ХІІ-ХІІІ ғасыр аралығында Қарахан әулеті толық күйреп, Отырар өңірі Хорезмге қарағаннан кейін Мұхаммед шах Отырар қаласын билеуге қыпшақтан шыққан туыс жұрағаты Иналшықты (Қайырхан) отырғызады. Осы кезеңде өңір айтарлықтай өзгеріске ұшыраған болатын. Атап айтқанда, моңғол билеушісі Шыңғыс хан тарапынан болған шапқыншылық салдарынан Отырар қаласы біршама уақыт өмір сүруін тоқтатты.
Шыңғыс хан тарапынан жүргізілген шапқыншылық жөнінде еңбек жазған қытай тарихшысы Елюй Чуцайдың еңбектерінен Отырар қаласы мен осы өңірде орналасқан басқа да шаһарлар жайында мәлімет алуға болады.
Барыс жылының (1218 ж.) наурыз айы туа салысымен Чжаньжаньцзюйши (Елюй Чуцайдың лақап аты) жорықшылармен бірге шыққанын айта келіп, жазбада «Ходжент қаласының солтүстік батыс жағында 500 ли жерде Отырар қаласы бар, қаланың айналасында елді мекендер мен шағын кенттерден он шақтысы бар. Кезінде дәл осы елдің билеушісі ұлы қағанаттың бірнеше елшісін және неше жүз тоғанақ керуенін тұттай қып тонап алған екен. Сонымен, бұл оқиға батысқа жорық жасауына басты себеп болған көрінеді» деген мәлімет қалдырған.
Көпшілік арасында әлі күнге дейін Отырар қаласындағы тіршіліктің біржолата тоқтауына себеп моңғол шапқыншылығы деген пікір қалыптасып келгені рас. Алайда, моңғол шапқыншылығынан кейін, яғни ХІІІ-XIV ғғ. аралығында Отырар қаласы қайта жандана бастаған. Бұған қазіргі уақытта қазба нәтижесінде аршылып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған құрылыс нысандары дәлел бола алады. Ерзен ханның уақытында ірі қоғамдық орындар: медресе, ханака, мешіттер салынған. ХІІІ ғасырдың ортасынан бастап мұнда ақша соғатын сарайлар жұмыс істеп, алтын, күміс, мыс теңгелер шығара бастаған. Әсіресе, ХІІІ ғасырдың аяқ шешінде билеуші-көпес Масуд-бектің қолданысқа енгізген ақша реформасынан кейін қала өмірі біршама жанданды.
Қайта гүлденген Отырар қаласы XIV ғасырдың екінші жартысында, яғни 1370 жылы Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. Темірге бағынған уақытта Сырдың орта ағысында орналасқан бірқатар қалалар көркейіп, дамыды.
Қазақ хандығының нығаюына Сырдың орта ағысында орналасқан ортағасыр қалалары өз үлесін қосты. Оған осы өңірде орналасқан Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар тәрізді, уақытында Астана байтақ дәрежесіне көтерілген қалалар үшін болған шайқастар дәлел бола алады. Жері шұрайлы, сулы, өсімдікке бай өлке шаруашылықтың қай түріне болмасын қолайлы еді. Осыны білген көшпелі өзбек, моңғол тайпалары шабуылын тоқтатпай осы қалаларды өз уысында ұстауға күш салды. Мұндай қорғанысы берік, мәдениеті мен өнері қатар дамыған қала орталықтары жаңадан құрылған қазақ хандығы үшін де өте қажет еді. Сол себепті, көршілес мемлекеттермен аянбай күрес жүргізе отырып, жаулаушы елдерді бұл жерден ығыстырып, біржола орнығуға талпынды және бұл әрекеті нәтижесіз де болмады.
Ал Отырар қаласында тіршіліктің тоқтауына бір ғана себеп болды деу қате пікір. Оған бірнеше фактор әсер еткені белгілі. Ең басты фактор көршілес мемлекеттер тарапынан жүргізілген үздіксіз шапқыншылық болды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Отырар қаласы маңындағы суландыру жүйелері мен егістік алқабы қатты бүлінген болатын. Жергілікті халықтың қолға түскен басым бөлігі құлдыққа сатылып, қолға түспей қалған бөлігі беті ауған жаққа көшіп кетті. Бүлінген қорғаныс және суландыру жүйелерін қалпына келтіру ең маңызды мәселеге айналды. Сонымен бірге, жергілікті халықтың толығымен көшпендіге айналуы да өз әсерін тигізген болуы керек. Отырар қаласындағы тіршіліктің тоқтауы осындай себептерге байланысты деген дұрыс тәрізді.
Ал Отырар қаласында тіршіліктің тоқтаған уақытын көрсетер болсақ, М.Арапов есімді тілмаштың 1749 жылы берген мәліметінде Барақ сұлтанның Иқан, Ташкент, Отырар, Өгізтау, Созақ қалаларына хан тәрізді билік жүргізетіні, олардың тұрғындарынан тек алым-салық жинап қоймай, оларды басқа да жұмыстарға пайдаланатыны, Иқанда өзіне үй салдырып алғаны айтылады. Сонымен, осы тәрізді деректерді және қазба жұмысы барысында алынған заттай айғақ жәдігерлерді алға тарта отырып, Отырар қаласында тіршіліктің тоқтаған уақыты XVIII ғасырдың орта шені, яғни 1750 жылдар деп шамалап отырмыз.
Отырар қаласында 1969 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан қазба жұмысы нәтижесінде IX-XII және XIII ғасыр құрылыстарына тән монша орындары, XI-XII ғ.ғ. тұрғын үй орамы, XIV-XV ғ.ғ. мешіті мен сарайы және XVI ғасырға тән мешіт медресе, сонымен қатар, Отырардың оңтүстік батыс қақпасы мен құмырашылар шеберханасы анықталып, ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған. Сонымен бірге, қаланың қорғаныс жүйесін анықтау мақсатында Отырар қаласының батыс, солтүстік және оңтүстік қорған-қабырғаларына бірнеше жерден шурфтар салынып, нәтижесінде өте құнды материалдар алынып отыр және алдағы уақытта бұдан да толымды нәтижеге қол жеткізетініміз анық.
Сәбит ПӘРМЕНҚҰЛ,
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі