Азаматтарға қандай мүмкіндіктер береді?
Заң жобасы барлық қылмыстық істер мен соттар қарамаған істер бойынша, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс жүргізуді тоқтатуды көздейді. Сотталған адамдардың жекелеген санаттары үшін жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін айыппұлмен немесе бас бостандығын шектеумен ауыстыру немесе оны қысқарту рәсімін қолдану мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, заң жобасында рақымшылық жасау актісі қолданылмайтын адамдардың аясы белгіленеді.Көзделген мақсат қандай?
Рақымшылық жасаудағы мақсат – түрмедегілердің санын азайту емес. Өйткені, 25 жылдың ішінде түрмеде отырғандардың саны үш есеге азайған. Егемендіктің алғашқы жылдары еліміздің түрмелерінде 105 мың адам отырған болса, қазіргі таңда колониялар мен тергеу оқшаулағыштарында 36 мың адам отыр. Осылайша, тек соңғы төрт жыл ішінде рақымшылықсыз-ақ сотталғандар саны 30 пайызға дейін азайды. Үшіншіден, бұған дейін жасалған 8 рақымшылық әрі кетсе ауырлығы орташа қылмысқа ғана қолданылған болатын.Заң жазаланушылардың қандай санатын қамтиды?
Заң жобасына сәйкес азаматтардың әлеуметтік осал санаттары – кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдерге, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдарға, I, II және III топтағы мүгедектерге, елу жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс жастағы және ол жастан асқан ер адамдарға, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, әскери және интернационалдық борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлеріне, сондай-ақ, күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар болып табылатын әйелдерге қатысты рақымшылық жасалады.Рақымшылық қанша адамға қолданылады?
Мәжіліс мақұлдаған құжатты Сенат мақұлдап, Мемлекет басшысы қол қоятын болса, рақымшылық 28 мың адамды қамтуы мүмкін. 1500 адам колониядан шығады деп болжаған. Бірақ, бұл кесімді жазадан толық құтылады деген сөз емес. 1500-дің 1200-іне басқа жаза қолданылады. Олар пробация құрылғысы арқылы арнайы қызметтің бақылауында болады. Ал қалған 300-і – ұсақ қылмыс жасағандар, әлеуметтік жағынан әлсіз адамдар, балалы әйелдер, жасөспірімдер, 60 жастан асқан ер адамдар. Ал аса ауыр қылмыс жасағандар түрмеден, колониядан шықпайды. Тек, өтелмеген мерзімдерінің бір бөлігі қысқаруы мүмкін. Сол сияқты, қазір барлығын ресми түрде есептеп шығу мүмкін болмағандықтан, мәселен, өндіріске алынған теріс қылықтардың барлығы тоқтатылады деп күтілуде. Соттың қарауындағы істер де тоқтатылады. Сондықтан да рақымшылыққа ілінуі мүмкін адамдар арасында айыппұл шарасына, шартты жазаға кесілгендер, қоғамдық жұмыстарға және басқа да ауыр емес жазаға тартылғандар да қамтылады. Бұл санатта лаңкестік және басқа ауыр қылмыс жасағандар қамтылмайды.Түрме рейтингінде Қазақстанның көрсеткіші қандай?
Бүгінге дейін атқарылған шаралардың арқасында Қазақстан әлемдік түрме рейтингінде ең нашар 50 елдің қатарынан шығып, позициясын 3-тен 62-ші орынға дейін жақсартты. Сондай-ақ, рақымшылық – баяғыдан бар тәжірибе. Тіпті, КСРО тарихында 22 рет болған. 1992 жылдан бері Ресейде – 18, Беларусьте – 14, Украина мен Қырғызстанда жыл сайын деуге болады. Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде рақымшылықты ең аз жасаған ел. Бас-аяғы сегіз мәрте жүзеге асырылған рақымшылықтың соңғысы осыдан бес жыл бұрын болды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»