Парламент • 24 Мамыр, 2017

Мәжіліс терроризм үшін азаматтықтан айыруды мақұлдады

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Қылмыстық кодексінің 21 бабына азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза енгізіледі. Бұл жайында бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс терроризм үшін азаматтықтан айыруды мақұлдады

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы жөнінде Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады. Оның айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты заңнамалық актілерді Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес келтіру. Жоба Президенттің Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді. Конституцияға сәйкес келтіру үшін 7 кодекс пен 46 заңға өзгерістер енгізу қажет. 
«Қылмыстық кодекстің 21 бабына азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза енгізу көзделеді. Осылайша, Қылмыстық кодекстің 10 бабында көзделген 14 аса ауыр террористік қылмыстар құрамы бойынша қосымша жаза ретінде азаматтықтан айыру ұсынылып отыр. Мысалы, терроризм актісі үшін, террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін және тағы басқалары», – деді министр. 
М.Бекетаев «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңға сәйкес негізгі ұлттық мүдделерге конституциялық құрылыстың тұтастығы жататындығын атап өтті. Бұл ұғымға елдің тәуелсіздігі, бiртұтастығы және президенттiк басқару нысаны кіреді. 
«Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға 11 бапта көзделген 16 түрлі қылмыс құрамдары кірді. Мысалы, геноцид, сепаратистік әрекет, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу және тағы басқалары. Бұл жазаны сот ерекше жағдайларда жасалған іс-әрекеттердің және әкеп соққан зардаптың ауырлығын, істің нақты мән-жайын негізге ала отырып тағайындайды. Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органда тіркеуге жатады», – деді ол.