08 Желтоқсан, 2016

Бес бұрау неге кеміді?

1770 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазақтың қоңыр домбырасының шанағынан төгілген күй қашанда тыңдаған адамның жанын баурайды, жүрегін тебірентеді. Халқымыздың рухани қазынасына айналған құдіретті күй өнерінің жауһарлары ғасырдан ғасырға жалғаса беретін ұлттық құндылығымыздың бірегейі екені анық. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, домбыра ерлік пен елдіктің үнін жеткізуші, қазақтың ұлттық намысы, дүйім жұртты рухани байлыққа кенелтіп келе жатқан музыкалық аспап екендігі мәлім. Академик Ахмет Жұбанов өткен ғасырдың отызыншы жылдары домбыраға жаңа үрдіс берді. Тоғыз, он екі, он төрт пернелі домбыраны он тоғыз пернелі етіп, домбыраның екі ішегінің бұрауын ноталық тонға (үстіңгі ішегін ре, астыңғы ішегін соль нотасына түсірді) келтіріп, оркестрге негізгі топ етіп енгізді. 1934 жылы тұңғыш рет қазақ халық аспаптар оркестрін құрған кезден бастап А. Жұбановтың салған сара жолы бүгінгі таңға дейін жалғасып келеді. Еске сала кетейік, Қазақ елінде нота сауаты ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастау алды. Осы кезең ауыздан-ауызға, қолдан-қолға жеткен күйшілік өнердің зерттеле бастаған уақыты еді. Этнограф, музыка зерттеушісі, композитор А.Затаевич, А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович сияқты кәсіби музыканттар қазақтың ән-күйлерінің хатқа түсуіне баға жетпес еңбек сіңірді. Қазақ музыкасының хатталу жұмыстары қарқынды жасалды. Ал домбыраны нота бойынша үйренудегі алғашқы жарық көрген еңбек Л.Хамиди мен Б.Ғизатовтың «Домбыра үйрену мектебі» атты оқулығы болатын. Кейін домбыра үйренудің әдістемесін жасауға, орындаушылық ерекшеліктерін айқындауға және домбыраға арналған жаңа туындылардың қорын көбейтуге атсалысқан Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитов, Мәлгаждар Әубәкіров, Тымат Мерғалиев, Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайымов, Айтжан Тоқтаған, Кәрима Сахарбаева, Орынбай Дүйсен, Біләл Ысқақов, консерваторияның және басқа да профессорлары мен оқытушыларын атауға болады. Х.Тастановтың «Алғашқы домбыра үйрену мектебі», «Домбырадан сабақ беру методикасы», сонымен қатар А.Жайымов, С.Бүркітов, Б.Ысқақовтың «Домбыра үйрену мектебі» және т.б. еңбектері жарық көріп, домбыраны үйрету, оқыту үлгісі дами түсті. Бүгінгі әңгімемізде біз сол төл музыкалық аспабымыздың түрлері мен бұраулары туралы ойларымызды ортаға салмақпыз. Жалпы, көптеген музыка мамандары мен ғалымдар халық күйлері мен халық композиторларының бізге жеткен күйлерінің саны 7000-ға жуық екендігін айтады. Кеше ғана шыққан «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» аудио таспалары – соның дәлелі. Біріне бірі ұқсамайтын күйлерді естігенде, екі ішектен әуелеген әуендердің байлығына таңдай қағып, тамсана түсесің! Оның үстіне, күйшілердің домбыраны әртүрлі бұрауда тартуы және домбыра пішінінің әртүрлі болып келуі осыншама көптеген күйлердің шығуына септігін тигізді ме екен деген де ойға қаласың. Себебі, домбыра пошымының әртүрлілігі, біріншіден, дыбыстың шығуына әсер етсе, екіншіден, аспапта орындау үлгісінде де аздаған өзгерістерге түседі. Жан-жақты қарастыра келгенде, қазақта домбыраның 20-дан астам түрі болған екен. Соның ішінде ертеректе қолданыста «тұмар домбыра», «торсық домбыра», «шіңкілдек домбыра» (бүлдіршіндерге арналған), «әмбебап домбыра», «үш ішекті домбыра» және тағы басқа да түрлері болған. Қазіргі таңда күнделікті тұтыныстағы домбыраның көне атауы – «қозы құйрық домбыра», ол әсіресе, Батыс Қазақстан өңірінде кең тараған. Бауырға бассаң, жақсы орнығады, әрі екпіндетіп күй орындауға да ыңғайлы болып келеді. Ал асқақтала орындалатын Арқа әндері табиғатына қарай «қалақ домбыра» немесе «торсық домбыра» Арқа, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірлерінде көп тараған. Аталмыш домбырада осы күнге дейін әнімізді шырқап, күйімізді күмбірлетіп жүрміз. Қазақ күйлерінің әр өңірдегі өзіндік музыкалық тілі, орындалу ерекшелігі мен композициялық құрылысының өзгешелігіне байланысты әртүрлі болып келеді. Бір жолы Маңғыстау өңіріне гастрольдік сапармен бара жатқанымызда композитор, танымал дирижер, профессор Айтқали Жайымовтың күйлердің мінезі бір өңірде жаймашуақ, жадыраңқы болып келсе, ал енді бірінде дауылпаз, жауынгерлік рухқа ие екенін ескерткені бар еді. Сол айтпақшы, шынымен де табиғи ортаның ерекшелігі күйшілік өнерге әсер етпей қоймайды. Арқа, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірлерінің әдемі табиғаты домбыраны баппен шертіп, әндете тартуға ыңғайлы болып тұратыны сөзсіз. Батыс Қазақстан, Маңғыстау өңірінің күйлері жігерлі, екпінді қалыпта тартылу сыры, біріншіден, табиғи ортаның, екіншіден, сол өңірде орныққан ру-тайпалардың салт-дәстүрі мен болмыс-бітімінің өзіндік әсерінен екені анық. Оның үстіне домбыралардың пішіні әрқилы жасалуы орындау тәсілдерінің өзгеше болуына да ықпал ететіні хақ. Батыс Қазақстан өңірінде қара қағыс, ілме, орама қағыстармен күй тарту дәстүрі қалыптасқан. Көбінесе «ақжелең» жанрында күй тартылады. Ал Арқа, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірлерінде шертпе қағыс, кейде қара қағысты араластыра тарту көбірек кездеседі. Бұл өңірлерде «Қосбасар» жанрында күй тарту мақамы сақталған. Айталық, ақжелең – жеңіл, ойнақы, жайдарман қалыпта, қара, ілме, орама қағыспен орындалатын күйлер қатары, ал қосбасар – көбінесе мұңды, ойлы, зарлы, шерлі болып келетін, сүрме қағыспен, яғни, шертіп орындалатын күйлер қатары. Кейінгі уақытта мұны ғалымдар «төкпе» және «шертпе» күйлер деп атап жүр. Қазіргі таңда «төкпе» күйлер мен «шертпе» күйлердің орындалу үрдісі екі түрлі мектепке айналғаны белгілі. Осы негізде әртүрлі тақырыптағы күйлер қатары қазақ даласында өмірге келіп, ары қарай жалғасын табуда. Халық құндылығына айналған күй өнерінің мол мұрасы – рухани байлығымыз. Енді болашақта домбырамыздың алуан түрлі мүмкіндіктерін пайдаланатын және әртүрлі бұраудағы күйлерді де тыңдайтын кез келеді. Ал домбыраның қазіргі құлақ бұрауларына келсек, жалпы қазақ халқының күйшілік тарихында бес бұрау қолданыста болғаны мәлім. Олар – «тел бұрау», «шалыс бұрау», «қалыс бұрау», «оң бұрау» және «теріс бұрау» деп аталады. Осылардың, өкінішке қарай, бүгінде тек екі бұрауы ғана пайдаланылып, ал қалған үшеуі назардан тыс қалып бара жатыр. Бұл қазіргі күйшілердің бәрінің жанайқайы. Мәселен, осы күні ән-күйлеріміздің 80-90 пайызы «оң бұрауда» орындалып жүр. Қазақстандағы барлық оркестрлер мен ансамбльдердің домбыра тобы осы бұрауға келтіріледі. Ал «теріс бұрауда» оркестрде бірен-саран ғана күйлер орындалады. Себебі, оң бұрауда тұрған домбыраны теріс бұрауға келтірген кезде, құлақ күйі келмей қалатын сәттер жиі кездеседі, соған орай теріс бұраудағы күйлер оркестрде көп орындала бермейді. «Теріс бұраудағы» күйлер көбінесе жеке домбырада орындалып жүр. Батыс Қазақстан өңірінде «теріс бұрауда» санаулы-ақ күйлер бар. Мысалға Құрманғазының «Кедей зары», Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйін атауға болады. Ал керісінше, Арқа, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірлерінде «теріс бұраудағы» күйлер қатары көбірек тартылған. Мысалы, бұл ретте Тәттімбеттің «Бес төре», «Азамат қожа», «Алшағыр», «Бозайғыр», т.б., Байжігіттің «Ағаш ат», «Көкбалақ», т.б. күйлерін атау лазым. Ал халық күйлерінде сан жоқ, өте көп деп айтуға болады. Қысқасы «теріс бұраудағы» күйлер қатары аталмыш өңірлерде аса көп дамыған, әсіресе, оларда халық күйлері жеткілікті. Ал «шалыс бұрау» жайлы айтқанда, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры, белгілі ғалым Т. Мерғалиев өз еңбегінде аталмыш бұраудағы бірнеше күйді «Домбыра сазы» атты еңбегінде көрсетті. Кейін профессор А.