08 Желтоқсан, 2016

Ақтөбеде жаңа технопарк ашылды

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

08-12-16-texpark

Жақында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің жанынан «Зерек» технопаркі ашылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, қалада ашылып отырған тұңғыш технопарктің өңір үшін аса маңыздылығын атап өтті Аймақ басшысы әрбір мемлекеттің дамуы жаңа технологияға, инновацияға, ғылымға байланысты екеніне, егеменді елімізде осы кезеңде ғылым мен білімнің қалай дамығанына тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену мақсатын қойып отырғанына, ол үшін шетелдегі озық технологиялар мен инновацияларды өзіміздің өндірісімізге, оқу процесімізге енгізуіміз керектігіне назар аударды. «Ақтөбедегі бес жоғары оқу орнының бүгінге дейін біреуінде де технопарк болған жоқ. Ал бүгінгі ашылып отырған жаңа нысан – жастарды ғылымға бастайды. Бұл технопарк ғылым мен өндірісті байланыстырады. Бұрын өндіріске енгізілмеген жаңалықтар әуелі осы технопаркте қолданып, сараланып, одан кейін өндіріске енгізіледі. Бұған дейін осы университеттің жанынан тестілеу орталығы да салынған болатын. Бүгін, міне, технопарк салтанатты жағдайда ашылып отыр. Бұл осы жоғары оқу орнының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тартуы болмақ. Егер әр мекеме мерекеге осындай тарту жасаса, мемлекетіміз, халқымыз жаман болмайды, – деді ол. Салтанатты жиында университет президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан жаңадан ашылып отырған технопарктің алдағы уақытта ел игілігіне қызмет ететінін жеткізді. Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ технопарктің жұмысымен танысып, арнайы жасақталған зертханалар мен көрмелерді аралап көрді. Технопарк директоры, техника ғылымының кандидаты Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бүгінгі күні «Зерек» технопаркіндегі үш зертханада профессорлар, студенттер мен жас ғалымдар жұмыс істеуде. Ол «Ғылымдар қоры» акционерлік қоғамына төрт бағыт бойынша конкурстық құжаттарын жібергендерін айтты. Егер грант ұтып алса, алдағы уақытта ғылыми жұмыстармен айналысуға мол мүмкіндік болатынын атап өтті. Жаңа ғимарат төрт қабаттан тұрады. Онда кітапхана қоры мен мұрағат, ғылыми кітапхана, зертханалар, акт залы және жұмыс бөлмелері бар. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,«Егемен Қазақстан».