын ала ескерген еді. Сондықтан, дұшмандар қай кезде, қалай шабуылдаса да қарсылық қана көрсетіп қоймай, тапсырманы аяғына дейін орындауы тиіс. Сол үшін қолдағы бар қаруды пайдаланып, жауға тойтарыс беруге көшті. Бірақ ашықта жатып жасырынған жауға қанша қарсылық көрсеткенімен, жағдайдың соңы немен тынары белгілі болды. Соны сезген барлаушы Т.Боқажанов БТР-дан тысқа шығады. Оқ жаңбырша төгіліп тұрған секілді. Ол сол бораған оққа қарамай жанұшыра жүгіре жөнелді. Айналасында жарылып жатқан жарылғыш заттардың әсерінен табан астындағы жер ойылып жатқандай көрінді. Сонда да қауіп-қатерге қарамастан алда тоқтап тұрған жүк көлігіне жетті. Оның есігін ашса, жүргізуші қан-жоса болып ессіз жатыр екен. Алматылық сарбазға оқ басынан тиген. Дереу оны иығына көтеріп алды да, қайыра БТР-ға жүгіре басып жетіп, марқұмның денесін іштегі сарбаздарға берді. Сосын қайтадан жүк көлігіне құстай ұшты. Бораған оқ өзіне тура тимесе де, қолын, аяғын тіліп кетіп жатыр. Ақыры жүк көлігіне қайта жетті. Кабинаға атылып еніп, рульді қолына ұстағанда оқ тағы жауып сала берді. Тік отырып көлікті жүргізу мүмкін емес. Жантайып жатқан күйі жүк көлігін орнынан жұлқи қозғалтты. Сол екпінмен шатқалдан да шықты-ау. Жол ашылған соң қалған көліктер де қауіпті аймақтан аман шықты. Осылайша майор Т.Боқажановтың ерлігінің арқасында екі жүзден астам сарбаз аман қалды.
«Біз бір қышлаққа келіп бекінгенбіз, дұшмандар түні бойы атқылап шықты. Ертесінде кері қайту үшін базадан көмек сұрау керек болды. Байланысқа ашық мәтінмен шығуға болмайды, рацияны жау тыңдауы мүмкін. Сондықтан, базадағы әріптесім Наград Сәйкеновке (қарулас дос, ардагер-барлаушы Наград Қасенұлы Сәйкенов осы жылы ақпан айында қайтыс болды) қазақ тілінде қысқаша бір ғана сөз айттым. Ол мені бірден түсініп, көмек жіберді. Артынан, мен тосқауылдан шығарған көлікті қарасақ, түгел шұрық-тесік, 26 жерінен оқ тесіпті. Ағылшынның ірі калибрлі винтовкасымен атқылаған екен. Керуенге тосқауыл қойып, шабуыл жасаған банданың басшысы сол аймақтағы моджахедтердің белгілі командирі, Кеңес Армиясының Бас штабы академиясын бітірген майор Саид Жагран екенін білдік. Ол кезде КСРО жылына көптеген ауғандық офицерлерді оқытып шығаратын. Сондықтан, бұлар дала ұрыстарына өте шебер болды», деп әңгімесін жалғастырды Төлеухан Боқажанов.
Тұтқынның да көмегі бар
Барлау кезінде де, шайқас кезінде де қарсы жақтың талай адамы қолға түседі. Бірақ соғыс кезіндегі ең ұтқыр да пайдалы қадам – тұтқынды тиісті мақсатқа сай пайдалана білу. Бір жолы Төлеухан Боқажанов тобы бір ауғандық тұтқынды қолға түсірді. Сөйлесе келе, оның кеңестер саясатын қолдайтыны да белгілі болды. Кезінде Аминнің саясатына қарсы болған топтан екен. Айтуына қарағанда, дұшмандар жағына еріксіз өткен. «Шуравилерді» қолдайтынын, көмектесуге дайын екенін айтып, шыбын жанын сақтауды сұрады. Жарайды, көрейік деді барлаушылар.
Ал барлаушылардың қолындағы мәлімет бойынша әлгі тұтқын тұратын қышлақтың маңайында банда мүшелерінің тығылып жүргені белгілі. Оларды ауғандық тұтқынның бес саусақтай білетіні де сөзсіз. Егер ол шын ниетімен көмектескісі келетіні рас болса, соларды көрсетіп беретіні де анық қой. Тұтқын бұған бірден келісті. Содан әлгі қышлақтың бүкіл тұрғындары алаңқайға шығарылып, он адамнан сапқа тұрғызылды. Барлаушылар командирі БТР-дің үстіне шығып алып жайғасты да, бір аяғын люктен ішке салбыратып қойды, ал тұтқын сауытты көліктің ішінде көзге түспей отырды. Бірақ ол көздеуіш құрал арқылы жиналған тұрғындарды түгел көріп, кімнің кім екенін анық айыра алды.
Он-оннан сапқа тұрғандардың жанына БТР-мен жақындаған командир, тұрғындарды санай жөнелді. Сол кезде, мысалы, «3» деген санда тұтқын жоғарыда отырған командирдің аяғын тартып қалса, ол барлаушыларға сол ауғандықтың банда мүшесі екенін білдіргені. Бандыларды осылайша анықтаудың тәсілі тұтқынға алдын ала түсіндіріліп қойылған. Сондықтан, ол өзі танитын кәнігі қандыбалақ бандыларды көрсетіп берді. Барлаушылар оларды бөлек шығарып, алып кетті. Осылайша оншақты банда, сонымен қатар, олардың басшылары да лезде анықталды. Кейін жауап алу кезінде ұсталғандардың барлығының кінәсі дәлелденіп, оны өздері де мойындады. «Ал әлгі тұтқынды кейін тағы да бір-екі рет солай пайдаландық, артынан жасырын түрде Пәкістанға оқуға кетуіне көмектестік», дейді барлаушы.
Шымшық сойса да, қасапшы сойсын
«Ауғанстанға өз еріктеріңізбен сұранып бардыңыздар ма? Қорықпадыңыздар ма?» деп сұрайды кейде менен жастар. Ешкімнің соғысқа құлшынып барамын дегеніне сенбеймін, ең дұрысы, әрине, соғыстың болмағаны ғой. Өз Отаныңа шабуыл жасалып жатса, әңгіме басқа. Сондықтан, Ауғанстанға өзім өтініп бардым деп айта алмаймын. Дегенмен, бізді қайда жіберсе де дайын едік қой. Ал Ауғанстанға барғанда мен 40 жастағы офицермін. Отбасым бар, сондықтан он ойланып, сан толғанасың. Бірақ бізді сондай соғысқа алдын ала арнайы дайындап, барлық әзірліктен, болуы ықтимал жағдайлардан өткізді ғой. Демек, егер арнайы дайындықтан өткен біз сияқты «диверсанттар» бармаса, онда кім барады? Қорықпайтын адам болмайды, қорқынышқа жеңілетін адам болады, қорқынышты жеңетін адам болады», дейді әңгіме арасында барлаушы.
Ауғанстаннан оралғанда, екінші дүниежүзілік соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан әкем менен: «Шынымен де ұрыстарға қатыстың ба, соғыста не сезіндің?», деп сұрады. Мен шынымды айттым. «Соғыс – бұл қорқыныш және онда ешқандай романтика мен батырлар жоқ» деген менің жауабым әкеме ұнады. «Иә, балам, сен шын соғысты көрген екенсің», деді ол.
«Науқасқа күрделі ота жасау кезінде хирург бірнеше кило салмақ тастайды екен. Хоккейшілер ойын кезінде, желаяқтар марафонға шыққанда, актерлер спектакль кезінде салмақ жоғалтады дейді... Рас шығар. Барлаушылар да жоғалтады, бірақ оны киломен өлшей алмайсың. Психологиялық жағдай жүйкеге, жүрекке ауыр салмақ түсіреді. Барлау операциясына барар кезде ала жіптен аттауға тиісті секілдісің, ал шын негізінде секілді емес, аттауың керек. Алайда, адамгершілік тұрғыдан одан аттауға болмайды. Бірақ сен аттайсың, өйткені тапсырманы орындауың керек. Ауғанстаннан (онда біз әскери-барлау операцияларын іске асырдық) кейінгі қызмет еткен жылдары мен тек тир мен оқу-жаттығу полигонынан басқа жерде қару атып көрмеппін. Қызмет бабы бойынша шетелде жүргенде ешкімнен қашқан емеспін, жүріп келе жатқан пойыздан секіріп, көп қабатты үйге өрмелеген жоқпын. Ауғанстаннан кейін, басқа елдерде қаншама рет болғанда менің жүгімнің ішінде өткір заттан тек ұстара ғана болды. Ешқандай қару-жарақ болмады. Ең қызығы – қарудың біздің жұмыста аса қажеттілігінің жоқтығы», дейді әңгімесін аяқтаған ардагер барлаушы.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»