Тоқтаған «Күй керуен» және «Күй – қастерлі әуез» атты кітаптарында «шалыс бұрауда» орындалатын Асан Қайғының «Желмая» (Т.Мерғалевтың нотаға түсіруімен), Байсеркенің «Қарлығаш» және Жалдыбайдың «Камаринская» күйлерін жариялады. Назар аударар болсақ, Асанқайғы – Орталық Қазақстан, Байсерке Қылышұлы – Жетісу өңірінің күйшісі, ал Жалдыбай – Сыр өңірінің өкілі. Міне, осыдан-ақ аталған бұраулардың бүкіл қазақ өңірінде болғандығын көреміз. Ал «тел бұрауда» күйлердің бар екендігін музыка мамандары жиі айтады, бірақ ешқандай кітап бетіне жарияланғанын кездестіре алмадық. Өткен жылы Түркия қазақтарының күйлерін зерттеу мақсатында Ыстанбұл қаласына барғанымда, «тел бұрауда» орындалған халықтың «Қос келіншек» күйін алғаш рет таспадан тыңдадым. Оны түркиялық бауырларымыз ертеректе Сармолла деген күйшінің орындауында жазып алған екен. Кейін сол күйді мен нотаға түсірдім. Ол Ыстанбұлда шыққан «Түркия қазақтарының ән-күйлері» атты кітапқа енді (Кітапта Алтай-Тарбағатай жерінен үдере көшкен қазақтардың Түркия жеріне көш басын қалай тірегендігі туралы қысқаша тарихын жазған – Мирмар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, ал күйлердің нотасын және аннотациясын жазған – осы жолдардың авторы Н.Бекенов). Келесі бұрауымыз «қалыс бұрау» деп аталады. Ертеде бұл бұрауда күй орындалғаны анық, алайда, өкінішке қарай, осы күнге дейін «қалыс бұрауда» бізге жеткен күйлер кездеспеді. Осы бұрауларды зерттей келе, өзім азын-аулақ күй шығарумен айналысатын болғандықтан, «қалыс бұрауда» бір күй шығардым. «Сағыныш» деп аталады. Өнер сүйер қауым мұны өте жылы қабыл алды. Көне бұраулардың бар екендігі туралы ауызба-ауыз айтылып, түрлі бұраулар болғаны кітапта жазылып та жатады. Бірақ, соған қарамастан, дамып, өріс алып, күйлер қатары көбейіп жатқан жоқ. Ол түгілі осы бұраулар жайлы толыққанды түсініктемелер де жазылмаған екен. Сол себепті өз тарапымнан бір пайдалы шаруа жасауға бел буып, осы бұрауларды жандандыру мақсатында Астана мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашылар тобынан «Ақжанбек-арыс» атты домбырашылар ансамблін құрдым. Алғаш рет «Нағыз қазақ домбыра» атты филармония оркестрінің кезекті концертінде осы ансамбль Шотайбайдың «Шыңырау» («теріс бұрауда») күйін орындап, халықтың назарына ілікті. Содан кейін бірнеше мектептерде осы ансамбль өнер көрсетті. Ансамбльдің ерекшелігі әртүрлі домбыраларды бір арнаға үндестіре білуінде дер едім. Соның ішіндегі ең басты ерекшелігі – «тұмар домбыра», «шіңкілдек домбыра», «қалақ домбыра», «үш ішекті домбыра», «қозы құйрық домбыра» сынды төл аспаптармен көне бұрауда күйлер тартылды. Осы күнге дейін ұмыт болған бұраудың үні тыңдарман үшін үлкен әсер қалдырды. Өкінішке қарай, қолдау болмағандықтан бұл бастама кейін уақытша тоқтап қалды. Осы бұраулардың ішінде «тел бұрау», «шалыс бұрау», «қалыс бұрау» көне бұраулар болып есептеледі. Бұл бұраулар дамымай қалғандықтан, бірен-саран күйлер ғана қалған. Дамымайтын себебі бар, өйткені осы бұрауларда белгілі бір тональдықта ғана күй тартылады. Бірақ қазақ күйлерінің көбі теріс бұрауда орындалады. Сол теріс бұраудағы күйлер де көбінесе екі тональдықта ғана тартылады (C dur, c moll). Мұнымен не айтқалы отырмыз? Аталмыш көне бұрауларды барынша халыққа насихаттайық, сақтап қалайық, ұлттық құндылығымыздан айдың, күннің аманында айрылып қалмайық дегім келеді. Сонда ғана репертуар қоры тың жауһарлармен жарқырап көбейе түсері анық. Тағы бір айта кететін жайт, алдағы уақытта осы бұраулар туралы арнайы оқулық жазуды жоспарлап отырмын. Халқымыздың бес саусақтай «бес бұрауы» түгенделсе, күйі де көшін түзеп, үнге үлгілі үн қосылып, күйшілік өнердің өрісі мен тынысы барынша ашыла түсетіні анық. Домбыра бұрауына қатысты осы жанайқайымызға барша жәмиғат жапа тармағай құлақ түріп, өнер көгі әлі-ақ бұлыңғыр бұлттан айығып, аспан асты айшуақ нұрға бөленеріне сенемін. Нұрлан БЕКЕНОВ, мәдениет қайраткері, күйші, композитор
Соңғы жаңалықтар