Парламент • 24 Мамыр, 2017

Мәжіліс Президенттің кей өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беруді мақұлдады

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары «Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңдық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс Президенттің кей өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беруді мақұлдады

Қазақстанның Әділет министрі Марат Бекетаев арнайы жұмыс тобының қайта бөлінетін өкілеттіктерді белгілегенін айтты. Ол Президенттің экономикалық-әлеуметтік саланы реттеуге қатысты өкілеттіктері болмақ. Министр Президент өкілеттіктерінің үш бағыт бойынша қайта бөлінетінін айтты.

Бірінші бағытқа сәйкес, мемлекет басшысының экономикалық процестерді реттеуге қатысты мынадай өкілеттіктері Үкіметке берілетін болады:

· экономиканың индустриалдық-инновациялық дамуды қолдау саласындағы басым секторларын айқындау;

· арнайы экономикалық аймақтар құру;

· Ұлттық банк пен тиісті өкілетті органдардың бірлесіп жасаған ұсынысы негізінде арнайы валюталық режім енгізу;

· мемлекет-жеке әріптестік мақсаттары үшін беруге болмайтын нысандар тізімін айқындау.

«Заң жобасына сәйкес, теңізде, ішкі су қоймаларында, төтенше экологиялық ахуал аймақтарында, айрықша қорғалған табиғи территорияларда мұнай операцияларын жүргізу мүмкіндіктері туралы шешімді бұдан былай Үкімет өзі қабылдайтын болады» деді Марат Бекетаев.

Мынандай өкілеттіктерді Үкімет Президент және Президент әкімшілігімен бірлесе отырып орындайды:

· мемлекеттік жоспарлау жүйесін айқындау;

· Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді белгілі бір уақытқа тоқтату туралы шешім қабылдау;

· мемлекеттік орган туралы типтік ережені бекіту;

· мемлекет меншігіндегі және квазимемлекеттік сектор меншігіндегі иеліктен шығаруға болмайтын субъектілер тізімін бекіту.

Екінші бағыт бойынша, Президенттің әлеуметтік маңызға ие өкілеттіктерін беру қарастырылған. «Мысалы, «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» заңында мерекелік даталар тізімін бекітуді Үкіметке беру ұсынылды. Сонымен қатар бонустар төлеу, материалдық жәрдем жасау, мемлекеттік қызметкерлерге үстеме ақы төлеу тәртібін айқындауды Үкімет Президент әкімшілігімен келісім бойынша орындайды» деді министр.

Үшінші бағыт бойынша, Президенттің кейбір ұйымдастыру өкілеттіктерін беру ұсынылған. Оған сәйкес Үкіметке облыстар мен республикалық маңызға ие қалалардың шекарасын белгілеу, айрықша стратегиялық маңызға ие су шаруашылығы құрылыстарының тізімін бекіту сияқты өкілеттіктер берілуі мүмкін.

Ержан Әбдіраман, "Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар