08 Желтоқсан, 2016

Ақтөбеде «Оркестрлер шеруі» фестивалі өтті

384 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

08-12-16-aktobe-2

Ғ.Жұбанова атындағы филармонияда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Оркестрлер шеруі» фестивалін өткізді. Фестивальге 7 оркестр қатысты, оның ішінде Қарағанды облысы Балқаш қаласынан келген «Орфей» флейташылар ансамблінен басқасы өз өңірімізден. Фестивальдің мақсаты үрлемелі және ұрмалы аспаптарда орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, үрлемелі аспаптар ансамбльдері мен оркестрлерінің шығармашылығын насихаттау болып табылады. Ансамбльдер арасында  Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан келген «Орфей» ансамблі (көркемдік жетекшісі Светлана Шохатаева) І орынға ие болды. Ұжымдар арасында Қ.Медетов атындағы музыка мектебінің үлгілі эстрадалық-симфониялық балалар оркестрі (көркемдік жетекшісі А.Яблуновский) І орынды жеңіп алды. Екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының әскери оркестрі, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің үрлемелі аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі Бектұрған Дүйсенбаев) фестиваль жеңімпаздары атанды. Арнаулы оқу орындары арасында А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің «Bestau band» ансамблі (көркемдік жетекшісі Қуаныш Дүйсенбаев), сол оқу ордасының тағы бір ансамблі «Bress-Quartet» (көркемдік жетекшісі Мақсат Қарабасов) ІІ орынды еншіледі. Қатысқан оркестрлердің бәрі де жүлдеден құр қалған жоқ. Фестивальдің  соңы ақтөбеліктер үшін орны бөлек  эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің 35 жылдық мерейтойына ұласты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «ЕгеменҚазақстан»