08 Желтоқсан, 2016

Ақтөбеде алтын өңдеу фабрикасы салынады

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

08-12-16-aktobe

Өңіріміз және тұтастай еліміз үшін ірі жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелер «AltynExCompany» АҚ кен өндіру кәсіпорнының басшылығының облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуі барысында әңгіме өзегіне айналды. Облыста жылына 5 миллион тоннаға дейін алтын құрайтын кенді өңдеп, алтын айырып алушы фабрика салынатын болды. «AltynExCompany» компаниясы Мұғалжар ауданындағы Алтынды поселкесінде «Юбилейное» алтын кені орнын 2015 жылдың қазан айынан игеруде. Кәсіпорын жер асты әдісімен жылына 300 мың тонна кен өндіреді. Кәсіпорынның өңірлік директоры Орман Түзелбаев стратегиялық жоспарларымен бөлісті. «Қазіргі уақытта біз ашық әдіспен аз құрамды алтыны бар кенді игеруге көшуді жоспарлап отырмыз. 2017 жылы алтын айырып алатын фабриканың құрылысын жобалап, құрылысын бастауды қолға алмақпыз. Бұл жоба бізге Доре құймасын шығарумен жұтаң кенді өңдеуге мүмкіндік береді, біз құрылыс кезінде 800 адамды жұмыспен қамтимыз, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 700 адамға дейін жұмыс істейтін болады. Жобаның жалпы құны — 100 миллиард теңге. Нарықтың қолайлы конъюнктурасында геологиялық барлау жұмыстарына 5-7 миллиард теңгеге дейін қаржыны инвестициялау жоспарлануда», – деп облыс әкімін хабардар етті «AltynExCompany» өкілі. Өңір басшысы кәсіпорынның тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша өзіне алған міндеттемелерді орындау барысы туралы сөз қозғады. Қазіргі уақытта Алтынды поселкесінде балалар бақшасы, сондай-ақ жұмысшылар асханасы салынып, жұмыс істеп тұр. Жоба жаңа мамандықтар құруға, қазақстандық кадрларды оқытуға және біліктілігін көтеруге мүмкіндік береді деп күтілуде. 2021 жылы жобалық қуатқа енгеннен кейін бюджетке жыл сайынғы аударылымдар 10 миллиард теңге шамасын құрамақшы. Кәсіпорын басшысы облыс әкімінің бірқатар проблемаларды шешуге ықпал етуін сұрады. Бұл негізінен инфрақұрылымдарды жүргізуге, яғни газ, электр, сумен қамту желілерін жүргізуге, автожол құрылысын салуға қатысты. Бұдан басқа, компания басшылығы құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдықтар шығындарын жабуға инвестициялық субсидия алуға, салық жеңілдіктеріне және құрал-жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелуде кеден салықтары төлемінен босатуға қолдау жасауды сұрады. «Біз өңір үшін маңызды жобаны қолдаймыз, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдар жүргізуге көмектесеміз, бірақ жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қолдау бойынша өздеріңіз қабылдаған барлық міндеттемелеріңізді орындайтын болыңыздар», – деді облыс әкімі кездесу қорытындысында. Сатыбалды СӘУІРБАЙ "Егемен Қазақстан"